Деректер – дәйекті жоспар негізі

 

Кеше облыс әкімдігінің мәжіліс залында агроөнеркәсіп өндірісіндегi статистикалық көрсеткіштердің жай-күйiне арналған селекторлық мәжіліс өтті.

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ауылшаруашылық саласында есеп жүргізу жайына тоқталып, мәселені кеңінен талқылады.

– Былтыр өсімдік шаруашылығындағы статистикалық есептің дұрыс жүргізілмегендігінен облыстың ауылшаруашылық жалпы өнімінің көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға төмен болды. Осы жылдары мал шаруашылығы саласында статистикадан қателер кеткен болатын. Осыған орай мал басы сәйкестендіріліп, базалық жүйеге енгізілді. Нәтижесінде мал басының нақты есебі белгілі болды. Былтырдан бастап шаруашылық бойынша есепке алу және тіркеу жазбаларын жүргізу ұйымдастырылды. Шаруашылық кітаптары егіс көлемі мен ауылшаруашылық өнімдерінің айқындығын көрсетеді – деген облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстар өз дәрежесінде атқарылмай келе жатқанына тоқталды.

Шаруашылықтардағы есеп беру кітабындағы кемшіліктерге аудан, қала әкімдері тиісті мән бермегенін атаған облыс басшысы маусым айында арнайы шақыртумен ҚР Статистика комитетінің мамандары тексеруге келетінін айтты. Сондықтан ағаттыққа жол берген жауапты тұлғалар қазірден жұмыстарын жүйелеуі қажет. Салғырттық танытқандардың жұмысына қатаң ескерту жасаған облыс әкімі мемлекет мақсаты мен мүддесіне, қаржысына нұқсан келтіргендердің жауапсыз қалмайтынын жеткізді.

Шаруашылық кітаптарына қатысты олқылықтар аз емес. Мәселен, Арал ауданында төрт түлікке арналған кітаптар толық үлестірілмеген, ал Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде жер туралы деректер шаруашылық жүргізу кітабында дұрыс толтырылмаған. Қармақшы ауданы Жосалы кентінде тұрғын үй туралы мәліметтер дұрыс көрсетілмесе, Жалағаш кентінде шаруашылық мүшелерінің қолдары қойылмағандығы анықталған. Сондай-ақ, Тереңөзек кентінде шаруашылық кітапшалары ішінара толтырылса, Шиелі кентінде тек 30 пайызға ғана толтырылғаны белгілі болды. Ал Жаңақорған кентінде үйді сәйкестендіру кодында кінәрат кетіп, тұрғын үй туралы мәліметтер толық түспеген. Ауылдық, аудандық, қалалық әкімдердің жауапкершілігіндегі жұмыстар толыққанды өз дәрежесінде атқарылмағаны айқын болды.

Арнайы селекторлық мәжілістің мақсатын түсіндірген әкім маусым айының соңына дейін барлық сала басшыларына кемшіліктерді жөндеуге уақыт берді. Облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязовқа мәселені арнайы жүктеп, ауылдар мен аудандарды тексеруге жұмыс тобын құруды тапсырды.

Талқылауда статистикалық мәліметтердің облыстың агроөнеркәсіп кешенінің қызметіне толық жауап бермейтінін ескерткен аймақ басшысы статистика басқармасының басшысы Б.Сапар мен ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Т.Бекішевке бірлесе жұмыс істеуді тапсырып, агроөнеркәсіп саласындағы статистикалық есептің нақты әрі дұрыс жүргізілуін қамтамасыз етуді жүктеді.

Облыста көкөніс, бақша дақылдарының 95 пайызы жеке шаруа қожалықтарында өңдірілетінін ескерсек, шаруашылық кітаптарын жүргізуді өз деңгейінде ұйымдастыруды аудандық әкімдіктер қамтамасыз етуге міндетті.

Шаруашылық кітаптарындағы деректер арқылы жоспарлар түзіліп, бюджет қаражаты алынған мәліметке орай бөлінетінін баса айтқан Қырымбек Елеуұлы ветеринарлық бақылау басқармасы мен аумақтық ветеринария инспекциясы басшылығына мал басы дерекқорын ауылшаруашылық мәліметтерімен салыстыра отырып, шаруашылық жүргізу кітабындағы сандармен байланыстыра зерттеп отыруды тапсырды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

БИЛІК 14 мамыр 2015 г. 1 007 0