ЕЛБАСЫНЫҢ ПОЛЬШАҒА САПАРЫ

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Польша Республикасының Варшава қаласына келді.

Салтанатты кездесу рәсімінен соң Елбасы Польша Президенті Анджей Дуданың резиденциясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Онда сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, транзит-көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Польша көшбасшысына еліне шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастың дамуында ілгерілеушілік, сондай-ақ оның аясын кеңейте түсу үшін зор әлеует бар екенін атап өтті.

А.Дуда Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаға бұл сапары елдер арасындағы серіктестіктің жандана түскенін көрсетіп отырғанын айтты. Польша Президенті екі елдің мүдделері ортақтығына және екіжақты іс-қимылды, соның ішінде көлік-логистика және мұнай-газ салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың ауқымды перспективалары бар екеніне назар аударды.

Сондай-ақ, А.Дуда Польшаның алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысатынын және бұл іс-шараға жеке өзінің келуге әзір екенін жеткізді.

БИЛІК 23 тамыз 2016 г. 779 0