Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар алдында берген есебінде Қызылорда қаласындағы жолаушылар тасымалы саласындағы өзгерістерге де тоқталып өткен болатын.
Азғана уақыт бұрын Қызылорда қаласында жолаушылар тасымалының қандай күйде болғаны бәріміздің есімізде. Көшелерден «Газельдерді», микроавтобустарды ғана көретінбіз. Ал бүгінгі күні «Еуропа қайта құру және даму банкімен» бірге автобус паркін құру жобасын іске асыру нәтижесінде қалада аппарельдермен, GPS-навигаторлармен және бейнекамералармен жабдықталған заманауи үлгідегі 112 жаңа автобус қатынауда. Автобустардың барлығы кешенді техникалық тексеруден өткен және табиғи газбен жүреді. Автобустардағы қызмет көрсетуші персонал да жаңа талапқа сай жұмыс атқарады, кондукторлар қарым-қатынас мәдениеті бойынша арнайы оқу курсынан өткен. Әлбетте, бұл өзгерістер қоғамдық көлік қызметін пайдаланушы қала тұрғындарының көңілінен шығуда. Әсіресе мектеп оқушылары үшін зор қуанышқа айналды. Иә, екі есікті, кең де жайлы автобустар облыс орталығының көше қозғалысына өзіндік сән беруде.
Облыс орталығындағы көшелердің жағдайы да жақсарды. Қырымбек Елеуұлының халық қалаулылары алдында берген есебінде Қызылорда қаласындағы 51 көшені орташа жөндеуге тағы да 6 млрд теңге түседі деп отырмыз деген хабарламасы автокөлік иелерін бір қуантып тастағаны рас.
Жалпы жолаушы тасымалында оң өзгерістер жетерлік. Теміржол вокзалында такси, автобус, маршруттарының тұрақты орны ретке келтірілді. Қызылорда облысы аумағында 212 елді-мекенді аудан және облыс орталығымен жалғайтын 215 тұрақты автобус қатынасы, оның ішінде: аудан аралық (қалааралық, облысішілік) – 71, ауданішілік (кентішілік) – 106, қалаішілік – 26, қала маңы және саябақ қатынасы – 9 маршрут, сонымен қатар облыс орталығынан Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған және Сарыағаш қалаларына 4 облысаралық автобус маршруты ұйымдастырылған. Осы облыстық маршрутттарда барлығы 30-дан астам заңды және жеке тұлғалар әртүрлі сыйымдылықтағы 1407 дана автобус пен (12 облысаралық, 283 ауданаралық, 423 ауданаішілік, 689 қала және қала маңы) жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде.
Қала күні «Солтүстік» автококзалы ашылуы осы жақсы жаңалықтардың біріне айналды. «Романов и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде өз қаражаты есебінен бұрынғы автобус паркі ғимаратын толықтай қайта жаңғыртудан өткізіп, пайдалануға берген, жаңа сапаржайында жолаушыларға қажетті жағдайлар жасалған. Күту залы, медициналық бекет, асханасы, қонақ үйі, ана мен бала бөлмесіне дейін бар.
Аймақ басшысы, сонымен бірге, өз есебінде «Еуропа қайта құру және даму банкімен» Қызылорда қаласындағы әуежай инфрақұрылымын жаңарту және жаңадан жолаушылар терминалын салу бойынша келісімге қол қойылғанын да жеткізді. Уақыт өте келе оның да нәтижелі болатынына сенімдімін. Облыс әкімі бастамасымен қолға алынған жұмыстар өңір тіршілігін жақсарта түсуде.
Жәнібек НҰРҚЫШҰЛЫ,
облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
басқармасының ардагерлер кеңесі төрағасы.