Бабалардың арманы мен бүгінгі еліміз бен ұрпақтың биік мақсаттары барлығы үндесіп жатыр. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Елбасымен бірге - жаңа жеңістерге!» жастар форумында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірлігі бар қазақты ешкім жеңе алмаған, жеңсе тек қана бір-біріне қазақты айдап салып әлсіретіп, содан кейін алған. Ресейдің бізді бодандық жасағанының ең негізгі мәселесі сол болды. Бұл тарихтың бізге берген тағылымын еш уақытта ұмытпауымыз керек. Мен еліміздің мәңгілік темірқазығы болатын идея төңірегінде азаттықтың алғашқы күндерінен бастап толғандым. Неше ғасыр өтсе де ескірмейтін, мәңгілік болашақпен сабақтасатын идея болуы қажет еді», - деп тоқталған Президент, осы орайда ата-бабаларымыздың елімізді Мәңгілік ету ойы бүгінге дейін жеткендігін, осынау мағынада барлық мақсат қамтылғанын атап өтті.
«Бабалардың арманымен бүгінгі еліміз бен ұрпақтың биік мақсаттары үндесіп жатыр. Қазақстанның ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел осыдан туындаған идея. Бабаларымыз тасқа басқан өсиеттерін іске асырып, Мәңгілік Ел болуға бет бұрдық. Ұлттық идеяны іске асыруға белсене атсалысатын сіздер, жастар, ұрпақтың алғашқы легі боласыздар», - деді Елбасы.