МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ

Өзіңнен басталған үміт, арман, – деп  өлең жолдарында айтылғандай, ұстаз алдынан тәлім алып, өмірдің ұлы көшіне ілескен әрбір шәкірттің осынау ұлағат иесінің алдында құрметі бөлек.
Ұстаздар мерекесіне орай қала орталы¬ғындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Ұстаз – Ұлылардың ұлысы» атты салтанатты жиын болып өтті. Салтанатта облыс әкімі Қ.Көшербаев сөз сөйлеп, аймақ көлемінде білім сапасын көтеруде абыройлы еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына ізгі тілегін арнап, ықылас гүлін ұсынды.
Аймақ басшысы өңір бюджетінің негізгі бөлігі білім саласына бағытталатынын айта келіп, нәтижесінде аймақта үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тауып отырғанын атап өтті. Ал білім сапасы еліміз бойынша алдыңғы бестіктің қатарына енді. Бүгінгі таңда білім саласында 20 409 мұғалім еңбек ететін болса, олардың 92 пайызы жоғары білімді. Осының айғағы, 400-ге жуық аймақ түлектері Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, биыл мұнда 62 бала оқуға түсті. Сондай-ақ, облыс әкімінің грантымен 162 бала жоғары оқу орнына түсіп, 20 бала резидентурада оқуға мүмкіндік алды.
Мерекелік жиында мәртебелі мамандық иелеріне ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыс әкімінің марапаттары табыс етіліп, құрметке кенелді.  

Ғазиза ӘБІЛДА,
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).
Білім 03 қазан 2017 г. 996 0