«ДОСТЫҚ ҮЙІ» ЖАЗДА АШЫЛАДЫ

Сейсенбі күні аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев облыс орталығындағы бірнеше нысандарды аралады. Әсіресе орта білім беретін мектеп асханаларының жұмыстарымен танысты.

Бүгінде Қызылорда қаласындағы білім ошақтарында орналасқан асханаларға жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Алматылық «Kaz Multi Catering» серіктестігі қаланың бес мектебінде «Құнарлы тағам» жобасы аясында тамақтандыру ісін ұйымдастыруды қолға алып отыр.

Облыс әкімі №264 және №101 мектептерінде болып, асханаларының жөндеу жұмыстарымен және материалдық-техникалық базасымен танысты.

Мердігер мекеме «Kaz Multi Catering» ЖШС басшылығының айтуынша, компания былтыр мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында озық жобаны жүзеге асыру бойынша байқауды жеңіп алған. Бұл компания Сочи қаласындағы Олимпиада кезінде қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру тәжірибесін негізге алады.

– Қызылорда елімізде жоба жүзеге асырылатын алғашқы өңір болып табылады. Яғни, бірегей жобаны ұсынғанымызда жергілікті билік бірден қолдады. Тозығы жеткен құрал-жабдықты жаңа әрі сапалы қондырғылармен алмастырып, асхана қызметкерлерінің жалақысын көтердік. Құрал-жабдықтың қуаттылығы мектеп ішінде шағын комбинат ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әріптестігіміз ұзақ болып, болашақта осы ісімізді жалғастырсақ дейміз, – дейді компания директоры Арман Кәрімжанов.

Қаланың бес мектебінің асханасына жөндеу жұмыстары жасалып, қазіргі заманға сай құралдармен жабдықталған, оқушылары толыққанды ыстық тамақпен қамтылған. Екі мектептің жөндеу жұмыстарының құны 30 млн теңгені құрайды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Достық үйінің» құрылыс жұмыстарымен танысты. «Достық үйі» болып қайта жаңғыртудан өтіп жатқан бұрынғы Ы.Алтынсарин атындағы кинотеатр ғимараты облыстық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Жайсан Сыздықовтың жеке меншігінде еді. Бүгінде жеке кәсіпкер, ел азаматы Ж.Сыздықов кинотеатрдың жо­ба­лық-сметалық құжаттамасын әзірлеп әрі құрылыс жұмыстарын өз есебінен қаржы­ландырып, шілде айында ел игілігіне тарту жасамақшы.

Ғимараттың жалпы ауданы 1300 шаршы метрді құрайды, тағы да дәл осындай көлемде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Толық қайта жаңғырту жұмыстары 1 шілдеде аяқталады деп жоспарлануда. Жөндеу аяқталған соң мұнда облыстағы барлық 11 этномәдени бірлестіктер орналасып, ел татулығы мен ұлттардың ұлылығын дәріптейтін болады.

Нұрбек Дәуренбеков.

БИЛІК 19 ақпан 2015 г. 1 363 0