БОЛАШАҚҚА НЫҚ СЕНІММЕН

 

 

Кеше «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі өтті. Еліміздегі көшбасшы партияның бұл жиыны сындарлы сәтте елдің көкейіне болашаққа деген сенім ұялатқандай болды. Елбасы, Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің бүгінгі жағдайына шолу жасап, болашаққа бағдарын бағамдап берді.

– Алдымыздағы бес жыл Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тағдыр-талайы қандай болатынын айқындайды. Біздің еліміздің беріктігі, біздің бәріміздің беріктігіміз сынға түсетін болады. Баршамызды елді жаңарту орайындағы ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біздің міндетіміз – елді сақтау, Егемендікті нығайту және Ұлттың болашаққа барар жолын батыл ашу. Біз жаһандық сын-қатерден бұғып қала алмаймыз. Біз осыған қасқайып қарсы тұруға тиіспіз, – деді Елбасымыз сөзінде. Сонымен қатар «Қазақстан – 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Аталған құжат 5 институционалдық реформа шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі бағыттарын қамтиды.

Осылайша, Елбасы ел дамуы үшін жасалған жүйелі жос­парын жеткізе отырып, халықты жігерлендіре түсті. Ал мемлекеттік қызметкерлердің бойынан кәсібилік қасиеттің табылуы керектігін қадап айтты. Сонымен қатар шенеуніктерді есепке жүйрік, үнемге берік болуға шақырған Елбасы елімізде жемқорлыққа жол жоқ екендігін тағы бір рет айқындап берді. Тапқанын шетелдік банктерге жинап жатқандарды сынға алып, енді сол қаражатты ел үшін жұмсайтын кезең туғандығын жеткізді.

Еліміздің болашағы үшін көкейтесті мәселелер талқылаған съездің халқымыз үшін маңызы зор. Партия төрағасы анық мақсаттар мен нақты жұмыстарды міндеттеп берді. Енді сол жолда, Елбасы айтқандай, бар күш-жігерімізді аянып қалмаймыз.

Нұрмұрат ЕРМАНОВ,

«Нұр Отан» партиясы облыстық

филиалы жанындағы жемқорлыққа

қарсы іс-қимыл жөніндегі

қоғамдық кеңесінің төрағасы.

БИЛІК 30 қаңтар 2016 г. 1 514 0