ҚАЛАДАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ІСТЕР БӘСЕҢДЕМЕЙДІ

Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындар алдында есеп берді. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешов қатысты.

– Қазақ халқында «Адамның өскені әрбір өткен жылымен, шаһардың өскені әз-халықтың сынымен бағаланады» деген сөз бар. Бұл қаласына қарап қоғамның бүгінін, халқына қарап әлеуметтің болашағын бағамдайтын осы заманның ақиқаты. Сондықтан халық алдында жыл көлемінде еткен еңбегімізге есеп беру біз үшін Елбасы белгілеген тәртіптің қалпына да, ел дәстүрінің салтына да сай айнымас дағдыға айналды, – деп сөз бастаған қала әкімі Н.Нәлібаев қызылордалықтарға өткен жылы атқарған жұмыстарын паш етті.

Н.Машбекұлының мәлім­деуін­­ше, облыс орталығында был­­тыр ауқымды жұмыстар ат­қа­­рылған. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі азайған. Есепті кезеңде өнеркәсіп кәсіпорындары 1 трлн 45 млрд 478 млн теңгенің өнімін өндірген. Облыста өндірілген өнімнің 92 пайызы, салынған құрылыс нысандарының 50 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде екен. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 31 млрд 280 млн теңгені құрап, тамақ өнімдерін өндіру 29,5 пайызға, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 3,2 пайызға, құрылыс материалдарын өндіру 18 пайызға артқан. Қала бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға ұлғайтылып, 38 млрд 585 млн теңгені құрайды. Бұл қаржының 32 пайызы білім, 33 пайызы коммуналдық шаруашылық, 23 пайызы құрылыс саласына бағытталған.

Қалада ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалар нәтижелі жүзеге асуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасымен жос­парланған жұмыстар бір жарым есеге, «Құлан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар екі есеге артығымен орындалған.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 4 млрд 900 млн теңгені құрайтын 64 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл облыс бойынша атқарылып жатқан жобалардың 85 пайызын қамтиды. 2014 жылы жалпы құны 1 млрд 55 млн теңгені құрайтын бес жоба іске қосылып, жаңадан 105 жұмыс орны ашылған. Жалпы, жыл көлемінде бес мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

Өткен жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қалада «ҚазГерМұнай» АҚ демеушілігімен 70 млн теңгеге «Шұғыла» мөлтек ауданында демалыс сквері, «Қор» мұнай ком­паниясының демеушілігімен 215 млн теңгеге Сырдария өзені­нің оң жағалауында демалыс сквері мен аллеясы салынып, абаттандырылған.

Облыс орталығында салынған тұрғын үйлер көлемі өсуде. Жыл басынан қаржыландырудың бар­лық көздері есебінен жалпы ауданы 143 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген.

Бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеріп, біршамасы күрделі жөндеуден өткен. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін екі аспалы көпір салынып, «Бо­ла­шақ» университеті тұсын­да­ғы аспалы көпір пайдалануға берілсе, «Жайна» сау­да үйінің маңындағысы жақын күндері ел игілігіне берілетін болады.

Тұрғындар арасында сұра­нысқа ие және өзекті мәселе­лердің бірі ол – жеке тұрғын үй үшін берілетін жер телімдері. Есепті мерзімде өтініш білдірген азаматтар саны 40 мыңнан асқан. Бұл орайда Н.Нәлібаев қала аумағында тұрғындар қажеттілігі үшін жер телімін дайындау мақсатында «Қызылорда-Жезқазған» авто­жо­­лы­­ның бойынан әзірленген кө­ле­мі 980 гектар аумақты игеру мақ­сатында, инженерлік-инфра­құрылымды дамытуға қалалық бюджеттен 48 млн теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжат­тары әзір­леніп, мемлекеттік са­рап­та­маның оң қорытындысы алынғанын айтты. Әрі қарай жобаны жүзеге асыру үшін республикалық, облыстық бюджеттерден тиісті қаржы сұралуда.

– Мен есебімде негізгі деген мәселелерге тоқталдым. Алда атқарылатын жұмыстар көп. Биылғы жылы жүзеге асатын жұмыстар Елбасының «Нұрлы жол– болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан бастау алатын міндеттерді орындауға бағытталады, – дей келе, – ендігі жерде Елбасының экономикалық саясатын ел мүддесіне сай жүзеге асырып, өнімді еңбек ету, Қызылорда қаласын айшықты ордаға айналдыру Сіз бен біздің міндетіміз деп білемін. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді халқымыз. Қаламыздың ортақ мұрат-мақсаттары жолында ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасында алар асуларымыз биік болсын, – деп Н.Нәлібаев сөзін түйіндеді.

Қала әкімінің баяндамасынан соң жиынға қатысушы тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Тұрғындардың бірі ірі сау­да орындары маңында көліктердің бейберекет тоқтауларын ретке келтіруді сұраса, келесі бірі шет көшелерді жарықтандыру мәселесіне тоқталды. Сонымен бірге саяжайлардың инфрақұрылымдарына көңіл бөлу керектігі де айтылды. Тұрғындар сұрақтарын мұқият тыңдаған қала әкімі көтерілген мәселелердің барлығы рет-ретімен, кезең-кезе­ңімен шешілетінін алға тартты.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда Сыр елінің бас қаласы болғандықтан облыста алар орны әрқашан ерекше екенін айтты және Елбасының тапсырмасына сәйкес құрылысы басталған әлеуметтік нысандарды сапалы, уақытылы аяқ­тау қажеттігін тапсырды. Сон­дай-ақ, «Сыр өңірі – қаза­қы­лықтың қаймағы бұзыл­маған кие­лі өңір. Сол себепті бүгінгідей дағ­дарыс кезінде елдің берекесі мен бірлігін дәлелдеп, Сыр елі сыр бермей, тірлігімізбен Елбасына тірек болуымыз керек», – деп ел­ді түсіністікпен жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Айнұр БАТТАЛОВА.

БИЛІК 12 ақпан 2015 г. 1 273 0