«СЫР ДАРЫНЫ» ДАРЫНДЫЛАРДЫ ДӘРІПТЕЙДІ

Өткен аптада облыс әкімі Қ.Көшербаев 2016-2017 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба жеңімпаздарын қабылдады. Қабылдауда аймақ басшысы өмірдің ұлы көшіне бет түзеген жас ұрпақтың болашағына зор сенім артатынын атап өтті. Оларды заман талабына сай ғылым мен техниканың жаңа мүмкіндіктерін еркін пайдаланып, ел игілігіне еңбек етуге шақырды.

-Менің жұмыс жоспарымда барлық саланың өз орны бар. Дегенмен, білім саласы жаныма ерекше жақын. Өйткені қай кезеңде де білімдінің алар асуы биік. Оның үстіне бүгінде ақпараттық технология қарыштап дамып барады. Айталық, таңертең көрген жаңалығың кешке дейін өзгеріп кетуі ғажап емес. Сондықтан біз уақыт көшінен қалыс қалмауға тиіспіз. 

Елбасымыз өзінің «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында  ХХІ ғасырда білімнің салтанат құруы тиіс екенін атап көрсетті. Бұл бағытта облыста 44 мектепті халықаралық стандарттарға сай білім беру деңгейіне жеткізіп, Н.Назарбаев зияткерлік мектептерімен теңестіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр,-дейді облыс әкімі.

Иә, расында аймақ басшысы білім саласына ерекше назар аударып, бұл бағыттағы өзекті мәселелердің дер кезінде шешімін табуына, жас ұрпақтың заман талабына сай сапалы білім алуына барынша көңіл бөліп келеді. Айталық, өңірімізде бірінші кезекте балабақша мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Сонымен бірге, орта білім алған оқушылардың одан әрі жоғары немесе арнаулы білім алуына барынша  жағдай жасалған. Соның нәтижесінде, өткен жылы  мектеп бітіруші түлектердің  95 пайызы жоғары және арнаулы оқу орындарына түскен.

 Ал соңғы үш жылда 400-ге жуық мектеп бітіруші түлектер Ресей Федерациясындағы таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ биылғы жылы алғаш рет 155 талапкер М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ университетінің байқау сынақтарына қатысты. «Серпін» бағдарламасымен 1254 түлек түрлі мамандыққа даярланып жатса, ауылдық жерде тұратын әлеуметтік қолдауды қажет ететін 500 оқушы облыс әкімінің грантын иеленген.

Кездесуде облыс әкімі оқушыларды ашық сұхбатқа шақырып, өздерін толғандырып жүрген сауалдары бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді.

 Алғашқы болып №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім - инновация» лицей-интернатының оқушысы, компьютерлік жобалар бойынша халықаралық жарыстар жеңімпазы Әділетәлі Қалдыбек сауал қойды.

-Дәл осы кезде Сіз 11 сынып оқушысы болсаңыз, қай мамандықы таңдар едіңіз,-дейді ол.

-Менің негізгі мамандығым – құрылыс инженері. Өздеріңіз жақсы білесіздер, құрылыс саласы өмір талабынан ешқашан қалыс қалған емес. Қайта уақыт өткен сайын бұл салаға сұраныс артып, ерекше сәнді, сәулетті жобалар бой түзеп келеді. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы жөнінен біздің аймағымыз Астана қаласынан кейін екінші орында тұр. Айталық, өткен жылы 80 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Мұның өзі – менің өз мамандығыма деген сүйіспеншілігімнің көрінісі,- деді облыс әкімі.

 Қаладағы үш тілде оқытатын  «Мұрагер» мектебінің оқушысы, «Молодой ученый» халықаралық ғылыми конкурсының жеңімпазы Жансая Әбдіғани бүгінгі таңда мамандардың индустриялық-инновациялық бағытты игеруде қаншалықты үлесі бар екенін сұрады. Аймақ басшысы бұл бағытта болашақта қажетті мамандықтардың тізімі  айқындалып, нарықтың сұранысына сай мамандар даярлауға басымдық беріліп отырғанын айтты.

 Ал №3 мектеп-лицейдің оқушысы, Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жеңімпазы АлмасАппазов шараға қатысушы талантты оқушылар атынан аймақ басшысының қабылдауына алғыс айтып, өздеріне артылған сенімді ақтауға уәде берді.

Шара соңында кездесуге қатысқан 48 оқушыға облыс әкімінің «Алғыс хаты», сонымен бірге, алғаш рет  енгізіліп отырған «Сыр дарыны» медалі және елімізде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» - халықаралық мамандандырылған көрмесіне жолдамалар табыс етілді.

                                                                                        

   Ғазиза ӘБІЛДА.

Білім 27 шілде 2017 г. 1 263 0