Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің жаһандық даму көшіне ілесу үшін бүгінгі таңда білімнің салтанат құруы қажеттігі баса айтылған. Осы орайда жаңа оқу жылының қарсаңында аймақтағы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі биыл «Қазақстанның жаңғыруы – білімнің үлесі» тақырыбында өткелі отыр.
Ал тамыз кеңесінің бағдарламасы аясындағы іс-шаралар өз деңгейінде басталып кетті. Айталық, күні кеше, 15-16 тамыз күндері өңірлік пән мұғалімдеріне арналған секциялық отырыстар болып өтті. Онда білім беру ісінің өзекті мәселелері талқыланып, жаңартылған білім беру мазмұнының талаптарына сәйкес пән мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетілді.
Секция жұмыстарын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының мамандары, Назарбаев зияткерлік мектептері, Қызылорда қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы және облыстық оқу орталығының мамандары жүргізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Аталған шараға аудан және қала орталығындағы мектептерден 1500-ге жуық мұғалімдер қатысып, кәсіби тұрғыдан кең ауқымды мағлұматтар алды. Атап айтқанда, секция жұмысында пәндерді оқытудың жаңа әдістері мен критериалды бағалау жүйесі бойынша толық ақпарат беріліп, оқушылардың тәжірибелік, ғылыми, шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырма үлгілері таныстырылды. Сонымен бірге, жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жағдайында мұғалімдерді дайындау жұмыстары сараланып, мұғалімдерге арналған жүйелі-әдістемелік кешен жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Шара барысында облыс ұстаздары пәндер бойынша панорамалық сабақтар көріп, осы бағытта өз мүмкіндіктерін сынға салды. Нәтижсінде, жоғары деңгейде сабақ көрсеткен ұстаздарға облыстық оқу орталығының сертификаты табысталды.
Ғазиза ӘБІЛДА.