Бюджетті қалыптастырудың байыпты қадамдары

Кеше облыстық әкімдікте облыстық мәслихаттың бастамасымен өткізілген селекторлық тәртіптегі кеңес болып өтті. Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Құттықожа Ибадуллаев және  барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары мен мәслихат хатшылары, «Нұр Отан» партиясы филиалдарының төрағалары, аудан әкімдері қатысты. 
Селекторлық режимде өткен кеңесте облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов жетекшілік ете¬тін салалар басшылары, атап айтқанда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Нұрлан Пірімов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Майра Барақбаева,  Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов,  облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының басшысы Марат Бәйімбетов, «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының басшысы Ерұлан Жүнісов, облыстық мобильдік басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов және «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының басшысы Болат Арыстанбаев өздері басқарып отырған салалар бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде хабарламалар жасады. 
2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жылу және ауызсу жүйелерін қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 4,8 млрд теңге қаржы бөлінген.  Оның 997 млн теңгесі Қызылорда қаласында жылу жүйелерін қайта жаңғыруға, 3,5 млрд теңгесі Арал және Қазалы аудандарында 295 шақырым су жүйесін жөндеуге бағытталды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласында «Өндіріс» индустриялық аймағында электрмен жабдықтау жүйесін салуға республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 1,5 млрд теңге бөлініп, толық игерілді. 
2016-2017 жылғы жылу беру маусымына дайындық аяқталу сәтінде және коммуналдық мекемелердің дайындығы 99 пайызды құрайды. Әлеуметтік мекемелерде (1177 нысан) жүргізілген жөндеу жұмыстары 100 пайызға орындалған. Оның ішінде білім беру саласында – 464, мәдениет және спорт саласында – 377 және денсаулық сақтау салысында 336 нысан бар. Сондай-ақ барлық 552 әлеуметтік қазандық та толық дайын.
Биылғы жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары құрылысына барлық қаржы көздерінен 20,93 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде Қызылорда қаласында екі жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 45,43 млн теңге, 18 нысан құрылысына Ұлттық қордан 9,61 млрд теңге, ҚР Үкіметінің резервтік қорынан 9,13 млрд теңге  22 жобаға бөлінді. 
Сырдария өзені бойындағы қауіпті 24 учаскесінде  қорғаныс дамбаларын қалпына келтіріп, нығайтуға облыстық және республикалық бюджеттен 379 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді. 
Басқарма  басшылары атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берумен қатар депутаттар тарапынан болған сұрақтарға тиісті жауаптарын берді.  Кеңесті қорытқан С.Сүлейменов депутаттарды Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын игеруге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінен хабардар етті. Ол қалыптастырылып жатқан 2017-2019 жылдарға арналған облыс бюджетінде депутаттар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін мәлімдеді.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
БИЛІК 06 қазан 2016 г. 786 0