ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

 

Кеше облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменовтің төраға­лығымен облыс көле­мінде жолаушылар тасы­малын ұйымдастыру және автомобиль жолдары жүйесін дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттеріне ар­налған алқа мәжілісі өтті. Шараға басқарма басшылары мен сала мамандары, селекторлық байланыс арқылы аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Мәжілісте үш мәселе қаралды. Оның алғашқысы бойынша жолаушылар тасымалы және көлік жолдарын дамыту бағытында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Бәйімбетов баяндама жасаса, облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Е.Жолдасов жалпы пай­даланымдағы автомобиль жолдарының сақталуын қам­тамасыз ету мен жолаушылардың заңсыз тасымалына бақылау жұмыстарының жағдайы туралы айтып берді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы автомобиль жолдары мен көлік қатынасының мәселелері туралы қала әкімінің орынбасары А.Шәменов хабарлама жасады.

Жалпы атқарылған жұмыстарға тоқталған баяндамашылар облыс әкімі орынбасарының бірнеше сұрақтарына жауап берді. Атап айтсақ, 925 шақырымға созылатын «Қызылорда-Қарағанды» тас жолына байланысты күрделі жөндеу Бас жоспарда қаралғанымен, әлемдік дағдарысқа орай қаржы бөлу тоқтатылған еді. Болашақта халықаралық қаржы институттарынан қаржы тарту көзделіп отырғанын жеткізген М.Бәйімбетов, облыс орталығындағы әуежай терминалы мен сол жағалауды жалғайтын жаңа көпір құрылысына кететін шығын бюджеттен тыс көздерден ізделініп жатқанын айтты.

Ұсыныс-пікір айту барысында облыстық ІІД басшысының орынбасары Ә.Шаймағамбетов, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында көлікке соғылатын мал қарасы көптігін жеткізді. Осыған орай сақтық шаралар ұйымдастыру, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, жол бойындағы жабайы саудаға да тосқауыл қойылғаны жөн.

Аудан әкімдерінің орынбасарлары да бірнеше ұсыныстарын облыс әкімінің орынбасарының назарына салды. Мәселен, «Шиелі-Қызылорда» бағытында заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын «Хюндай» маркалы микроавтобустардың мәселесі де күн тәртібіне қойылып, заңсыз тасымалмен айналысатын жекелеген тұлғалар мен серіктестіктерге заң талаптарына сай әкімшілік жазалар қарастырылатыны айтылды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

БИЛІК 30 қаңтар 2016 г. 978 0