Елбасы бастамаларын қолдап, тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз

ҚазАқпарат - Біздің мемлекет қалыптасу кезеңін бастан өткізуде. Өткелде ат ауыстырмайды. Бүгінгідей әлем дағдарысқа түскен уақытта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ауызбіршілікте болу үшін Елбасы жанында топтасу - уақыттың өзі артып отырған жауапкершілік.

Төрткүл дүниеге Қазақстанды аз ғана уақыттың ішінде әйгілеген Президентімізді ұлықтау рәсімінде мен ерекше толқыдым. Осындай алмағайып сындарлы кезеңде қандай да қиындықтан алып шыға алатын ұлт көшбасшысы барына мақтануымыз керек. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиев осылай дейді.

Мұнан әрі ол Мемлекет басшысының тәуелсіздік алған жылдар ішінде атқарған қыруар еңбегін саралап, жемісті жылдардың ізі қазақ тариында алтын әріптермен жазылатынын айтты.

«Президентіміз Қазақстанның дамуына қауіп төндіретін 5 жаңа сын-қатерді атап өтті. Біз бүгінмен өмір сүріп жатқан жоқпыз. Алдағы он, жүз жылдықтарды болжап, елдің ертеңгі дамуының алғышарттарын қазірден қарастырудамыз. Ол және сәтсіз де емес. Оны осы күнгі даму үдерістерімізден байқауға болады. Қазақстанның аграрлық саласы осы жылдар ішінде адам айтса нанғысыз жағдайда дамыды. Өзім басшылық жасайтын компания күріш егумен айналысады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек жылдан-жылға артып келеді. Қарапайым ауыл еңбеккерінің ел ертеңіне деген сенімі нығайды. Енді тек қана адал еңбек ету керек. Біздер қашанда ізашар болып, жол бастаған Елбасы бастамаларын қолдап, тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз», - дейді Еңбек Ері А. Ерәлиев.
БИЛІК 04 мамыр 2015 г. 2 407 0