ДСҰ-ға өткеннен кейін елімізде байланыс қызметі төмендеп, шетелдік банктер филиалдары көптеп ашыла бастайды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.
«Қазақстанның ДСҰ-ға өткеннен кейінгі 2,5 жылдан соң, яғни өтпелі кезеңнен кейін қалааралық және халықаралық байланыс қызметін көрсететін телекоммуникациялық компаниялардағы шетел капиталы үлесінің 49 пайыз мөлшеріндегі шектеуі қолданылмайтын болады. Осылайша, бұл салаларда шетелдік телекоммуникациялық компаниялар тарапынан салынатын инвестицияларға жол ашылады. Сонымен бірге, «Қазақтелеком» компаниясындағы шетел капиталының мөлшері 49 пайыздан аспауы туралы шектеу ДСҰ-ға кіргеннен кейін де әрі қарай мемлекет тарапынан қолданыла беретін болады», – дейді министр.