Шаруалар пікірі ескеріледі

Елбасының бір айдан бері тал­қы­ланып жатқан жерге қатысты сұрақ­тарға берген жауабы, қабылдаған шешімі қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Енді Үкі­мет қоғам­дық инсти­тут­тардың, шаруалардың пікі­рін ес­­кере отырып, жер қа­тынастары сала­сын­дағы заң норма­ларын жан-жақты қарастырса деген тілек бар.

Ақордада өткен кеңесте Елбасының өзі жер мәсе­лесінде әрбір қазақстандық­тың пікірі маңызды екенін және халық­­ты алаңдатқан әрбір мәселе ше­­­шімсіз қалмайтынын атап өтті. Комиссия аграр­лық секторды дамытудың оңтайлы тәсіл­дерін ұсынып, көкейкесті мәсе­лелерді тү­сін­­­­діруде және талқылауда жұртшылық пікірін ескерсе екен.

Жер – қазақтың асыл қазынасы, ең жанды жері екенін соңғы уақытта орын алған жағдайлар тағы бір мәрте дәлелдеп бер­ді. Алдағы уақытта жерді сату және шетел­діктерге жалға беру мәселесі мамандардың сарабынан өтіп, халық үшін де, ел эко­номикасы үшін де, Жер-анамыз үшін де ұтымды шешім шығады деп сенемін.

Жерді қамқорлыққа алу, тоздырмау, халықтың игілігіне пайдалану – өзекті мәселе. Ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбайтын, жерден нәпақа терген шаруалардың Жер-Ананың төсіндегі әр күні үмітпен өтеді. «Егінші жылда арман­да, балықшы күнде арманда» дегендей, диқандар «жеріме су шықса, сапалы тұқым сепсем, дақылыма күтім көрсетсем, ең соңында мол өнім алсам» деп ойлайды.

Елбасының сөзін тыңдаған халық көптеген пікір қайшылығын туғызған жер мәселесін ақылға салып барып, шешім қабылдау керек деген тоқтамды естіп, қуанысып жатыр. Расында, халықтың қалауы бірінші кезекте ескерілуі керек. Бұл орайда Елбасы қабылдаған шешімнің орны ерекше.

 

Мінәжадин ӨТЕЕВ,

облыстық мәслихат депутаты,

«Сыр маржаны» ЖШС директоры.

БИЛІК 11 мамыр 2016 г. 9 282 0