КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібіне қойылған 5 мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды. 
Бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов Ақтөбе облысының Қызылордадағы күндерін өткізудің жос­парын баяндады. Сондай-ақ, «Алтын дән - 2016», ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына орай өткізілетін мерекеге дайындық барысын мәлімдеді. Баяндамашы өз сөзінде айтулы іс-шараларды өткізуге толыққанды әзірлік жасалғандығын айтты. Өз кезегінде аймақ басшысы жоспардағы жұмыстарды атқаруда кемшілік болмауын қатаң тапсырды.
Мәжілісте екінші кезекте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы тілге тиек етілді. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетованың айтуынша, ҚР Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы №438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Яғни, 2013-2014 жылдар аралығындағы бірінші кезең басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейтуге негізделсе, екінші кезең (2015-2020 жылдар аралығында) жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамытуға күш салады. Бүгінгі таңда ауылдық округтер әкімдерінің құзыреті кеңейді. Алдағы уақытта оларға әлде де қосымша функциялар берілетін болады. Мәселен, басқарма басшысының айтуынша, ел бюджетіне түсетін салықтың 6 түрі бойынша алымды жүзеге асыруы тиіс. Осы орайда ол жоспарланған 564 млн теңге түсімнің 394 млн теңгесі ғана орындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, 3 жылдық бюджетті жоспарлау кезінде бұл жағдайдың ескерілуі керектігіне тоқталды. Бұған қоса 2018 жылдан бастап халық саны 2000-ға жететін елді мекендердің дербес бюджеті болатындығын айтты.
Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты:
– Жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру – өте маңызды  мәселе. Бұл ретте сауатты мамандар қызметіне жүгіну керек. Жасыратыны жоқ, кейбір аудан әкімдіктерінде іссапар шығындарын есептей білмейтін есепшілер бар. Соның кесірінен жұмыстың жүрмейтіні өз алдына, басшылары жауапкершілікке тартылып, жазықсыз жапа шегуі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге жауапты аудан әкімдерінің орынбасарлары, экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшылары, ауыл әкімдері аттестациядан өткізілсін, - деп тапсырма берді. 
Басқарма басшысы өз кезегінде тапсыр­маның орындалатынын, алдағы уақытта мамандардың кәсіби біліктігін арттыру үшін семинар-кеңес ұйымдастырылатынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселеде индустриялық аймақтардағы инфра­құрылымдарды коммуналдық мекемелердің теңгеріміне беру мәселесі қаралды. Талқыдағы тақырып аясында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев баяндап берді.
Облыста 8 индустриялық аймақ бар. Инженерлік инфрақұрылымы дайын болғандарының саны – 6. Баяндамашы Арал, Жалағаш, Шиелі аудандарындағы индустриялық аймақтардың әкімдіктер тең­геріміне өткендігін жеткізді. Дей тұрғанмен, бұл қадамның тиімсіз тұстары көп. Өйткені, нысандардың құжаттамасын дайындауда, инфра­құрылыммен қамтамасыз етуде кедергіге ұшырауда. «Бұл жағдай облыс­тағы индустриялық аймақтардың дамуын тежейді. Сондықтан, оларды комму­налдық мекемелердің теңгеріміне беруді ұсынамын», - деді ол.  Облыс әкімі бұл мәселені көп ұзатпай шешу қажеттігін айтып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Мәжілістің күн тәртібіне қойылған қалған мәселелерде жалақы бойынша қарыздар жайы мен әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасының жүзеге асырылу барысы айтылды. 
Нағымжан САУЯЕВ.

БИЛІК 11 қазан 2016 г. 845 0