САЯСИ НАУҚАНҒА ЖАН-ЖАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ

Елімізде алдағы айда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға әзірлік жұмыстары сайлау заңнамасына сәйкес жүргізілуде. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, 9 ақпанда 298 кандидат ұсынылды, оның 24-і тіркелді. Кандидаттардың 53-і облыстық мәслихатқа, 204-і аудандық мәслихаттарға, 41-і қалалық мәслихатқаұсынылған. Кандидаттардың 295-і өзін-өзі ұсынғандар, ал 2-ін «Ауыл» партиясы, 1 кандидатты қоғамдық бірлестік ұсынған.

Қазіргі уақытта барлықсайлау учаскелері жауапты науқанға дайындықтарын пысықтап жатыр. Сайлаушылар тізімі нақтылануда.

Алдағы күндері мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығымен бірлесіп сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарларына, хатшыларына арналған оқулар ұйымдастырылады. Оған прокуратура, сот, ішкі істер салаларының мамандары да қатысады.

 

М.Мерей.

***

Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына қазір жержерде қызу дайындық жұмыстары басталып та кетті. Аталған жауапты науқанның барысын білмеккке Шиелі аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Молдабай Дулатовқа жолыққан едік. Сайлау комиссиясының төрағасы мәселені тарата баяндады:

– Шиелі ауданында 1 орталық сайлау комиссиясы, онан өзге 3 облыстық, 15 жергілікті мәслихат депутаттарын сайлайтын комиссиялар бар. Тағы да 37 сайлау учаскелері өз жұмысына кірісті. Сонда сайлау өткізуге жалпы 56 орында жұмыс ұйымдастырылады.

Нақты кезеңде саяси партиялар өз үміткерлерін іріктеп, додаға қосуға тыңғылықты әзірленуде. Ал олардан бөлек өзін-өзі ұсынатын үміткерлердің де қарасы баршылық. Бұл, әрине, жақсы, тұрғындардың ел болашағына мән беріп, оған атсалысуға ынталы болуы еліміздегі жариялылық пен сенімділіктің кепілі ретінде қарастырылады. Әзірге үміткерлердің құжаттары қабылданып, зерделену үстінде. Олардың 22-сі ер адам болса, 13-і әйел. Ал жас ерекшеліктеріне келер болсақ, 29 бен 59 жас аралығында. Жақын күндері саяси партиялардың өкілдері де бұл қатарды толықтыра түседі. Сөйтіп сайлау науқанына жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде, деді комиссия төрағасы.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

БИЛІК 11 ақпан 2016 г. 1 022 0