Кеше облыс әкімдігінде
денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты кеңес өтті. Осы жылы Қазақстан
Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңі аяқталады.
Аталған бағдарлама аясында аймақта денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін арнайы
«Жол картасы» қабылданған болатын.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы «Жол картасы» бағдарламасы
аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен салаға бөлінген қаражат мөлшері екі есеге
артқан. Мәселен, 2011 жылы облыстық бюджеттен 16 млрд. теңге бөлінсе, 2014 жылы
бөлінген қаржы екі еседен астам ұлғайып,
35 млрд. теңгеге жетті. Жалпы, 2011-2014 жылдар аралығында тек осы салаға
бөлінген қаражат көлемі 94 млрд. теңге болып отыр. Республика өңірлеріндегі
денсаулыққа бөлінген қаражатты жан басына шағып есептегенде, 16 аймақтың ішінде
Қызылорда облысы Астанадан кейінгі екінші орында.
«Жол картасын» іске асыруға қосымша облыстық бюджеттен 4,4 млрд. теңге
бөлініп, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы едәуір жақсарды.
Жөнделген және жаңадан салынған денсаулық сақтау объектілерінің саны 66-ға
жетті. Өткен жылы облыстық бюджет қаражатынан 191 млн. теңгеге 74 көлік алынып,
барлық медицина ұйымдары санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілген болатын.
Ауылдық емдеу ұйымдарының желісін жетілдіру шаралары да іске қосылып, 13
ауылдық аурухана қайта қалпына келтірілді.
Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 1150-ге жуық маман біліктілігін
жетілдіруге арналған курстан өтті. Аталған кешенді шаралардың арқасында екі жыл
ішінде денсаулық сақтау жүйесін бағалаудың негізгі көрсеткіштері анағұрлым
жақсарды. Біріншіден, бала өлімі – 18,7 ден 12,2-ге дейін, яғни 34,7 пайызға
азайған. Екіншіден, туберкулез төңірегіндегі жағдай тұрақталып, бұл дертке
шалдығу 16,7 пайызға, ал өлім-жітім 36,5 пайызға кеміді. Үшіншіден, қан айналым
жүйесінің ауруларына шалдығу 4,2 пайызға, ал өлім-жітім 30,3 пайызға азайған.
БАЛАЛАРҒА
КӨМЕК КӨРСЕТІЛУДЕ
Облыс бойынша
«Гепатит В,С» қосалқы диагнозы нақтыланып қойылған «Жедел лейкоз»,
«Апластикалық анемия» ауруымен 18 жасқа дейінгі 34 науқас бала диспансерлік
есепте тұрады.
Осы балалардың
толық көлемде ем алып, қосалқы тағайындалған дәрі-дәрмектерді сатып алуы үшін
әлеуметтік көмек көрсетуге 2015 жылға облыстық бюджеттен 6151 мың теңге
бөлінді.
Әлеуметтік
көмек жергілікті өкілетті органдардың шешімдерімен бекітілген «Әлеуметтік көмек
көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының
тізбесін айқындау» қағидасына сәйкес науқастың емделу кезеңінде ай сайын 7,6
АЕК (15063 теңге) мөлшерінде төленеді.
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.