СЕНІМ ҮДЕСІНЕН ШЫҚҚАН АЗАМАТ

Кеше облыстық әкімдікте облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен ҚР Президенті Әкімшілігіне қызметке ауысқан Қанатбек Жайсаңбаевты шығарып салу рәсімі өтті.

Облыс басшысы жиналғандар алдында Қанатбек Бақытұлының аймақ дамуына қосқан үлесін атап өтті.

– Қанатбек Жайсаңбаев іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ізденімпаз, ұжымда беделді, мемлекеттік органдарда мол тәжірибе жинақтаған қызметкер ретінде белгілі. Көптеген жобаларды іске асырды. Соның бір мысалы, облыстық әкімдіктегі ситуациялық орталықтың ақпараттық талдау жүйесін жасақтады. Бұл Қазақстандағы осындай алғашқы жоба, оған Елбасы жоғары бағасын берді. Сондай-ақ, саяси науқандарда сайлау процестерін жоғары деңгейде ұйымдастырып, әлеуметтің жай-күйін білуде жан-жақты зерттеу жүргізген оның жұмысы басқа аймақтағыларға үлгі болды. Өткен жылы Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдіктері аппараты басшылары біздің облыста өткен республикалық семинарға Қанат Бақытұлының жұмыс тәжірибесін үйрену үшін келді. Соның негізінде Президент Әкімшілігі басшысына бірқатар қызметкерлерімізді жауапты қызметке ұсыну туралы өтініш айтқанбыз. Президент Әкімшілігі соңғы екі айдың ішінде біздің екі қызметкерімізге қызмет ұсынды. Бұл бәріміз үшін үлкен абырой. Оның жаңа қызметте туған еліне үлкен көмегі тиеді деп ойлаймын, – деген аймақ басшысы Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қ.Жайсаңбаевты облыстың Құрмет грамотасымен марапаттап, Қорқыт баба кескіндемесін сыйлады. Алда жетістіктерге жете беруіне тілектестігін білдірді.

Өз кезегінде Қанатбек Жайсаңбаев өзіне білдірілген сенім мен бүгінгі көрсетіліп жатқан құрмет үшін облыс басшысына және барша әріптестеріне ризашылығын жеткізді.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

БИЛІК 29 қазан 2016 г. 958 0