Әлеуметтік жағдайға әлеуетті жұмыс керек

Кеше Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев Бесарық, Қоғалыкөл, Нағи Ілиясов, Шіркейлі және Шаған ауылдарының халқымен кездесіп, есепті баяндамасын жасады.
– Ауданның табысы жылдан жылға артып келеді. Тұрғындардың әлеуеті күшейіп, барлық салада белсенділік танытып отыр. Халқымыз «Ескі жылда есірке, Жаңа жылда жарылқа» деп тарих сахнасында қалған жылға салауат айтып, келер жылдан жақсылықтар күтеді. Өткен жылға өкпе жоқ. Ел болып азаттығымыздың арқауы, береке-бірлігіміздің бастауы болған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік. Егемендігін алған еліміздің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетімізді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстарды атқардық. Білім, денсаулық, спорт салалары айрықша дамыды. Құрылыс, жол, көпір салу, ауыл шаруашылығы, тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа салалар жаңа сипаттағы қарқынмен даму үстінде. Бүгінгі күні Бесарық ауылында «Абай Дәулет» серіктестігі құны 300 млн теңгені құрайтын уақ мал басын көбейту және экспортқа сапалы қой етін шығару мақсатында қуаттылығы 5000 бас аналық қой, 10 мың бас қозы бордақылау алаңын салды. Ал Шаған ауылында 3000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы қолданысқа беруге дайын. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен Шіркейлі елді мекенінде жаңа шағын ауданның инфрақұрылымдық жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті қаржыға Нағи Ілиясов ауылындағы әкімшілік ғимаратын салуға да қаражат бөліп, құрылысы жүргізілуде, – деді аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы.
Былтыр аудандық бюджеттің түсімі 7 млрд 354,6 млн теңге, оның ішінде өз кірістері 4 млрд 328,6 млн теңге көлемінде нақтыланған.
Бюджетке жалпы салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің түсімі 119,3 пайызға орындалған, яғни 835,2 млн теңге салық артық түскен.
Жуырда Қоғалыкөл ауылында емхана ашылып, пайдалануға берілді. Денсаулық үйін ауыл халқы көптен күтті. Осыған ерекше мән беріліп, тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін заманауи талаптарға сай емхана салынды.
– 2016 жылы тұтынушы тұрғын үйлердің шекарасына дейін су құбырын жеткізу желілерінің құрылысына 3 елді мекенде (Айдарлы, Қоғалыкөл, С.Сейфуллин) аудандық бюджеттен 166,3 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды. Осы жұмыстардың қорытындысымен аудан елді мекендерінің 75 пайыз тұрғыны суесептегіш құралымен қамтылып отыр. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен 51,4 млн теңге қаржыға Қоғалыкөл ауылындағы №44 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Елді мекендегі емхана ғимараты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай пайдалануға берілді, – деді аудан әкімі.
Үстіміздегі жылы Тереңөзек кентіндегі «Жалын» тынығу лагерінің ауыз су және кәріз жүйелерін қайта жаңғыртудан өткіздік. Осы жұмыстың негізінде қазіргі таңда барлық жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар, Тереңөзектен кейінгі халқы көп Шаған ауылында 75 орындық балабақша ашылды. 
Кездесулерде ауыл әкімдері де елді мекендерде жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндаса, өз кезегінде ауылдық учаскелік полиция инспекторлары да есеп берді.
– Жалпы айтқанда, сырдариялықтар Мешін жылын жақсы қорытындылады. Жаһандық дағдарысқа қарамастан, жоспардағы жұмыстар артығымен орындалып, алдағы жылға жақсы нәтижемен келдік, – деген аудан басшысы есепті кездесуді қорытындылады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария ауданы.
 
Қоғалыкөл ауылы, №44 мектеп директоры, қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары С.Қаюпов:
– 2016 жыл жалпы қазақ елі үшін өте сәтті, табысты жыл болды. Тәуелсіздігіміздің 25-ші жылында атқарылған жұмыстар жөнінде барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп беріп, кездесу өткізіп жатыр. Облыстағы толымды тірлікті айтпағанның өзінде ауданымызда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Қоғалыкөл  ауылының өзінде ауқымды тірліктер жасалды. Мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көше жарықтары толығымен жанып тұр. Жасалып жатқан жұмыстарға ауыл тұрғындарының ризашылығы мол. Алдағы атқаратын жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Шаған ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Тасбергенов:
– Ауыл және аудан әкімінің халық алдында  есепті баяндаманы тыңдай отырып, жасалған жұмыстарға көңіл толады. Әрбір үйге ауыз су кіргізілді. Ауылішілік көшелер жөнделіп, жаяу жүргінші жолдары салынды. Ауылымыздағы барлық әлеуметтік мәселелері оң шешімін тапқан. Ауданға қарасты ауылдарда балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беретін білім ошақтары мен балабақшалар ашылуда. Ауылдық клуб, балабақша және емхана жұмыстары жақсы жолға қойылған. Аймақта алдыңғы лектен көрінуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтардың еңбегіне оң бағамызды береміз. 

Ауыл ақсақалы Н.Куликов:
Атқарылып жатқан игі істердің барлығы еліміздегі тыныштықтың, бейбітшіліктің, ауызбіршіліктің, елімізде жүргізіліп жатқан оң саясаттың арқасы деп білеміз. Ауыл халқының атынан аудан басшысының еңбегіне табыс тілеймін.

БИЛІК 19 қаңтар 2017 г. 1 189 0