ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕӨткен аптаның сенбісінде облыс әкімі Қ.Көшербаев Сырдария ауданына қарасты бірқатар елді мекендерде болып, халықтың әлеуметтік жағдайымен және жақын аралықта ашылуы тиіс бірқатар маңызды нысандардың құрылысымен танысып қайтты.

 Биыл Сырдария ауданындағы іргелі елді мекен Шаған ауылында 900 орындықты мектеп, Нағи Ілиясов ауылында стадион және мешіт пайдалануға беріледі. Ауданға арнайы жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы құрылыс барысымен танысты. 
Өткен жылы 69,2 миллион теңгеге Шаған ауылдық округінің орталық алаңы абаттандырылды. Жаңа орталық су бұрқағы, жарық шамдары, мерекелік шара ұйымдастыруға арналған сахнасы ауыл ажарына сән беріп тұр. Тұрғындар ауылдарының көркейе түскеніне дән риза. Орталықта ауыл тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы тұрғындармен риясыз әңгімелесті.
Бүгінде бұл ауылда 900 орындықты мектеп салынуда. Қазір құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары ғана қалған білім ошағы көктемде пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Ауылда халық саны артып келеді. Қазір 4500-ден астам тұрғын бар. Үш қабатты ескі мектеп тарлық етуде. Жаңа ғимарат балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Балалардың қарым-қабілетін, өнерін шыңдау мақсатында түрлі үйірмелер ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Шаған ауылдық округінің әкімі А.Атахаев. 
Шаған ауылымен көршілес әрі қоңсылас елді мекен Нағи Ілиясов ауылында 400 орындық стадион салынуда. Болашақ чемпиондар енді батыр ауылынан шығатын болады. Жасыл алаңы және заманауи спорттық залы бар кешенде халықаралық, республикалық додаларды өткізуге болады.  Спорттық нысан мемлекеттік және жеке әріптестік негізінде бой көтеруде.  Сыртқы жұмыстары ғана қалған стадион осы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. Жасанды футбол алаңында балалар жыл он екі ай ала доптың қыр-сырын меңгермек. Бұған қоса, спорттың бірнеше түрлерінен секциялар жұмыс жасайтын болады. Бұқаралық спорттың барлық түрі қамтылмақшы.
Туған ауылын түлетіп жүрген Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев табысының қомақты бөлігін көркейтуге жұмсауда. Осыған дейін, ауыл балабақшасын күрделі жөндеуден өткізіп, ел ықыласына бөленген азамат енді  ауылға руханият үйі – мешіт салып беріп жатыр. 300 орынға арналған имандылық үйі жаз шыға жамағатқа толатын болады. Ал ескі мешіт қайта жөндеуден өтіп, оқу орталығына айналмақшы.
 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
БИЛІК / ДӘУЛЕТ 27 қаңтар 2015 г. 1 279 0