САПАЛЫ БІЛІМ АЛУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаевпен баспасөз-конференциясы өтті. Басқарма басшысы өткен оқу жылының қорытындысына шолу жасап, жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады.
2017-2018 оқу жылында жалпы білім беретін орта мектептегі оқушылар саны 6 мыңға көбейіп, 149 мың бала білім алатын болады.Оның ішінде, 1 сыныпқа баратындар –18 911бала.
Аймақта апатты мектеп пен үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Соның айғағы, өткен жылы заман талабына сай 12 мектеп ғимараты пайдалануға берілді.  Сондай-ақ, 281 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына даярланды. Жаңартылған білім бағдарламасына сәйкес 2,5,7 сыныптарында оқитын 46 345 оқушыны жаңа оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен, 1-ші сынып оқушысы үшін жұмыс дәптерімен қамтамасыз етілетін болады.
Аймақта 791 (542 балабақша, 249 шағын орталық) мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, онда 52899 бала  тәрбиеленуде. Ал өткен оқу жылына шолу жасайтын болсақ, жалпы орта білім беретін 293 мектепте 141 943 бала оқып, білім алды. Олардың қатарында мектеп бітірген 6 412 түлектің 4188-і  ҰБТ сынағына қатысып, 800 бала 100-ден жоғары балл жинады.  Орташа балл 82,4 пайызды құрап, білім көрсеткіші рес¬публика көлемінде алғашқы бестіктің құрамынан табылды. Ал, 397 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Оқу жылының қорытындысымен – 1997 бала мемлекеттік білім грантын иеленді. Бұл мектеп бітірушілердің 48,4 пайызын құрайды. Сонымен бірге, жылдағы дәстүр бойынша биыл облыс әкімінің 162 гранты бөлінді. Оның аясында Мәскеу, Санкт-Петербургтегі іргелі жоғары оқу орындарына 62 бала оқуға түсті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Аталған жоба аясында республикалық бюджеттен кәсіптік білім беруге 1515 орын, қысқа курстар бойынша 1335 орын мемлекеттік тапсырыс бөлінген. Айталық, ҰБТ сынағына қатыспаған 2240 баланың осы жоба бойынша кәсіптік білім алуына толық мүмкіндігі бар. Айталық, өткен оқу жылында мектеп бітірушілердің  95 пайызы жоғары және арнаулы оқу орындарына түскен болса, биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу бағытында тиісті жұмыстар ұйымдастырылды.
Педагогикалық кадрлар саны – 20409, оның 18 777-і жоғары білімді.  Жалпы жоғары және бірінші санатты мұғалім саны 9131 болып, 46,3 пайызды құрап отыр. 2017 жылы біліктілік арттыру курстарынан жобамен 6812 педагог қызметкерлерді оқыту жоспарланған болса, бүгінге дейін  5099 педагог біліктілігін арттырды.
2016-2017 оқу жылында жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыру бойынша 46 инновациялық мектеп жұмыс жасайтын. Бүгінгі күні Назарбаев зияткерлік мектебі және олардың базалық мектептері тәжірибесінің  негізінде 2016-2017 оқу жылынан бастап, инновациялық білім беру ұйымдарындағы 5-11 сыныптар аралығында (лицей, гимназия сыныптарында) ағылшын тілі пәні аптасына 5 күн оқытылады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында бюджеттен тыс қаржы көздерінен облыс бойынша 520 балаға көмек көрсетілді.

Ғазиза ӘБІЛДА.
Білім 19 тамыз 2017 г. 997 0