ІЗДЕНІС ЖЕМІСІН БЕРЕДІ

Мемлекет басшысының биыл­ғы халыққа Жолдауы нақ­ты жағдайларға барынша мән берілумен бірге, оның орындалу жолдары да айқын көрсетілген маңызды құжат екендігіне көзіміз жетті.

Елбасы қашанда жамаға­тының амандығы мен елдің тыныштығын алғашқы орынға шығара отырып, өз Тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр толатын мемлекетіміздің кей кедергілер мен тап болған сын-қатерлерден аман өтіп, болашақта әлемдегі табысы жоғары ел қатарына қосылатындығына сенімді екендігін айтты: «Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Мемлекет басшысы дұрыс болжамдап отыр деп есептеймін. Өйткені, біз де сексен жасқа тақалып қалдық, өмірдің ащы-тұщысын татып көрдік қой. Елдің ынтымағы бір, тірлігі мығым болса, алынбайтын қамал жоқ. Сол секілді дүниені кезе бастаған бұл дағдарыс да өтеді.

Президентіміз жастарға аталық ақылын да арнады. Олардың білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдылануына жол сілтеді. Жұмыс орны ашылған жерден қашқақтамай, батыл араласуы жастардың өзінше еңбек етуіне, өмір белестеріне көтерілуіне жол ашады.

Біздің Шиелі – негізінен ауыл­шаруашылық ауданы болуымен қатар, өнеркәсібі де өркендеген өлкенің бірі. Аудан өміріне ардагерлер де тығыз араласып, жұмыстың қалай жүріп жатқандығын бақылап, керек жерінде ақылымызды айтып жүреміз. Сонда байқайтыным, казіргі кезде жаңа техникалар мүлдем көп, олардың еңбек өнімділігі де зор, баяғы кеңестік кездегі техникалардан бірнеше есе күшті және онымен жұмыс істеу тіптен жеңіл. Алайда, бұл жаңа техникалардың тілін білу керек. Бұл туралы Елбасымыз өзінің жуырдағы Жолдауында орынды атап көрсетіпті. Өз мамандығын жете меңгеріп, шеберлігін шыңдау, техникалық мандықтарды игеруге жеңілдіктер жасалатындығы да айтылды. Рас, қазір инновацияның жолы ашылған заман. Сондықтан балаларымыз бен немерелеріміздің үнемі ізденіс үстінде болуы қажеттілік пен орынды талап деп түсінемін.

Қалдыбай СҮГІРБАЕВ,

еңбек ардагері.

Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
БИЛІК 08 желтоксан 2015 г. 1 356 0