Аптаның сейсенбі және сәрсенбі күндері Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткен, М.Шәменов, Бұқарбай батыр, Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл ауылдық округ әкімдері мен ауылдық учаскелік полициялары тұрғындар алдында есеп берді. Аталған кездесулерге аудан әкімі Талғат Дүйсебаев қатысып, ауыл халқын аудан көлемінде атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
Ел болып еңсерген жетістіктерді халық алдында таразылайтын есепті кездесу Қаракеткен ауылынан басталды. Онда алдымен ауылдық учаскелік полициясының есебі тыңдалды. Мұнан соң ауыл әкімі Қайрат Өлментай жалпы атқарған жұмыстарды баяндады. Ауыл әкімінің сөзінше, Қаракеткен ауылдық округінде ұзаған жылы жұмыссыз ретінде 35 адам тіркеліп, оның 16-сы ақылы негізде қоғамдық жұмысқа тартылып, 15-і тұрақты жұмысқа орналасты. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша көше жарықтарына қаралған 1 млн 87 мың теңге толығымен игерілген. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында бөлінген 9 млн теңге қаражатқа ЖК «Бал-АйК» ЖШС ауылдың Жалағаш көшесіне 500 метр асфальт төселіп, жөндеуден өткізілді. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғыны С.Сүлейменов 3 млн теңге несиеге 12 бас мүйізді ірі қара малын сатып алса, Р.Жылтырова 2,5 млн теңгеге 10 бас жылқы малын алған. Ауыл әкімінің баяндамасынан соң ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектері тындалды.
Мұнан соң, есепті кездесу М.Шәменов ауылында жалғасын тапты. Онда ауыл әкімі Ғани Сүлейменов пен ауылдық полиция инспекторы Мешін жылы атқарған жұмыстарын ел назарына ұсынды. Ауылдық округ бойынша ауыл шаруашылығы саласында «Мега Агро» ЖШС жұмыс жасауда. Онда 104 адам жұмысқа тартылған. Серіктестікте 2016 жылы 908 гектар жерге күріш егіліп, оның әр гектарынан 56 центнерден өнім алынды. Шаруашылық ауылдағы түрлі шараларға 1 млн 110 мың теңге көлемінде демеушілік жасаған. Ал ауыл тұрғындарының жеке меншігінде 1100 мүйізді ірі қара, 2406 уақ, 550 жылқы,10 бас түйе есепте тұрады. Ветеринар мамандар жоспар бойынша мал түрлеріне екпе жұмыстарын жүргізуде. Ал 2016 жылы ауылда кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы екі азамат 6 млн теңге несие алып, мал шаруашылығымен айналысуда. Сонымен қатар, бір ауыл тұрғыны «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиеге асыл тұқымды екі бұқа алып, ірі қара малын асылдандыруға бет бұрды. Өткен жылы ауыл тұрғыны А.Сейтова «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ арқылы қайтарымсыз грант жобасынан кондитер цехын ашу үшін 750 000 теңге ұтып алып, бүгінде кәсібін жүргізуде.
Бұқарбай батыр ауылдық округінің әкімі Нұртай Жонтаев пен ауылдық полиция инспекторы өз есебінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы 3 мың 761 гектар жерге егіс дақылдары орналастырылып, ысырапсыз жиналды.
Әкімдердің есепті кездесуі кеше Аққыр ауылдық округінде жалғасты. Ол ауылда ауылшаруашылық саласына басымдық берілген. Ауыл экономикасының күре тамыры осы сала болғандықтан төрт түлік малдың басын көбейту және асылдандыру жұмыстарына аса көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2 ауыл тұрғыны 6,9 млн теңге көлемінде қаржы алып, өз кәсіптерін жасауда.
Жаңаталап ауылының тұрғындары ауыл әкімі Қуаныш Әбдіхалықовтың есебін тыңдады. Ауыл әкімі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру мақсатында аудандық бюджеттен 481,0 мың теңге қаржы қарастырылып, қоғамдастық жиын шешімімен ауыл паспортын орнату жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Үкіметтің арнайы резерві есебінен бөлінген 11288 млн теңгеге ауылішілік 1,5 шақырым көшеге тас төселінген.
Мақпалкөл ауылында ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаевтың есебі елді мекеннің келешегіне арналды. Ауылдық округ бойынша бір заңды тұлға, 15 шаруа қожалығы, 5 бюджеттік мекеме, ветеринарлық пункт, ауылдық учаскелік полиция пункті, мешіт халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдың негізгі тіршілік көзі егін және мал шаруашылығы болғандықтан мемлекеттік бағдарламалардың орындалу аясы да жоғары.
Ауылдарда өткен әкімдердің есепті кездесуін тыңдаған ауыл халқы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Оларды толғандырған мәселелер талқыға салынып, шешу мүмкіндіктері мен тиімді жолдары сараланды.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
Жалағаш ауданы.
№33 орта мектеп директоры Эльза Шәріпова:
– Өткен жыл көптеген маңызды оқиғалармен есте қалды. Айталық, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Ауылдық, мектепшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауыл әкімінің есебі халық талқысында пысықталды. Бұдан әкімнің іс-тәжірибесі ширап, жауапкершілігі артады.
"Ер-Әлі” шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов:
–Өздеріңіз естігендей, өткен жыл егін шаруашылығы бойынша да табысты жыл болды. Қай саланы алсақ та, жыл сайын қарқынды дамуға бет бұрған ауыл бейнесі байқалады. Бұл орайда ауыл әкімдерінің заман талабына бейімделген мақсаттары ел өміріне ерекше леп қосып отыр.