Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың есепті кездесуіне ел көп жиналды. Мұхтар Әуесұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттерге кең тұрғыда тоқталып өтті.
Ауданға 2016 жылы 5,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуға қол жеткізілген. Көңіл көншітетін жайт. Сондай-ақ уақытша қиындықтарға қарамастан кәсіпорындарда өнім өндіру көлемі азаймапты. Нақты дерекке жүгінелікші. Өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындары 7,2 млрд теңгенің өнімдерін өндіріп, салыстырмалы уақытта нақты көлем индексі 101 пайызды құраған екен. Оның ішінде кен өндіру мен өңдеу өнеркәсібі біршама пайызға өсті.
Ал, индустрияландырудың екінші кезеңі бойынша үш жоба іске қосылған. Өткен жылы теңіз төскейіне Үкімет басшысы ресми іссапармен келген тұста «Аралтұз» кәсіпорны жанынан ашылған заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орнын көрген болатын. Оған қоса, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның «Күйдірілген кірпіш өндірісі» және «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру цехын салу» жобасы іске қосылғанын атап өту ләзім. Осы нысандарда көптеген тұрғын еңбек етіп, ризығын табуда. Мұнан өзге республикалық Индустрияландыру картасына енген «Арал Сода» ЖШС-ның «Кальцийлендірілген сода өндіру» жобасы жүйелі түрде жүруде. Яғни, шыны өндірісіне қажетті маңызды компоненттердің бірі болмақшы. Бұл тек аудан үшін ғана емес тұтас аймаққа маңызы зор тағы бір ірі кәсіпорын бой көтереді деген сөз.
«Аудан экономикасының тұрақтылығын күшейтуге бағытталған құрылымдық өзгерістердің бір тірегі-шағын және орта кәсіпкерлік екені даусыз» деген аудан әкімі осы бағыттағы тірліктерді ортаға салды.
«Бизнестің жол картасы-2020» аясында өткен жылы бағдарламаның пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бағытымен «Камбала-Балық» ЖШС «Балық өнімдерін өңдеу және консервілеу» және «Арал құрылысы» ЖШС «Сауда кешенінің құрылысын салу» жобасын іске асырса, гранттық қаржыландыру бағыты бойынша екі жоба қайтарымсыз грантты иеленіпті. Тағы бір жағымды жаңалық. Аудан аумағынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында жеке кәсіпкерлердің «В» және «С» санатты сервистік қызмет көрсету нысандары салынып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар тағы бір нысан ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осындай нақты қадамдардың, кәсіпкерлікті қолдау шаралары нәтижесінде алдыңғы жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны біршама ұлғайған. «Ауданның басты тіршілік көзі – мал шаруашылығы саласында өсім көрсеткішінің жоғарылығы көңілге қуаныш ұялатады» деген М.Оразбаев аграрлық саланың барлық бағытында өсім барын жеткізді. Агрокешендегі жалпы өнім көлемі 2015 жылмен салыстырғанда, үш пайызға артуы сөзіміздің дәлелі. Жыл көлемінде асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту және сапасын арттыру төңірегінде бірқатар шаруашылық қомақты субсидияға қол жеткізді. Ауданда мал басын өсірумен қатар асылдандыруға да баса мән берілуде.
Нақты кезеңде өңірдегі 8 шаруашылық асылтұқымды мал өсірумен айналысады. Бұл тұрғыда «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының игілігін көріп отырған шаруашылықтар аз емес. Дала перзенттері осылайша мемлекетіміздің кәсіпкерлікті жандандыруға деген жанашырлығын бек түйсіуде. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда. Мысалы, Октябрь ауылдық округінің бірнеше шаруа қожалығынан құралған «Шижаға-16» ӨК сүт өнімдерін жинау мен өткізуге екі танкер мен сүт таситын арнайы автокөлік сатып алу үшін «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 6,5 млн теңге несие алса, «Бекбауыл» ӨК Бекбауыл елді мекенінде балық аулап отырған қожалықтардың басын біріктіріп, балықты бір жерден өңдеп, өткізу ісін жолға қоюға бағытталған жобаны қаржыландыру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, егін шаруашылығы да назарда тұр.
«Аралды шалқар айдыны, теңізден сүзген маржаны – балықсыз көзге елестету мүмкін емес. Соңғы жылдары өңірде балық шаруашылығы айтарлықтай дамып, аймақ экономикасының салмақты бөлігіне айналып келеді. Қазіргі кезде жылдық қуаттылығы 17400 тоннадан астам, заманауи технологиямен жабдықталған 7 балық өңдеу зауыты жұмыс жасауда. Өткен жылы ауданда 7100 тонна балық ауланып, 4057 тонна балық өңделді. Еуропа мемлекеттеріне экспортталды» деген Мұхтар Әуесұлының лебізіне жиынға қатысушылар қошемет білдірді.
«Қазіргідей дағдарыс кезеңінде бағаны тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінен түспейді» деген аудан әкімі облыстар арасында тауар алмасуды арттыру мақсатында Ақтөбе қаласында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жәрмеңкесі өткізілгенін, онда Аралдан ет, балық, тұз апарылып сатылғанын, аудан орталығында көршілес Қазалы мен Ақтөбенің Шалқар ауданының жәрмеңкелері ұйымдастырылғанын, Арал қаласында бірнеше рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілгенін мәлім етті.
Баяндамадан соң жиынға қатысушылардың сауалы, ұсыныс-пікірлеріне кезек берілді. Көпшілікті толғандырған мәселелерге толыққанды жауап қайтарылды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.