ЕЛ ИГІЛІГІН ЕСЕЛЕЙТІН БАҒДАРЛАМА

Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІІ съезінде Мемлекет басшысы баяндамасында еліміз үшін, болашағымыз үшін бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Партия алдына нақты міндеттер қойды.

Екі мыңнан астам делегаттың қатысуымен өткен жиында Елбасы есепке жүйрік, үнемге берік болуды атап айтты. Сонымен бірге Президент қазір әлемдік геосаяси жағдай аумалы-төкпелі күйде тұрғандығын айтты.

– Соңғы уақыттарда әлемдік геосаяси жағдай аумалы-төкпелі күйде тұр. Алпауыт елдер арасындағы өзара талас-тартыс пен үлкенді-кішілі мемлекеттер арасындағы қақтығыстар өрши түсуде. Санкциялық және сауда-саттық соғыстары жүріп жатыр. Халықаралық қауіпсіздік жүйесіне қатер төнді. Қазақстан бар үмітін өзіне арта алады,– деген Елбасы ендігі үміт еліміздің әрбір азаматының жағдайды байыппен бағамдай білуіне байланысты болатындығына тоқталды. Осы орайда бірлігімізді нығайтуға күш салуымыз керектігін атап өтті.

Елбасының әлемде төртінші өндірістік даму кезеңінің басталып келетіні туралы айтқаны да көңілге қонды. Әлемдік төртінші өндірістік даму кезеңіне ілесудің жолдарын қазірден қолға алу керектігін айтқан Мемлекет басшысы осы бағытта нақты атқарылуы тиіс жұмыстарды атап берді. Мәселен, «Астанадан үш ғылыми өндірістік даму орталығын іске қосу, Алматыдағы инновациялық даму орталығының ісін ілгерілету, сонымен бірге нанотехнология, биотехнология, жоғары технологиялық ғылыми прогрестік даму көшінен қалып кетпеуге ұмтылғанымыз ләзім»,– деген Елбасы ғылыммен айналысуға жағдай жасап, қызығушылық танытатындарға осы салаларда еңбек етуі үшін барынша жағдай жасау керектігін көтерді.

Съезде партияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық.Жасампаздық» атты 2016-2021 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Аталған құжат бес институционалдық реформа шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі бағыттарын қамтиды. Тұтастай алғанда, бағдарлама 8 бөлімнен тұрады. Онда жаһандық сын-қатерлер және жаңа нақты ахуал мәселелеріне шолу жасалып, нақты іс-қимылдар қамтылады.

 

Райкүл БАЙНАЗАРОВА,

облыстық білім және ғылым

қызметкерлері кәсіподағының төрайымы.

БИЛІК 30 қаңтар 2016 г. 1 358 0