МӘҢГІЛІК ЕЛ – БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ЕЛ

 
МӘҢГІЛІК ЕЛ – БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ЕЛБұл жолғы форум Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына арналды. Мұндай салмақты әрі маңызды шараға Сыр елінен делегат болу – мендей жас маман үшін үлкен мәртебе. Форумда еліміздің түрлі саладағы жетістіктері мен бағындырған белестері талқыланды. Бұл – өз кезегінде менің ғана емес, жалпы шараға қатысқан әрбір адамның кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатқаны анық. Себебі, жаһанда түрлі саяси жағдайлар орын алып жатса да, еліміздің болашаққа деген жоспары анық, оларды іске асыратын тетіктер де нық жолға қойылған. Бүгінде бұл бағыттағы тірліктер Елбасының бастамасымен қарқынды түрде жүзеге асуда. Солардың бірегейі – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы.

Қазақстанның ішкі-сыртқы дамуы, әлем жұртына өзін мойындатып, экономикасының күн санап жақсаруы – еліміздің әрбір патриотын қуантып, бойына мақтаныш сезімін ұялататыны даусыз. Қазақстанда білім беру саласы мен денсаулық сақтау ісі де дамудың даңғыл жолына қойылуда. Бүгіндеәлемнің алпауыт елдеріндегі жоғары оқу орындарымен бәсекеге түсетін білім шаңырақтары өз жерімізде де бар. Шет елдерде жасалатын оталар Қазақстанда да сәтті жүзеге асуда. Білікті де білімді мамандарымыз ғаламның әр бұрышында тәжірибе жинақтап, абыройлы еңбек етуде. Солардың қатарында Асхат Мырзабаев та бар. Ол – Ұлыбритания банкінде жарты жыл қызмет етіп, екі миллион доллар шамасындағы сыйақысын Қазақстандағы онкологиялық аурулармен күресуге бағыттаған, осылайша патриоттықтың нағыз үлгісін көрсете білген жан. Жүрегі жылылыққа, жаны мейірімге толы адамдардың мұндай әрекеті – көпке үлгі.

Форум барысында Қазақстанның жан-жақты дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген түрлі сала өкілдері сөз сөйлеп, шараға қатысушылардың отансүйгіштік сезімін арттыра түсті. Жақында ғарыштан оралған А.Айымбетовтің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Н.Әлімжановтың көпшілік алдында пікір білдіруі, сондай-ақ, ҚР Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері, жерлесіміз Б.Смағұлдың жалынды өлең оқуы жастарды жігерлендіріп, патриоттық рухтарын бір көтеріп тастады. Аға буын өкілдері мен еліміздің жас өрендерінің басын біріктірген шара жиынға қатысушылар жадында ұзаққа сақталып, керемет әсер қалдырғаны анық.

Еліміздің нағыз патриоттарының басын қосқан бұл форум таным мен тағылымға, мән мен мазмұнға толы жиын болды. Отансүйгіштіктің нағыз үлгісін көрсетіп, өз кәсібінің шебері атанған мамандардың жалынды пікірлері басқосудағы қоғамның жас буынына алдағы уақытта үлкен тәжірибе болады деп сенемін. Форум әрбір қатысушының Отанға, туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілік сезімін арттырып, Қазақстан Республикасының азаматы екенін мақтанышпен айта алатынын тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Гүлсім НҰРЛАНҚЫЗЫ,

облыстық «Қазақстан-Қызылорда»

телеарнасының редакторы.

БИЛІК 15 қазан 2015 г. 2 166 0