Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жиналған қаржының бір бөлігін салымшылар 45 немесе 50 жасқа толғанда алғысы келеді. Көптің көкейіндегі мәселені Парламент депутаттарымен кездесуде Арал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықбаев көтерді. Халық қалаулылары ел тілегін Үкіметке жеткізуге уәде берді.
Жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Бекмырза Еламанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл, Абзал Ералиев, Геннадий Шиповских, Әлия Сапарова еліміздің жетістіктерін, Сыр өңірінде атқарылып жатқан игі істерді баяндап, онда аралдықтардың да сүбелі үлесі барын жеткізді. Б.Еламановтың айтуынша, өткен жылы Парламентте 104 заң қабылданса, соның 57-сі – Сенатқа келіп түскені. Жұмыспен қамту, үлескерлік, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы және тағы басқа бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Пошта, ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңдар қабылданды.
Б.Смағұл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау мақсатында құрылған қоғамдық кеңестің жұмысына тоқталды. Г.Шиповских Арал мәселесіне байланысты сорлы көлдердің зияны және оны жабу жөнінде Үкімет басшысына бірнеше мәрте сауал жолдағанын тілге тиек етті. М.Бақтиярұлы «Жер туралы» кодекске байланысты мораторийдің 2021 жылға дейін ұзартылғанын, заң аясында әрбір қазақстандықтың он сотық жер телімін алуға құқылы екенін, оны әділ түрде бөліп беру бағытында жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
Сайлаушылармен кездесуде еңбек ардагері Әнес Әуезов, «Дәулетэнерго» ЖШС директоры Қуанышбай Ердіқалықов қоғамда қызу талқыланған бірқатар тақырыпқа байланысты пікір білдірді. Ал, көше комитеті төрағалары кеңесінің төрағасы Аманжол Жолмағамбетов көше комитеті төрағаларының статусын анықтауды сұрады.
Депутаттар жұмыс сапары барысында сонымен қатар халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылық үйінде болды. Көркем әдебиет классигінің жәдігерлерімен танысты. Делегация одан әрі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында Семей полигонына қатысушылар және Ауған соғысының ардагерлерімен жүздесті, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыс бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Арал аудандық бөлімінде болды.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.