СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС НЫҒАЯ БЕРЕДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Серджио Маттареллаға Италия Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Жеделхатта Қазақстан мен Италия арасындағы достық, өзара сенім және стратегиялық серіктестікке негізделген екіжақты қарым-қатынастар халықтарымыздың игілігі үшін нығая беретіндігі айтылған.

«Алдағы уақытта Сізбен бірге елдеріміздің зор ынтымақтастық әлеуетін барынша дамытуға күш жұмсайтыныма қуаныштымын», – делінген жеделхатта.

Соңында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев С.Маттареллаға зор денсаулық, жаңа қызметіне табыс, ал достас Италия халқына бақ-береке тіледі.


 

 

ЖАСТАР ЖАҢҒЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

 

«Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі Диляра Даминова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Хат авторы өзінің 1999 жылы АҚШ-та Рочестер технологиялық институтының магистратурасын үздік бітіргенін айтады.

Қазақстанға келгесін Д.Даминова алған білімін тәжірибе жүзінде қолданып, бірқатар мекемелерде жұмыс істейді, ал 2008 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Онда қорықтар мен ұлттық саябақтардағы туризмді ұйымдастыруға арналған ұсынымдар көрініс тапқан. Қазіргі уақытта ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қонақ үй менеджменті және туризм пәнінен ағылшын тілінде сабақ береді.

«Біз 1998 жылы Сізге елімізді өркендету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға уәде бердік. Сіздің бастамаларыңыз, атап айтқанда, «Болашақ» бағдарламасы жастарды дамыту мен қолдау тұрғысынан дұрыстығын әрі көрегендікті танытатынын айтқым келеді. Ал біз «Нұрлы жол» экономикалық саясаты мен Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуін көздейтін 2050 Стратегиясын жүзеге асыруға үлес қоса беретін боламыз», - делінген хатта.

Соңында автор Мемлекет басшысына денсаулық және табыс тілей отырып, өзінің еліміздегі туризмді дамыту саласындағы ғылыми зерттеулерін жалғастыратынын атап өткен.
БИЛІК 03 ақпан 2015 г. 1 124 0