ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ РЕФОРМАЛАР

Елбасының бес институционалдық реформаларды жүзеге асыру және ағымдағы экономикалық жағдайды дамыту жөніндегі тапсырманы орындауға арналған Үкіметтің бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарынжүзеге асыру аясында жер қатынастары саласын реформалау шаралары да (35, 36 қадамдар) қамтылып отыр.

1. Ауыл шаруашылығы жерлерін нарық айналымына алу. Жерлерді аукциондар арқылы жекешелендіру. Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу. Бұл қадамды іске асыру үшін қолданыстағы ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы №389-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Аталған Заң 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңды әзірлеуде соңғы жылдардағы ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы мен олардың нарық айналымына алынуы жағдайына талдамалар жасалды. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тұжырымдамасының негізгілері ҚР жеке және заңды тұлғалары, оралмандар, шетелдік жер пайдаланушылардың жер учаскелеріне құқықтық жағдайы, жер пайдалану мерзімдері, жерлерге құқық табыстау тәсілдеріне қатысты болып отыр.

Заң қолданысқа енетін 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері ҚР азаматтарына және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тек жеке меншік құқығымен беріледі. Жер кодексінің 24-бабында қаралған жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлеріне жер пайдалану құқықтарын табыстау, сондай-ақ, жерлерді пайдалану мерзімін ұзарту мүмкіндігі алынып тасталды. Ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді жеке меншікке табыстау үшінжерлерді кезеңімен сату жолы таңдалды. Бұл жаңа механизм ауыл шаруашылығы мақсаты үшін жерлерді тек аукциондарда сату арқылы табыстауды көздейді. Осы механизмді іске асыру үшін ҚР Жер кодексі жаңа 48-1-баппен толықтырылды.

Жаңадан енгізілген бапқа сәйкес, босалқы жерлер құрамындағы ауыл шаруашылығы алқаптары алғашқыда ағылшын әдісі арқылы, одан кейін учаскелердің бағасын оның кадастрлық құнының 50 пайызы мөлшеріне дейін төмендете отырып голландиялық тәсілімен аукциондар арқылы табысталады. Бұл процесс аукцион мен конкурстардың өткізілетіні туралы республикалық және жергілікті БАҚ-та жарияланып, барынша ашық болады деп күтілуде.

Бұл бапты жүзеге асыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №290 бұйрығымен бекітілген «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электрондық түрде, ұйымдастыру мен өткізу қағидасына» өзгерістер енгізу қаралып отыр.

Қолданыстағы ҚР Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің негізгілерінің бірі – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жер пайдалану құқығындағы жерлерін пайдалану мерзімін ұзарту мүмкіндігі алып тас­талып, жалға алушымен жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін жерлерді сатып алу нормасы енгізілді.

Бұл өзгерістің енгізілу себебі неде? Өздеріңізге белгілі, республика көлемінде бұрынғы колхоздар мен совхоздардың жерлері еліміз егемендік алған уақытта жекешелендіріліп, ауылдағы әр тұрғынның жерлерге шартты үлестері анықталды. Шартты жер үлестері иелері 2003 жылы ҚР Жер кодексі қабылданған соң осы Кодекстің өтпелі ережелері негізінде шаруа қожалықтарына бірікті немесе серіктестіктер, өндірістік кооперативтердің жарғылық қорына үлестерін салым ретінде беріп бірікті. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы шаруа қожалықтары мен серіктестіктер, өндірістік кооперативтер қалыптасты, олардың басым бөлігі жерлерді жалға алушы.

Облыстағы жер есебінің мәліметтеріне сүйенсек, 2015 жылдың 1 қаңтары жағдайына облыстағы тауарлы ауыл шаруашылығы құрылымдарының меншігі мен жер пайдалануында 4923 учаскелер болса, олардың 80 пайызы жер пайдаланушы (3921 учаске), жеке меншікте 13 пайыз (660 учаске), тұрақты пайдалануда 7 пайыз (342 учаске). Яғни, облыстағы ауыл шаруашылығы жерлерінің 13 пайызында ғана нақты қожайыны бар болса, 80 пайызы жерді пайдаланушы ғана.

Жерді жалдау құқығымен алған тұлғаның оны тек табыс көзі ретінде ғана қолданып, жердің сапасының артуына, топырақтың деградациялануына қарсы шараларға, ондағы суғару жүйелерінің сақталуына көңіл бөлмейтіні, қаржы жұмсамайтыны, яғни мүдделі еместігі белгілі. Бұл өзгерістердің енгізілуінің басты себебі - жерлерді тек пайдаланып қана қоймай, оның сапалық жағдайына мүдделі жер иесін қалыптастыруда. Өзгерістер қазіргі таңға ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысып отырған тұлғалардың мүдделеріне қатысты болғандықтан, жер пайдаланушылардың құқықтарын ескеру мен қорғау, оларға жеңілдіктер беру де қаралған.

Біріншіден, жалға алушылар жерлерді сатып алуға басымды құқықта, олар жер учаскесін сатып алудан бас тартқан жағдайда ғана жерлер өзге тұлғаларға табыстау үшін аукционға қойылады. Екіншіден, сатып алуға мүдделілікті арттыру мақсатында жәнешаруашылықтардың бір мезетте жерлерін сатып алу мүмкіндіктері жоғын ескере отырып, жерлерді оның кадастрлық құнының 50 пайы­зы мөлшеріндегі жеңілдікті бағаға және 10 жылға дейін ұзартып сатып алу механизмі сақталмақ. Осы тұста ескеретін мәселе – үлесшілердің салымы есебінен қалыптасқан серіктестіктер мен өндірістік кооперативтердің пайдаланудағы жерлерін сатып алу жөніндегі мәселе қатысушылардың жалпы жиналысында шешіледі. Жиналыс жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін 1 жыл бұрын өткізілуі тиісті, жиналыс қатысушылардың 2/3 қа­тысқан жағдайда заңды болып есептеледі. Бұл өзгерістер Жер кодексінің өтпелі ережелер қаралған 171-бабының жаңа редакциясында белгіленіп отыр.

Біздің ендігі басты мақсатымыз – осы жер пайдаланушы агроқұрылымдар арасында түсіндірме шараларын жүргізіп, оларды жер пайдаланушыдан жер учаскесіне меншік иесіне айналдыру арқылы жерлерді нарық айналымына енгізу. Бұл шаралар босалқы жерлердегі ауыл шаруашылығы алқаптарын айналымға алуға, мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдердің түсуіне, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз жерлеріне инвестициялар салуына, оның ішінде ұзақ мерзімдік қызығушылығын арттырады деп күтілуде.

2. Жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету. Ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуына тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай отырған алаптарды әрі қарай жекешелендіру мақсатында мемлекеттік қорға алу.

Аграрлық сектордағы өнімділікті арттыру мақсатында ауыл шаруашылығын жүргізуге табысталған жерлердегі ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізумен байланысты нысандар құрылысын салу кезінде және тауар өндірушінің ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту процедурасы алып тасталды. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, шаруашылық пайдаланып отырған учаскеде немесе оның бір бөлігінде мал шаруашылығы кешендері, өндірістік жылыжайлар, суару құрылғылары және т.б. шаруашылық жүргізуге қажет құрылыстарды салу керек болған кезде учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту талап етілмейтіні заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Нысаналы мақсатын өзгерту процедурасының оңтайландырылуы – аграрлық сектордағы субъектілердің қызметін жеңілдетуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және инвесторларды тартуда тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жалпы жер қатынастарын реттеу саласындағы реформалар жерлердің иесін қалыптастыру, пайдаланылмай отырған жерлерді қайтарып алу, оларды ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысуға ниеттенген мүдделі тұлғаларға ғана табыс­тау бағытын ұстануда. Осыған байланысты жер пайдаланушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп, пайдаланылмай отырған жерлерді анықтау, пайдаланылмай отырған, заң бұза отырып пайдаланылған жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу механизмдері жасалуда.

2015 жылдың 27 наурызында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің №268 бұйрығымен «Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану Қағидасы» бекітілсе, қазіргі таңда осы Қағиданы іске асыру механизмі әзірленуде. Сондай-ақ, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 28.11.2014 жылғы ҚР Заңымен ҚР Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп, жергілікті өкілді органдармен пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерінің салық мөлшерін 10 есеге дейін жоғарылату мүмкіндігі берілді. Осыған сәйкес, жергілікті мәслихаттар шешімімен облыстағы барлық ауданда, қалада пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерінің салық мөлшерін жоғарылату коэффициенттері бекітілді (Арал ауданы мен Қызылорда қаласында 10 есе, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында – 5 есе, Шиелі ауданы – 3 есе).

Нақты мәліметтерге сүйенсек, респуб­лика көлемінде 2012-2014 жылдары жалпы көлемі 7,4 млн гектарды құрайтын 19,2 мың ауыл шаруашылығы мақсатындағы учас­ке анықталса, оның ішінде Қызылорда облысы бойынша 132,6 мың гектар аумақтағы 379 учаскенің пайдаланылмай отырғандығы белгілі болды. 100,8 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды, 19,9 мың гектар жерді шаруашылықтар қайта пайдалануға кірісті. Анықталған пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекетке қайтарып алуға немесе шаруашылықтардың өз жерлерін қайта пайдалануға кірісуге бағытталған жұмыстар – соңғы жылдар көлемінде тұрақты бақылауға алынып отырған мәселелердің бірі. Жалпы алғанда, 100 нақты қадамның қатарындағы 35, 36-қадамдар ауыл шаруашылығы жерлерін нарық айналымына алуды, жерлерді жекеменшікке беруге, сондай-ақ тиімді пайдалануға кедергі келтіретін әкімшілік барьерлерді жою механизмдерін енгізуге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту процестерін оңтайландыру арқылы аграрлық салаға қызығушылықты арттыруға, саланың өнімділігін көтеруге бағытталған шараларды жүзеге асыруды көздейді.

 

С.АЙТБАЕВА,

Қызылорда облыстық

жер қатынастары

басқармасының бөлім басшысы.

 

БИЛІК 04 ақпан 2016 г. 1 902 0