ӨРКЕНИЕТ БАҒЫТЫНДА ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ

Қазақстан қадам жасап отырған Дүниежүзілік сауда ұйымның ауқымдылығы сондай әлемдегі 157 ел осы ДСҰ-ның тәртібімен жүріп, ол бекіткен баршаға ортақ қағидатын басшылыққа ұстап, жаһандық сауда жүйесінің тәртібімен өмір сүреді. Ендеше, әлемдік сауда элитасының құрамына енген Қазақстан үшін алда тағы бір маңызды кезең басталғанын, оның елімізге еркін саудамен бірге бірқатар жауапкершілік жүктейтінін атап өткім келеді. Дегенмен, бұны ел дамуының кезекті сынағы деп қабылдаған ләзім. Ал қиыншылықтарға, ықтимал әсерлерге қарап, ондай сынақты кейінге ысыра беруге де болмайтыны бесенеден белгілі. Өйткені, Елбасының сара бағытымен Қазақстан – әлемнің озық отыз елінің қатарына ұмтылған, сол жолды стратегия ретінде айқындап, бекіткен мемлекет. Ендеше, дамыған елдердің басым бөлігі жүріп өткен даңғылға Қазақстанның түсуі де заңдылық.

Ал ДСҰ-ның басымдығына, оның жақсы тұстарына келетін болсақ, мұны түрлі салалардан көруге болады әрі ондай мүмкіндіктер мемлекеттердің белсенділігіне де, бәсекелестігіне де байланысты тәрізді. Ең ақыры тұтынушылар үшін, қарапайым халық үшін арзан әрі сапалы тауарлар Қазақстан рыногына ағылады деп күтілуде. Бұл дегеніңіз, өзіміздің қазақстандық тауар өндірушілерден де сапалы әрі арзан тауарлар шығару талап етіледі деген сөз. Ондай талап, түптеп келгенде, отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін шыңдайды.

Ресей мен Қытай секілді (екеуі де ДСҰ мүшесі) дүниежүзілік сауда алпауыттарының қыспағында тұрған Қазақстанға барынша халықаралық деңгейде реттелген, нақты тәртіпке сүйенетін сауда кеңістігі барынша маңызды мәселе. Бүгін болмағанымен, келешек дамуымызда бұндай қадам қазақ елі үшін маңызды болмақ. ДСҰ бұл тұрғыда ешкімді бөліп-жармай, тең қағидаттар ұсынады. Сол үшін Қазақстан да саудаға келгенде барлық елдермен терезесі тең болуы тиіс. Шикізаттық емес секторды өркендету үшін шетелдік инвестиция Қазақстанға ауадай қажет. Ал ДСҰ-ны жақтаушы сарапшылардың ең басты ұстанымы осы – шикізаттық емес секторға тартылатын шетелдік инвестиция болып табылады. Сондықтан олар Қазақстанның ДСҰ табалдырығын аттаған соң сыртқы қаржыландырудың ағылатынын алға тартады.

Осының барлығы Қазақстанның өркениеттің жаңа кезеңіне аяқ басқанын айғақтайды.

Нұрлан ПІРІМОВ,

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және

бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша

департаменті басшысы.

БИЛІК 30 шілде 2015 г. 2 075 0