ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМ, ЖАҢАША МІНДЕТТЕР

Былтыр елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізіп, мемлекеттік органдардың сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ететін жаңа құрылым құру туралы шешім қабылданды. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізетін жаңа құрылған органныңжұмысы қандай деңгейде, өздеріне жүктелген ауыр да жауапты міндетті қалай атқарып жатыр деген сауал төңірегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Қарымсақовпен әңгімелескен едік.

– Мұрат Секешұлы,ең алдымен өзіңіз басқарып отырған жаңа құрылымның құзыреті жөнінде айтып берсеңіз?

– Өз жұмысын бастаған жаңа орган сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себептерінің алдын алуды басты мақсат ретінде белгілеп отыр. Біздің алдымызда жемқорлықпен күресте жаңаша бағыт ұстану, яғни жемқорлық фактісін анықтап, кінәлілерді жазалау ғана емес, сыбайластықтың пайда болу шарттары мен себептерін анықтау стратегиялық міндеті тұр. Атап айтқанда, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, жемқорлықтың жасалуына ықпал ететін жағдайдың көлемін кеміту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған іс-шараларды кеңінен жүргізу. Сондай-ақ, бұл міндетке мемлекеттік қызмет пен қызмет көрсету сапасын көтеру, жемқорлық қылмысты анықтау, тергеу мен оны ашу кіреді.

– Иә, сыбайлас жемқорлық қоғамымыздың жегі құрты болып тұрған жайы бар. Жуырда Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы он жылдық стратегиясы қабылданды. Осы орайда сыбайлас жемқорлықпен күресті неден бастау қажет деп ойлайсыз?

– Желтоқсан айында қабылданған жаңа стратегияның мақсаты –мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы оған бүкіл қоғамды тарту және елімізде сыбайластық деңгейін төмендету болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін біріншіден, тұрғылықты халықтың көрсетіліп отырған мемлекеттік қызмет сапасына деген қанағаттанарлық сезімінің деңгейін бағамдап отыру қажет. Өкінішке орай мемлекеттік қызмет түрін алу көп жағдайда азаматтың құқықтық мәдениетінің төмен болу себебінен сыбайлас жемқорлықтың құрбанына айналады. Бұған халықтың сауаттылық деңгейінің төмендігінен бөлек мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратпен қамтылмағандығы себеп болады. Сондықтан мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасына ішкі бақылау орнатылуы, сапалы мониторинг жасалуының маңызы зор. Мәселенің өзегі – қолжетімді құқықтық білім алуда тұр. Бұл ретте әрбір тұлғаның өз есімін білгендей, мемлекеттік қызмет көрсету барысында өз құқығын білетіндей жағдай жасауымыз қажет. Аталған жағдай сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу-тәрбиелік бағдарламаларды енгізу, мемлекеттік органдардың өз-интернет ресурстарын сапалы түрде жасақтау және қоғам өкілдерімен тығыз да сенім ұялататын байланыс орнату нәтижесінде орын алады. Екіншіден, сыбайлас жемқорлық көріністерінің орын алу жағдайларының себептері мен шарттарына қатысты нақты зерделеу жұмыстарын жүргізу. Біз өз қызметімізді жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың жұмысын зерттей отырып, жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтардың пайда болу жағдайларын анықтап, оларды жою бойынша орындалуы міндетті болып табылатын ұсыныстар беретін боламыз. Үшіншіден, тұрғылықты халықтың ақпаратпен қамтылу мүмкіндіктерін көбейтіп, олардың сыбайластық көріністерінен қорғалу құралдарынан хабардар болуы. Жемқорлыққа қарсы тұруда қоғам мен мемлекеттің бірлесе жұмыс жасауы маңызды рөл атқарса, әсіресе, сыбайлас жемқорлық көріністеріне деген «жек көру» сезімін қалыптастыруда бұл байланыстың орны ерекше.

Азаматтарды қабылдау, кәсіпкерлермен кездесулер, жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жан-жақты баяндау үшін журналистер арасында байқау, пікірталастар, қоғамдық тыңдаулар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, дәрістер сияқты шаралар өткізу жүзеге асырылуда. Біз біржолғы акциялармен шектеліп қоймаймыз. Агенттік халықпен кері байланысты Кеңес беру орталығы арқылы жүзеге асырмақшы. Байланыс орталықтарының (Call-center) қызметкерлері тәулік бойы азаматтарға заңнама нормалары мен белгілі бір сыбайлас жемқорлық жағдайында әрекет ету тәртібі жайлы түсіндірмелер беріп отырады. Еліміздің барлық өңірінде сыбайлас жемқорлық пен сапасыз мемлекеттік қызмет көрсету көрінісімен бетпе-бет келгенде хабарласа алатын «1494» сенім телефоны жұмыс істейді. Сондай-ақ күн сайын азаматтарды жеке қабылдау өткізіледі. Оған қоса, агенттіктің өңірлік департаменттері жанында қоғамдық кеңестер жұмыс жасайды.

– Мемлекеттік қызметшілер арасында жағымсыз құбылысты болдырмау мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылмақшы? Мемлекеттік кадрлық қызмет саласында қандай жұмыс атқарылуда?

– Мемлекеттік қызметшілер арасында да ауқымды шаралар жоспарланып отыр. Себебі, мемлекеттік қызметшілердің адалдығы және олардың қызметінің ашықтығы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының табысты болуының негізі. Біздің департамент ең алдымен, кадрларды іріктеу механизмдерін үміткерлердің заңдылықты формальді түрдебілуіне емес, олардың кәсіби және жеке бас қасиеттеріне негізделетіндей өзгертуге күш салмақ. Мемлекеттік қызметке қабылдау барысында-ақ кәсібилікті, этикалық қасиеттерді, сыбайлас жемқорлық жағдайларына «бейімділікті» бағалауға мүмкіндік беретін критерийлер дайындалатын болады. Мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа бармауы – бірінші кезекте олардың білімділігі мен біліктілігінің жоғары деңгейде болуын талап етеді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерді осы бағытта оқыту одан әрі жалғаса береді. Департамент жемқорлықтың алдын алу мақсатында облыс көлеміндегі барлық 400-дей мемлекеттік органдардың арасында түсіндірме жұмыстарын бастады.

Екінші сұрағыңызға тоқталатын болсақ, Мемлекет басшысы халық пен мемлекетке қызмет етуді басты парызы санайтын кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды басты мақсат ретінде қойып отыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда мүмкіндігінше тиімді мемлекеттік қызмет моделі қалыптасты. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау кезінде үміткерді бағалаудың балдық жүйесі секілді жаңа тиімді тәсілмен әңгімелесу енгізілуде. Мемлекеттік міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан кәсіби мемлекеттік басқарушылар тетігі жетілдірілді. Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет жүйесінде кәсібилігімен көзге түскен дарынды қызметкерлерді басқару жүйесі қолға алынбақшы. Бұл жүйе мемлекеттік қызметтің әр саласындағы көшбасшыларды іріктеуге септігін береді.

Қызметке қабылдау барысының тиімділігін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында кез келген конкурстық комиссияның отырысы ашық болуы керек. Алдын ала тіркелген бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйым өкілдері сол комиссияларға бақылаушы ретінде қатысады. Олар конкурсқа қатысқандарды емес, комиссия жұмысын бағалайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

БИЛІК 14 ақпан 2015 г. 1 455 0