ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

 Қазіргі білім беру саласы оң өзгерістер мен нәтижелі жұмыстарға бағытталғаны баршаға белгілі. Еліміз әлемдік даму деңгейінен қалыспау үшін Қазақстандық білім беру жүйесі жаңа реформалармен өзгертілуде.   Елбасының бастамасымен еліміздің өркендеуі үшін халқымыз өзінің білім деңгейін, ой-өрісін, күш- қайратын ғалам деңгейінде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды игере отырып дамытып келеді. Соның бір айғағы – жаңартылған білім беру бағдарламасының қолға алынуы. Бұл бағдарлама заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама екені оның маңыздылығынан-ақ көрінеді. Маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және тиімді оқыту әдіс-тәсілдерін игеру ісінен айқындалады.
Осы жұмыстарды меңгеру барысында Ж.Әбдірашев атындағы  №62 мектеп-лицейінде де біраз жұмыстар жүргізіліп, қазіргі таңда оң өзгерістерін беріп жатыр. Мектеп-лицей мұғалімдері кезең-кезең бойынша өз білімдерін кәсіби жетілдіріп, жаңаша білім беру мазмұнымен танысып, өткен оқу жылында тәжірибеде қолдана бастады. Сонымен бірге, білім саласындағы оң өзгерістердің бірі – үш тілде білім беру жүйесінің қалыптаса бастауы. Бұл орайда мектеп-лицейіміздегі пән мұғалімдері заман талабына сай бейімделіп, үш тілде дәріс беруді іске асыра білді. Соның бір көрінісі түрік елінің азаматы Оғуз Бозкая математика пәнінен ағылшын тілінде сабақ береді. Болашақта бұл бастама жалғасын табады.
Білім саласындағы оң өзгерістердің жаңаша білім берудегі мақсаты шәкірттеріміздің әлемдік білім бәсе¬келестігіне шығуына мүмкіндік береді.
Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша жұмыстың біздің мектеп-лицейіміздегі нәтижесі көз қуантарлық. Биылғы оқу жылында мектеп бітіруші түлектер 2 форматта сынақ тапсырды.
Орташа ұпайы 90,3 балдық көрсеткіш болды. Мектеп бітіруші түлектердің ішінен 3 «Алтын белгі» иегері ақталып шығып, сол үшеуі де Қазақстанның маңдайалды оқу ордаларының білім гранттарын жеңіп алды. Соңғы үш жылда  мектеп-лицейімізден 8 «Алтын белгі» иегері шығып отыр. Сондықтан бұл бағдарлама болашақтағы жетістіктердің бастамасы болады деп ойлаймын.

Санира ЖАННАЗАРОВА,
Ж.Әбдірашев атындағы
№62 мектеп-лицейінің директоры.
Білім 19 тамыз 2017 г. 763 0