ЗАҢСЫЗ ИЕЛЕНГЕНДЕР ЖЕРІНЕН АЙЫРЫЛАДЫ

Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйі жанындағы өңірлік коммуникациялық орталығында облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қайрат Тоғызбаев пен қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғалымжан Еркебай БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында өңіріміздегі мемлекеттік жер учаскелерін өз бетінше иеленгендер мен заңсыз құрылыс салынған жер учаскелерінің мәселесі сөз болды.

Бүгінде заңсыз құрылыс салынған жер учаскелеріне түгендеу жұмыстарын жүргізу жөнінде жұмысшы топ құрылып, тиісті шаралар атқаруда. Анықталғанындай, қала аумағында мемлекеттік жерді өз бетінше иеленіп, заңсыз құрылыс салынған жер учаскелері 659-ға жеткен. Оның ішінде 268 құрылыстың иесі анықталса, 391 нысанның иесі әлі белгісіз.

ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодексінің 136-бабына сәйкес мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленіп алу деректері бойынша жеке тұлғаларға 75 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Кодекстің 811- бабына сәйкес айыппұл төлеуші 7 күннің ішінде өтейтін болса,оған 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иелену жағдайы тек қала көлемінде тіркеліп отыр. Оларға алдағы уақытта тиісті шаралар қолданылады.

 

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.

БИЛІК 26 наурыз 2016 г. 847 0