ЖАЛАҚЫНЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ

Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақыларын төлеу жүйесіне жаңа тәсіл енгізіледі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облыстық департаментінің басқарма басшысы Берікбол Байқожаев баяндап берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай енді жаңа жылдан мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесі жаңа факторлы-балдық шкала тәсілімен жүргізілмек. Бұл тәсіл мемлекеттік қызметкерлерге еңбегіне сай әділ жалақы алуына мүмкіндік береді. Өйткені, қазір бір деңгейде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер жұмыс көлемінің әртүрлі болғанына қарамастан бірдей жалақы алады.

Бұндай тәсіл бірнеше алдыңғы қатардағы елдерде (АҚШ, Ұлыбритания, Жапония) және халықаралық ұйымдарда (мысалы, Дүниежүзілік банк) енгізілген және лауазымдарды сегіз ықпал бойынша нақтылайды. Атап айтқанда, қызметкерлерді басқару, жауапкершілік, дербестілік, жұмыс өтілі, арнайы білім деңгейі, байланыс деңгейі, жұмыс ауырлығы мен қабылдаған шешімдерінің нәтижесі. Аталған шкалада лауазым иерархиясын ғана емес, нақты бір қызметшіге салынып отырған міндеттердің маңыздылығы, жұмыстың жауапкершілігі мен оның нақты көлемі ескерілетін болады. Нәтижесінде, бір санаттағы қызметтерге әртүрлі жалақы төленуі мүмкін. Мысалға, бірдей мәртебедегі басқарма басшылары әртүрлі жалақы алады. Сондай-ақ қызметшілерге мотивациялаудың бір шарасы болып жұмыс нәтижелілігіне қарап қосымша сыйақы және үстемақы беру болып табылады.

"Б” корпусы қызметшілерінің жұмыс сапасы жылдық жеке жоспардың орындалуы негізінде бағаланатын болады. Бұл бағалаудың қорытындысы қосымша сыйақы беруге негіз болады. Бұл үшін міндетті түрдегі саралау тәсілі, яғни бағалау қорытындысына байланысты топтарға бөлінген қызметшілердің тізімін жасау қолданылатын болады. Бағалау қорытындысы бойынша қызметшілер 4 топқа бөлінеді: өте жақсы (10 %-ға дейінгі), жоғары (35-45 %), қанағаттандырарлық (40-50 %) және қанағаттандырарлықсыз (5% дейінгі) нәтижеге жеткендер.

Бірінші екі санаттағы қызметшілер қосымша сыйақы алады. Сонымен бірге оның мөлшері екінші топқа қарағанда бірінші топ үшін жоғарырақ болады. "Қанағаттандырарлық” және "қанағаттандырарлықсыз” нәтижедегі қызметкерлерге құзыретін дамыту туралы жеке жоспарлар құрастырылады. Соңғы топ үшін қызметінен төмендету (бос орын болған жағдайда) немесе босатылуы мүмкін.

Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік қызметшінің білімі мен тәжірибесін үнемі жетілдіре отырып, алға қарай ұмтылуына, сонымен бірге, мемлекеттік лауазымдағы қызметінің тиімділігін арттыруына ықпал етері сөзсіз.

Брифинг барысында басқарма басшысы Берікбол Байқожаев баспасөз өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

БИЛІК 25 шілде 2015 г. 1 073 0