Қыстан қысылмай шығамыз

Қыстан қысылмай шығамызАлдағы жылу маусымына қаншалықты дайынбыз? Бейсенбіде облыстық әкімдікте өткен жылу беру жөніндегі штаб отырысы осы сауалға жауап іздеді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен жиында жауапты сала басшылары есеп беріп, тиісті тапсырмалар алды.
Жиында алдымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Ерлан Қыпшақбайұлы баяндама жасады.
– «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК бойынша 9 қазандық, 2 бу турбинасы және қосалқы қондырғылар, 7 шақырым жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жоспарланып, кестеге сай орындалды. Тек, №6 бу турбинасына қатысты жұмыстар белгілі себептермен 16 қарашаға дейін ұзартылып отыр. Бұл жағдай жылу беру жұмысына кедергісін келтірмейді. Ал, Қызылорда жылу-электр орталығына №6 қазандыққа мазутты қыздыруға және жылу энергиясын, КОГТЭСтің №1 ГТУ-ға электр және жылу энергиясын өндіруге 10 қазанынан бастап газ берілуі керек, – деді баяндамашы өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласының 6,4 шақырым екі жолақты жылу желілерін қайта жаңғырту үшін Ұлттық қордан 997,2 млн теңге бөлінгендігін, бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұ¬мыстары аяқталып, сынақтан өткізу жұ¬мыстары жүріп жатқанын айтты. Сонымен бірге, ҚЖЭО бойынша 5,9 км, Қазалы-Теміржолжылу бойынша 1,1 шақырым жылу желілері ағымдағы жөндеуден өткізілген.
Қызылорда қаласы ыстық сумен қамту үшін нақты қадамдар жасалып жатқандығы белгілі. Нақтыласақ, «Еуропалық қайта құру және даму банкімен» бірлесіп, «Қызылорда қаласының жылу жүйелерін салу және жаңғырту» жобасы бойынша 5 ішкі жоба іске асырылуда. Осы жылы аталған жоба бойынша «Еуропалық қайта құру және даму банкінен» 4 млн  АҚШ доллары және бюджеттен қоса қаржыландыру бойынша 1 542,7 млн теңге бөлінген. Алғашқы жоба аясында  Қызылорда қаласындағы 4,1 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылмақ. Екінші жоба бойынша 2 дана газтурбиналық қондырғыларды күрделі жөндеуден өткізеді. Ал, ыстық сумен қамтуды қалпына келтіру үшін дара жылу пункттерін енгізу үшінші жобаның еншісінде. Төртінші жоба гидравликалық модульді жасауға негізделген. Соңғы жоба – энергия тұтынуды бақылау және есептеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуді жүзеге асырады. 
Баяндамашының айтуынша, әлеуметтік сала нысандарына 39,3 мың тонна көмір, 16,1 мың тонна дизель отыны қажет. Бүгінде қаражаты шешілген, отын жеткізушілермен келісімшарт жасалған. Қазіргі таңға, көмірдің және дизель отынының 85 пайызы жинақталған. Отын қорының бір бөлігі сақтау сыйымдылығына қарай нысанда, қалғаны отын жеткізушінің жауапты сақтауына беріл¬ген. Сондай-ақ, облыстың жылу-электр орталықтарын алдағы жылыту кезеңінде тоқтаусыз жұмыс жасату үшін ел Үкіметі резервінен 22,9 мың тонна мазут сатып алуға 1 183,6 млн теңге бөлінген. 30 қыркүйекте жоғарыда аталған қаржыға Үкіметтің №554, 555 санды қаулылары шығыпты. Енді мазут жеткізуші оператормен келісім жасау жұмыстары жүруде.
Ендігі мәселе жылу мекемелерінің қордаланған қарызы төңірегінде. Жыл басында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға газ жет¬кізген қызметі үшін «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның қарызы 1,4 млрд теңгені құраған болса, 1 қазандағы мәлімет бойынша қарыз көлемі 792 млнтеңгеге дейін азайтылған. Сонымен бірге, «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ-ның «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК алдын¬дағы қарызы 88 пайызға төмендеген. Электр тарататын, сумен қамтамасыз ететін мекемелердің өзгеге берешектері де мейлінше кемітілген.
Штаб отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев:
– Жылу маусымы кезінде барлық әлеу¬меттік нысандар мен көпқабатты үйлерде жылуға қатысты мәселе туындамау үшін барлық жұмыстар уақытылы, нәтижелі жасалуы тиіс. Сондай-ақ, жылу беруді бастауды қажеттілік туындаған жағдайда жоспардағы уақыттан ерте бастауды да тапсырамын, – деген аймақ басшысы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өкіліне жылу қазандықтарына газ беруді қазанның 10-ы күнінен бастауды тапсырды.
Түйіндегенде, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер жылу беру маусымына толыққанды дайын. 1177 әлеуметтік нысанның (464-і білім беру саласына, 377-сі мәдениет, 366-сы денсаулық сақтау саласына тиесілі) кіші қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 647 көпқабатты тұрғын үй тұрғындары да қыстан қысылмай шығады делініп отыр. Солай дегенімізбен, босаңсуға, жағаны жайлауға жіберуге болмайды. Аймақ басшысы штаб отырысы соңында күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті тапсырмалар беріп, бақылау мен қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Нағымжан САУЯЕВ.
БИЛІК 08 қазан 2016 г. 865 0