ЖАЛАҚЫНЫ УАҚЫТЫЛЫ ТӨЛЕУ күнделікті бақылауда болатын өзекті мәселе

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен өткен  дағдарысқа қарсы штаб отырысында әлеуметтік наразылықтың алдын алуға бағытталған, атап айтқанда, жалақыны уақытылы төлеу, жұмыс орындарын сақтау мәселелері талқыланды.
– Кәсіпорындардың, шар­уа­шы­лық субъектілерінің жала­қыға қарызын өтемеуі бұл өзекті мәселелердің, әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін жағдайлардың бірі деп қарауымыз керек, – деді күн тәртібіндегі мәселеге қатысты  облыс басшысы, – өткен жылы бұл бағытта прокуратура органдарымен бірлескен нәтижелі жұмыс жүргізіліп, жыл аяғына таман жалақыға қарыз мөлшері төрт еседен астам қысқарып, бар болғаны 11,6 млн теңге қарыз қалды. Ол белгілі «МИГ-21» ЖШС. Ал енді биылғы жағдайға келетін болсақ, 30 қаңтарда жеті мекеменің жалақыға қарызы 160 млн теңгені құрап отыр.
Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаев штаб отырысына қатысушыларға жалақыға қарызы бар мекемелер туралы деректерді жеткізді. Бүгінгі таңда 1327 жұмысшыға 160 млн теңге жалақысы бар мекемелердің тізімін «МИГ-21» ЖШС бас­тап тұр. «Латунь» ЖШС сегіз жұмысшыға 857 мың теңге, «Қызылордасужүйесі» кәсіпорны 700 жұмысшыға 77 млн. теңге, «Азия» ЖШС 180 жұмысшыға 29 млн теңге, «КазРосмұнай» ЖШС 200 жұмысшыға 24 млн теңге, «Сұңқар» ЖШС 86 жұмысшыға 61,1 млн теңге және «Сексеуіл су құбыры» мекемесі 40 жұмысшыға 1,5 млн теңге қарыз болып отыр. Басқарма басшысы осыған байланыс­ты 4 ақпанда прокуратура қызметкерлері қатысуымен басқосу өткізгенін жеткізді. Бұл жиында жалақыға қарызы бар мекемелер басшылары өздерінде орын алып отырған кемшіліктерді мойындап, жалақы қарызын жою туралы шараларды тездетуге уәде берген. Атап айтқанда, «Қызылордасужүйесі» бас­шы­лығы 9 ақпан күні жалақы қарызынан құтылатынын айтқан. Өйткені, мекеме есепшотына 81 млн теңге қаржы түсіп отыр. «Казросмұнай» басшылығы 20 ақпанға дейін қарызды жабуға уәде берген. Сатуға шығарып қойған мұнайы бар және бұларға қарыз субъектілермен жұ­мыс жүргізілетін болады. «Азия» серіктестігінде күнделікті түскен қаржыны ешқайда жібермей, жалақыға төлеу ұйымдастырылуда. Осылайша 65 млн теңгелік алғашқы қарыз көлемі  29 млн теңгеге түсті. «Латунь» ЖШС басшылығы бір миллион теңгеге жетпейтін қарызын 25 ақпанға дейін төлеп құтылуға уәде беріп отыр. Басқарма басшысы Шаған ауылындағы мектепті салуға қатысқан «Сұңқар» ЖШС-да қиын жағдай қалыптасып отырғанына отырысқа қа­тысушылар назарын аударды. Серіктестіктің мемлекеттен алашақ 96 млн теңге қаржысы бар. Ал облыстық құрылыс басқармасы соттың шешімі шықпай бұл қаржы берілмейтінін айтып отыр. Ал сот қашан аяқталады және қандай шешім шығаратыны белгісіз. Егер ол шешілмеген жағдайда қиын жағдай қа­лып­­тасуы мүмкін. Қазір жұ­мысшылардың бәрі арыз жазуда. Н.Жолдасбаев «Азия» және «Латунь» серік­тестігі  басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын да айтып өтті. Сол секілді, өткен жылы жұмысшыларымен арадағы кейбір келіспеушілікке қа­тысты орын алған келеңсіз жағдайларға байланыс­ты «Дәнекер» серіктестігі бас­шы­лығына және «Сиву-Қы­зылорда» мекемесінің еңбек қауіпсіздігіне жауапты тұл­ғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Басқарма басшысы сөз соңында облыс әкімі тапсырмасына орай аймақтағы жұмыс берушілермен жұмыс­шыларын қысқартпау туралы меморандумға отыру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бүгінгі күнге дейін мұндай 563 меморандумға қол қойылған. Меморандумға отырушылар негізінен ірі және орта кәсіпорындар. Бұл жұмыс әлі жалғасу үстінде.
Облыс әкімі штаб отырысына шақырылған жалақыға қарызы бар мекеме басшыларына 15 ақпанға дейін толық құтылу туралы талап қойды. Мейлі мүліктерін сатып немесе құрылыс материалдарымен, техникаларымен есептессе де қарызын жабуы тиіс. Қырымбек Елеуұлы бюджеттік бағдарламалармен жұмыс істейтін басқармалар мен департаменттер өз салалары бойынша мониторинг жүргізіп, жалақының уақытылы төленуін бақылап отыруы тиіс екенін қадап айтты. Қандай да бір мәселе туындап жатса, еңбек инспекцияларымен, басқа да құзырлы органдармен жедел түрде тиісті шаралар қолға алынуы тиіс.
– Егер мұндай ақпаратты жасырып қалу, оған қарсы уақытылы шараларды қолға алмау бұл мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп есептелуі тиіс. Бұл жағдайда жауапты тұлғаның атқарып отырған қызметіне сәйкестігі қаралатын болады,  –  деді сөз соңында облыс әкімі.
 
Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
БИЛІК 10 ақпан 2015 г. 1 437 0