ҰЛТ ЖОСПАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА БАРЛЫҚ НЕГІЗ БАР

Жуырда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылуы туралы көптеген мәселелер түсіндіріліп, егжей-тегжейлі талқыланды. Брифингке Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева, Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев, Қазақстан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Əкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қатысты.

Үкімет басшысының орынбасары Д.Назарбаева Ұлт Жоспарының маңызын, Ұлттық комиссия атқарған жұмыстар жайын баяндады. Ұлт Жоспарын тиімді іске асыруға қажетті барлық негіз қаланғанын атап өтті. Мемлекеттік қызметке іріктеудің үш сатылы жүйесіне көшкенін, командалық ауыс-түйістің тоқтағанын, нәтижеге сәйкес жалақыға негізделген әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді бағалау әдісі енгізілгенін, сот жүйесі 5 буынды жүйеден 3 буынды жүйеге көшкенін атап өтті.

Брифингте 5 реформа бойынша әр жұмыс тобының жетекшілері өз салаларына қатысты жаңалықтармен бөлісті. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев заңның үстемдігі мен құқықтық тәртіпке қатысты реформалардың сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жаңғыртылуын қамтамасыз етуге арналғанын айтты. Сот процедураларын жеңіл, жылдам және ашық жүргізу үшін сот залдары процестерді бейне жəне таспаға жазуға мүмкіндік беретін жаңа жүйемен жабдықталуда. Жыл басынан сот органдары бес сатылы жүйеден үш сатылы жүйеге көшті. Сот қарап тексеру, тінту, алу жəне жеке басын тінту қызметіне санкция беру уəкілетті.

Алдағы жылдарда еліміздегі мемлекеттік сот орындаушыларының саны 70 пайызға қысқарады. Жеке сот орындаушылардың уəкілеті кеңейген. Жыл басынан бері екі жарым айда жекеменшік сот орындаушыларға 250 мың, мемлекеттік сот орындаушыларына 47 мың іс түскен.

Президент Əкімшілігі Басшысының орынбасары соңғы уақытта жан-жақты талқыға түскен мемлекеттік қызметкерлердің смартфон пайдалануына қатысты мәселеге тоқталды.

Смартфон ұстауға жергілікті полиция қызметкерлеріне ғана рұқсат етілген. Оларға азаматтардан «WhatsApp» арқылы шағым қабылдау үшін қажет. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министр Т.Донақов смартфонды жұмыс орнында пайдаланған басқа мемлекеттік қызметкерлер тəртіптік жазаға тартылатыны жөнінде қосымша түсіндірді.

Мемлекеттік қызмет істері министрі жыл басы­нан бері 123 төменгі лауазымға жалпы конкурс жарияланғанын, 27 адам мемлекеттік қызметке тағайын­далғанын айтты. Үміткерлерге мемлекеттік органдарға қызметке тұру үшін міндетті түрде сынақ мерзімі белгіленеді.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев жер қатынастары, құрылыс, электр энергетикасы, агро­өнер­кәсіптік кешен салаларында атқарылған ауқымды жұ­мыстарды баяндады.

Ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында осы жылдың 1 шілдесінен бас­тап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн гектар жерді аукцион арқылы саудалайды. Қазір 1,7 млн гектар жердің 645,4 мың гектары немесе 1271 жер телімі сатылымға дайын. Құрылыс саласында еурокодтар жүйесіне көшу басталды. Бастапқы рұқсат құжаттарын беру мерзімдері 40 күннен 17 жұмыс күніне дейін, эскизді жобаны келісу 60 күннен 15 жұмыс күніне дейін түбегейлі қысқартылды. Сыртқы сауда жүргізу рәсімдерінде, яғни тауарларды экспорттау кезінде – 3, импорттау кезінде 4 құжат қысқарды.

Қазақстан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов бірлік пен біртектілікті қалыптастыру, «Мәңгілік Ел» жаңа қазақстандық патриотизмді нығайтуға және дамытуға бағытталған жұмыстар жайын баяндады. Үш тілділікті жүзеге асыру арқылы қазақ тілінің маңызын арттыру, елде қалыптасқан полиэтностықты сақтаудың маңызына тоқталды. Келесі жылдан басталатын «Барлығы үшін тегін кәсіби-техникалық білім» атты жаңа жобасы туралы айтты.

– Егер 30 дамыған елдің қатарына енуге талпынатын болсақ, еліміздің туын жоғары көтеріп, экономикалық-әлеуметтік мәселесін де шешеміз дейтін болсақ, алдымен қоғамдық келісімді, еліміздің тұрақты дамуын тікелей қамтамасыз етуіміз керек, – деді Е.Тоғжанов.

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев мемлекеттік органдардың қызметін бағалайтын жаңа жүйе туралы айтты. «Мемлекеттік органдар, əкімдер, ұлттық университеттердің басшылары жыл сайын халық алдында есеп беру тəжірибесі енгізілді. Бірінші тоқсанда барлық əкімдер есеп берді. 2016 жылдың екінші тоқсанында – министрлер, үшінші тоқсанында ұлттық университеттердің ректорлары есеп береді», – деді.

Ұлт Жоспарының әр қадамы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталғандықтан, оның іске асуына билік те, халық та мүдделі.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

БИЛІК 04 сәуір 2016 г. 968 0