ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР

ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІРКеше Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев аудан жұртшылығы алдында жылдық есебін берді. Есепті кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, бірқатар облыстық басқарма басшылары қатысты. 
Аудан әкімі Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту қарсаңында тұрғандығын еске сала отырып,  Елбасы Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде халыққа Үндеуі туралы айтты. «Бұл Үндеудің басты мазмұны – Мемлекет басшысының бірқатар өкілеттіктерін Үкімет пен Парламентке беру. Аталған маңызды мәселелерді зерттеу үшін осыдан екі апта бұрын арнайы жұмыс тобы құрылды. Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады,  – деген аудан әкімі өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстарды тарқатып айтты. 
– Елді мекендердің гүлденіп, тұрғындарының әлеуметтік жағдайы оңалуына біз бәріміз жауаптымыз. Алда жаңа бетбұрыстар күтіп тұр. Оған тың көзқараспен қарап, жаңа серпінмен жұмыс жасағанда нәтижеге жете аламыз. Ауданға басшылыққа келген уақыттан бері аудан көлеміндегі  барлық елді мекендердің даму әлеуетіне талдау жасап көрдім. Бәріне ортақ мәселе – ауыз су, аяқ су, жол, электр энергиясы сынды инфрақұрылымдарды жетілдіру мәселелері. Демек, осы бағыттағы мақсатты жұмыстарды шешуге күшіміз бен қабілетімізді арнаймыз, – деді ол. 
Осыдан соң аудан әкімі өткен жылы әлеуметтік салаға  бюджеттен мол қаржы бөлінгенін, бірнеше ауданның елді мекендерінде әлеуметтік нысандардың ел игілігіне берілгендігін жеткізді. Мәселен, Түгіскенде дәрігерлік амбулаторияның құрылысын аяқтауға республикалық бюджеттен 57 млн 906 мың теңге қаржы қаралып, ол мамыр айында қолданысқа берілді. Бұған қоса, Сунақата, Сүттіқұдық ауылдарында да осындай емдеу орындары жұртшылыққа қызмет жасай бастады. Ал тұрғындарды көптен алаңдатып келген Жаңақорған кентіндегі емхананың құрылысына республикалық бюджеттен 877 млн 501 мың теңге,  ал облыстық бюджеттен 158 млн 325 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. 
Ғ.Әміреевтің айтуынша, осы жылы ауданда тағы да 6 жаңа мектеп салынады. Сонымен қатар, кент іргесінде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы былтыр басталды. Ауылшаруашылық техникаларының базасын жаңарту бағытындағы жұмыстар да ел көңілінен шықты. 
Есеп беру жиынында шығып сөйлеушілер де, ұсыныс-пікір айтушылар да аз болмады. Мәселен, Келінтөбе ауылындағы «Агротехнология» ғылыми-зерттеу қожалығының төрағасы Керімхан Егізбаевты егістік жерлерді агротехнологияға сай өңдеу мәселесі алаңдатады екен. «Соңғы 25-30 жыл көлемінде жер тегістеу жұмыстары қолға алынған емес, – деді ол. Сонымен бірге, ол «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде өзге мамандармен бірге ауыл шаруашылығы мамандарын елді мекендерге көптеп тарту қажеттігін жеткізді. Ал аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әлібек Сүгірбаевты 3 мәселе толғандырады. Жаңақорған кентін суландыру барысында 15 жыл көлемінде 3 сатылы жұмыстар жүргізілсе де, әлі күнге таза ауыз су мұнда жетпей отыр. Аудан орталығындағы көлік қозғалысын реттеу үшін тесік көпір маңындағы екінші көшеге тас төсеу қажет. Бұл үшін бюджет қаржысын шығындамай-ақ, ауыл тұрғындарын жұмылдырса да жеткілікті көрінеді. Ардагерлер кеңестеріне кәсіпкерлер тарапынан көмек көрсету мәселесін де қозғады ол. 
Тасболат Төребеков – Жаңақорған кентінің тұрғыны. Оны аудан орталығындағы жолаушыларды тасымалдау мәселесі алаңдатса, аудандық мәслихат депутаты Серік Абдуллаев орталық стадионды жөндеу мен жаяу жүргіншілер соқпағын салу керектігін ортаға салды. Басқа да шығып сөйлеушілер көпке ортақ мәселелерді қозғады. Ұсыныс-пікірлер мен сауалдарға аудан басшысы тұшымды жауап берді.
Жиынды облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қорытты. 

 Нұрмахан ЕЛТАЙ. 

БИЛІК 04 ақпан 2017 г. 1 074 0