Кеше Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев ел алдында атқарылған жұмыстар туралы есебін берді. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешов қатысты.
Сырдария ауданының экономикасы соңғы жылдары серпінді дамуда. Аудан өткен Мешін жылында табыс төрінен көріне білді. Аудан басшысы алдымен әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Білім, денсаулық, спорт салалары айрықша дамыды. Оған қоса құрылыс, жол және көпір салу, ауыл шаруашылығы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, тағы басқа салалар жаңа сипаттағы қарқынмен даму үстінде. Ауданда өркениеттің жаңа көші басталды, – деді Ғанибек Қонысбекұлы.
Сырдария ауданы облыста төрт жыл бойы үздіктер қатарында келеді. Ауыл шаруашылығы саласында биік жетістіктерге жетіп, жоғары көрсеткіштері үшін облыста «Үздік» және «Озат» аудан номинациясымен марапатталды.
2016 жылы аудандық бюджеттің түсімі 7 млрд 354,6 млн теңге көлемінде нақтыланған. Кіріс көзі 4 млрд 328,6 млн теңге болып, 922,3 млн теңгеге ұлғайған. «Алдағы екі жылға аудан бюджеті қабылданды. Биылғы жылы ең маңызды, халықты толғандырған мәселелерді қолға алып, жүзеге асыратын боламыз. Барлық әлеуметтік міндеттемелердің уақытылы орындалуы, халықтың жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы үшін жұмысымызды жалғастырамыз, – деді аудан әкімі.
Агросалада ауыл шаруашылығын әртараптандыру, агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту, өндірістік кооперативтерге дем беру, күріш көлемін азайтып, мол өнімге қол жеткізу – аудан диқандарының басты мақсаты. Өткен жылы майда шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында 12 АӨК құрылды. Олар мемлекеттік қолдауға қол жеткізіп, жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мәселен, Ақжарма ауылындағы «Өрлеу» кооперативі 50 млн теңге несие алып, сүт өңдеу пунктін (тетрапакетке сүт құю) салуды жоспарлап отыр. «Ақжарма-Инвест» АӨК «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 80 млн теңге несие алып, мал сою алаңын салып, ет өнімдерін өңдеу бағытында жұмыс жасауда. Шаруашылық құрылымдары машина-трактор паркін жаңалау барысында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 276,9 млн теңгеге 19 ауыл шаруашылығы техникасын алды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімділігі де ұлғайған. Төрт түлік мал басы 0,6 пайыздан 11,5 пайызға өскен.
Ауданда «Сыбаға», «Құлан» бағдар¬ламалары артығымен орындалған. Бюджет қаражатынан тыс инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін «Жан-Арай жем» ЖШС Айдарлы ауылындағы «Сорқұдық» көлінде қаз-үйрек өсіріп, 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Енді инкубатор қою жоспарлануда. Сондай-ақ, осы ауылдағы «Орда» қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, 600 ірі қара мал басын бағып-өсіруде. Бұған 60 адам тартылған. Бесарық ауылында «Абай Дәулет» серіктестігі құны 300 млн теңгені құрайтын уақ мал басын көбейту және экспортқа сапалы қой етін шығару мақсатында қуаттылығы 5000 бас аналық қой, 10 000 бас қозы бордақылау алаңын салды. Ауданға инвестиция тарту мақсатында «Сырдария» бизнес-форумы ұйымдастырылып, Германия мен Ұлыбританияның ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, «Күн көзінен электр қуатын шығаратын станса салу» және Шаған ауылындағы 3000 бас мал бордақылау алаңы жанынан қосымша шағын кәсіпорындар салу жобасы жүзеге асатын болды. Бұл жобалардың құны 40 млрд теңге.
«2016-2020 жылдарға арналған Сырдария ауданының даму бағдарламасына» сәйкес жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын 83 жоба бекітіліп, 45 жоба іске қосылды және 339 жаңа жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына сәйкес мемлекеттік грантқа бір кәсіпкер ие болса, 6 кәсіпкердің құны 70 млн теңгені құрайтын жобалары субсидияланды. Сонымен қатар, «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 26 кәсіпкер құны 167,5 млн теңге несие алды. Нәтижесінде, ауданда монша, наубайхана, бильярд, омарта, құмблоктар шығару, жиһаз, темір бұйымдарын жасайтын және түрік тәсілімен айран өндіру цехтары ашылды. Ал «Бастамаларды қолдау» бірлестігіне 16 жоба ұсынылып, құны 6,1 млн болатын 6 жоба мақұлданған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойында Ақжарма және Шаған ауылдарында 2 сервистік кешен салынып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуде.
О.Мәлібаев ауылында заманауи қырман құрылысы жүріп жатыр. Онда сыйымдылығы 2000 тонна болатын күріш сақтайтын қойма және техникаға арналған гараж болады. Ал мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында «Қызылдихан» ШҚ осы елді мекенде балабақша салуды жоспарлап отырса, «Мағжан және К» ЖШС Н.Ілиясов ауылында әкімшілік ғимарат салуда.
Аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша Тереңөзек кентіндегі көппәтерлі тұрғын үйлер аудандық бюджет есебінен жаңғыртылуда.
Былтыр жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыздан 5,1 пайызға төмендеді. Биыл 1040 жаңа жұмыс орны ашылды деп күтілуде. Ауданда мұқтаж азаматтарға көмек көрсету мақсатында ашылған «Әлеуметтік дүкен» тұрмысы төмен 170 отбасына төмен бағамен азық-түлік өнімдерін босатуда. Өткен жылы
Тереңөзек кенті мен Шағанда 50 орындық жеке балабақша ашылды. Шаған ауылындағы мектептің бұрынғы ғимараты аудандық бюджеттен бөлінген 96,1 млн теңге қаржыға қайта жаңғыртудан өтіп, 75 орындық балабақша пайдалануға берілді. Биыл Айдарлыда ескі емхана ғимараты 50 орындық балабақшаға айналады.
Аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономи¬калық жағдайын жақсарту мен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында облыс әкімінің қолдауымен құрылған Қоғамдық кеңестер ұрпақ тәрбиесі, елдегі ауызбірлік пен татулықты, тазалықты сақтауда табысты еңбек етуде. Бүгінде Кеңестер құрамындағы қоғамдық ұйым өкілдері, ардагерлер өзекті мәселелердің шешімін табуға өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді. Сондай-ақ, кентте Алқа мәжілістері құрылды. Онда сала басшыларының атқарған жұмыстары қаралып, жауапкершіліктерін көтеру мен ауызбірлігін сақтауға өз ықпалын тигізуде.
Есеп беру жиынында облыс әкімі Қ.Көшербаев сөз сөйлеп, соңғы жылдардағы аймақтың даму үдерісін саралады. Сырбойылықтардың әлеуеті жақсара түскенін және өңірде құрылыс қарқыны артып, индустрияландыру, өндіріс өнеркәсібінде жетістіктер бар екенін айтты.
– Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнағаны баршаңызға мәлім. Биылғы Жолдауда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынды. Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттыра түсуі тиіс,– деп ойын өрнектеген аймақ басшысы облыста атқарылатын жұмыстарға да тоқталды: – Экономиканы әртараптандыру бойынша мақ-сатты жұмыстар жүргізудеміз. Осы жыл¬дың қазан айында табақша шыны өндіру және өңдеу зауыты пайдалануға беріледі. Кен-байыту комбинаты мен «Шалқия» қорғасын-мырыш кені¬шінде газтурбиналық электрстансасы құрылысын бастаймыз. «Баласауысқандық» кен орнында қара тақтатастарды автоклавтық қайта өңдеу жобасын (ванадий) жүзеге асыру жалғасын табады. Ферроқорытпа зауытын пайда¬лану басым бағыттағы жұмыстардың бірінен сана¬лады. Былтыр Жаңақорған ауданындағы цемент өндіру және Шиелі ауданындағы тампонажды цемент өндіру зауыттарының құрылысын бас¬тадық. Оларды іске қосу 2018 жылдың басына жос¬парланып отыр. Сонымен бірге, Арал қаласындағы кальцийлендірілген сода зауыты жобасын іске асыру үшін жұмыстар жасалуда.
Мемлекет басшысы Жолдауда аграрлық сектор экономикамыздың жаңа драйвері болуы қажеттігін ерекше атап көрсетті. Соңғы жылдары біз облыстың агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамып жатқанын байқап келеміз. Күріш мәселесіне келер болсақ – жоғары және талап етілген сұрыптар өндірісін ұлғайту қажет. Жалпы 2021 жылға ауыл шаруашылығы тауарлары экспортын кем дегенде 3 есеге арттыруымыз қажет. Өндірістік кооперативтерді құру бойынша жұмыстарды белсендету қажет. Бұл бүгінгі таңда барлық деңгейдегі әкімдер алдындағы ең маңызды міндет, – деді облыс әкімі.
Халық алдындағы есепті кездесуде аудан тұрғындары жылдық жұмысқа лайықты баға беріп, алғыстарын білдірді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.