Ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту маңызды

Ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту маңыздыКеше облыс  әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен  ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін дамыту мәселелеріне арналған селекторлық мәжіліс болып өтті.
– Қазіргі қалыптасып отырған саяси-экономикалық жағдайға байланысты Елбасының әкімдерге қойып отырған талабы  – халықты жұмыспен қамту мәсе¬лесі. Бұл мәселе әсіресе ауылдық жерде өзекті.  Халқымыздың 60 пайызға жуығы ауылда тұрады. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған тұрғындардың басым көпшілігі ауылдан шығуда. Ал олардың табыс көзі иеліктеріндегі қосалқы шаруашылықтарына тікелей тәуелді. Қызылорда облысында жеке секторда 25 мыңнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Олар облыста өндірілетін сүттің  85 пайызын, еттің 84 пайызын, жеміс-жидектің, көкөністің басым көпшілігін өндіріп отыр. Дегенмен, өнімдерді өткізу мәселелерінің шешілмеуінен оларға табыс көзі кірмей отыр. Сондықтан, осы азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету үшін біз жеке секторда өндірілген өнімдерді өңдеуді ұйымдастырамыз. Ірі өндірістік кооперативтерге бірлестіріп арнаулы кәсіптерін тұрақты табыс көзіне айналдырумыз қажет. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың, сонымен бірге жұмыссыздық мәселесін шешеді.  Соның арқасында ауыл шаруашылығында өнім көлемін ұлғайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. – деді облыс әкімі алғашқы сөзінде. Сондай-ақ, аймақ басшысы ел әлеуетін негізгі көтерудің басымдықтарын, қолға алған шараларды саралап берді.
Қазір Астанада дайындалып жатқан агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламысының басым бағытында осы кәсіпкерлікті қолдауға, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біз биыл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мәселелерін тиімді шешу мақсатында Ауыл шаруашылығы және Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлескен іс-шара жоспарларын бекіттік. Осы іс-шара жоспарына сай, жыл аяғына дейін жеке-қосалқы шаруашылықтарды біріктіре отырып, 35 кооперативті құруды жоспарладық. Оны орындауға ешқандай кедергі жоқ деуге болады. Ауыл¬шаруашылық кооперациясы туралы заң қабылданды. Екінші «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы облысқа қосымша 920 млн теңге қаржы бөлінді. Қаржыландыру мәселесі шешілді.  Төртінші индикаторлар бекітілді. Енді біздің тарапымыздан осы жұмыстарды ұйымдастыру ғана қалды, – деп атап өтті аймақ басшысы. 
Мәжілісте осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов баяндады. Оның атап өткеніндей, жыл басынан барлығы 573 шаруашылық құрылымдарымен жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 104 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөнінде шешімдер қабылданып, оның бүгінгі 94-і әділет департаментінде тіркелсе, 10 кооператив құжаттарын тіркеуге тапсырды (республика бойынша 448 кооператив құрылған). Құрылған кооперативтердің ішінде 17-сі мал шаруашылығына, 31-і егіншілік саласына, 32-сі кооператив өңдеу және 1 кооператив тек су шаруашылығында жұмыс атқаруға бағытталса, 13 кооператив көпсалалы – егін, мал, балық шаруашылықтарымен қатар, өңдеу саласына өз жұмысын бағыттап отыр.
Басқарма басшысы кооперацияны дамыту жұмыстары барлық аудандарда бірдей емес екеніне тоқталды. Облыста кооперативтердің көп құрылуы, ол негізінен майда шаруашылықтарды, әсіресе егін саласында ауылшаруашылық техникаларды сатып алып бірігіп пайдалану, тыңайтқыштар мен гербицидтерді, тұқым, жанар-жағар май, басқа да қажетті материалдық құндылықтарды сатып алу үшін  қаражаттарды тарту мәселесін шешу ынталандырып отыр. Дегенмен, кооперативтерді қаржыландыру мәселесі өз уақытында шешілмеуі, олардың жоспарлаған жұмыстарын жүргізуді тежеуде. Осы мәселенің шешілуі республика деңгейінде кешеуілдеуіне байланысты, биыл «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ» ЖШС арқылы қаржыландыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне несие берілді.  
Б.Жаханов өз сөзінде ауылдық жерде жеке секторда өндірілген көлемі мүлдем өңдеуге түспейтініне назар аударды. Оның біріншіден ауылдық жерлерде өндірілген өнімдерді дайындау, сақтау, сату мәселелерінің шешілмегендігі болса, екіншіден ауылдық жерлерде өңдеу жүйесінің дамығандығы болып отыр. Ал осы ретте облыста жылдық қуаттылығы 11279 тонна ет өңдейтін 36 мал сою алаңы, 1275 тонна өндіретін 6 шұжық цехы, жылына 17452 тонна сүт өнімдерін өндейтін 8 сүт зауыты мен цехы, 245 тонна шұбат өңдейтін 2 цех бар. Дегенмен, ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 2016 жылғы 6 айдың қорытындысымен небәрі 29,1 пайызды, сүт өңдеу орындарынының жүктемесі 39 пайызды ғана құрап отыр. Сонымен қатар, облыста мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу жүйесі дамымағандықтан, жалпы өндірілген еттің 2,1 пайызы, сүттің 10,8 пайызы ғана өңделіп, сатылып отыр. Сондықтан қазіргі кездегі мақсат – бұл жеке сектордың әлеуетін пайдалана отырып, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайту, әсіресе ұсақ отбасылық сүт, ет өндірістерін дамыту арқылы.
Осы жұмыстарды іске асыру үшін биылғы жылы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Қызылорда облысы пилоттық бес облыстардың біреуі ретінде белгіленіп, ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықтарының негізінде ұсақ отбасылық шаруашылықтарды дамыту үшін «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қосымша 920,0 млн теңге қаржы бөлініп, ауылдық жерлерде өз кәсібін жүргізу үшін осы бағдарламаға бөлінген қаржы 1741 млн теңгені құрады. 
Мәжілісте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы директоры Бақытжан Әбдиев өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берді. 
Бүгінгі күнге дейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына бөлінген қаржы есебінен 345 жеке қожалықтардың 2822 бас ірі қара малын сатып алуға бағытталған, барлығы 1036 млн теңгенің жобалары қаржыландырылды. Биыл Елбасының тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қосымша бөлініп жатқан 97 млрд теңгенің 10,5 млрд теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы арнайы осы бағыттарға бөлініп отыр. Осыған байланысты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылшаруашылық кооперативтері мен олардың мүшелерін қаржыландыру үшін жаңадан арнайы 4 несиелендіру бағдарламаларын қабылдады.
Атап айтқанда, «Ынтымақ» бағдарламасы арқылы ауылшаруашылық кооперативтерін қаржыландыру үшін 50 млн теңгеге дейін, «Игілік» бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық малын өсіру үшін 6 млн теңгеге дейін, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттерін ашу үшін, 6 млн теңгеге дейін және «Береке» бағдарламасы бойынша отбасылы мал бордақылау алаңдарын құру үшін 6 млнтеңгеге дейін несие беру көзделуде.
Облыс әкімі қор филиалының кәсіпкерлердің кепілдік дүниелеріне қатысты жүргізіп отырған саясатын қолдады. 
Мәжілісте Шиелі ауданының әкімі Қайрат Сәрсенбаев  жеке сектор әлеуетін пайдалана отырып сүт, ал Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев ауыл кооперативтерін құра отырып, ет өндірісін дамыту мәселелері  жайлы баяндады. 
Шиелі ауданы бойынша индикативті жоспарға сәйкес сүт бағытындағы 1 кооператив құру жоспарланған. Қазір ауданда сүт бағытында 4 кооператив құрылды, оның 3-і сиыр сүтін қабылдап өндіретін, 1-і шұбат өндіретін кооператив. Шұбат өндірісімен айналысатын «Төрт түлік» АӨК құжаттарын әзірлеп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» қаржы алуды жоспарлап отыр. Бүгінде тиісті құжаттарын рәсімдеп жатыр. Сонымен қатар, «Ақмая» АӨК-нің мүшелері «Игілік» бағдарламасы арқылы 50,0 млн теңгеге ірі қара сатып алуға құжаттарын әзірлеуде. Сонымен қатар, Гигант ауылдық округінде «Асылхан» өндірістік кооперативті құру жұмыстары жүргізілуде. 
Жаңақорған ауданы бойынша индикативті жоспарға сәйкес 18 кооператив құру жоспарланған. Оның ішінде ет сою алаңын құруға – 4, сүт қабылдау бекетін құру – 3, отбасылы мал бордақылау алаңдарын ашуға – 11. Бүгінгі күні жеке сектордың қатысуымен 17 кооператив құрылған. Осыдан, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» «Даму и К» АӨК ет өндірісін дамыту үшін несие алуға тиісті құжаттарын әзірлеуде. Бұдан бөлек, «Мырзабай и К» мен «Белес» АӨК-тері мал бордақылау және ет өңдеу жобаларын өз қаржы есебінен жүргізуді жоспарлап отыр. 
Аудан басшысы мал басы көбейіп жатқанын тілге тиек етті. Кәсіпкерлер оның өнімдерін ірі сауда орталықтарына өткізуде арадағы делдарға жем болуда екенін жеткізіп, осы орайда қала әкімдігінің көмегі қажет екеніне назар аударды. Облыс басшысы Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ басшысы Темірхан Кенжебаевқа мәселе дұрыс көтеріліп жатқанын айтып, қолдау білдіруді тапсырды және алдағы уақытта мұндай мәселелер басқа аудандар бойынша да шығатынын, көмек көрсетуге дайын болуды ескертті.
Бүгінгі таңда 9 жеке қосалқы шаруашылық бірігіп, Сырдария ауданында құрылған «СПК «Жан-Арай-Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі осы орталық арқылы құс етін, оның ішінде қаз етін облыста бірінші болып өндіруге 90 млн теңге несие алып, Айдарлы ауылында қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Бүл туралы кооператив төрағасы Қуат Шакизадаев айтып берді. Бүгінде 7 мың бас қаз-үйрек балапандары сатып алып өсірілуде. Жақын күндері алғашқы құстарды сойып 410 кг етті облыс орталығындағы сауда үйіне өткізді. Алдағы уақытта құс басын екі есе арттыруды жоспарлануда. 
Облыс әкімі Айдарлыдағы тәжірибені бәрі үйрену қажет деді.  Сонымен бірге несие алған тұрғындардың кәсіпкер ретінде  заңды тіркелуіне басты назар аудару қажеттігін атап өтті. 
– Бұл атқарылып жатқан жұмыстар көлеңкелі экономиканы толықтырмауы тиіс, – деген Қырымбек Елеуұлы барлық тіркелу қажеттігін басты назарда ұстауды тиісті мекеме басшылары мен әкімдерге тапсырды.  Егер бұл жағы дұрыс болмаса, жасалған жұмыстың босқа кеткені.
Мәжілісті қорытқан аймақ басшысы Елбасы тапсырмасымен қолға алынып жатқан жұмыстың үлкен саяси-әлеуметтік-экономикалық маңызы бар екенін атап өтті. 2017-2018 жылы құрылатын кооперативтер жоспарын жасауда кешікпеген жөн. Сонымен бірге, жасалып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттауды тапсырды. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
БИЛІК 18 қазан 2016 г. 1 569 0