«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛДЫҢ 2015-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАСЫ КІРІСПЕ

Бағдарламалық құжаттар – «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» және «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауларында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендік, еркіндік пен демократияға негізделген мемлекет пен қоғам құрылысының маңызды тарихи кезеңінің табысты аяқталғанын атап өтіп, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі одан әрі дамуының стратегиялық бағытын айқындап берді.

«Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Елбасы айтып өткендей: «Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады».

Сыбайлас жемқорлық Қазақстан­ның барлық табыстарына қол жеткізуге мүмкіндік туғызған мемлекетіміздің негізгі құндылығы – Тәуелсіздікке қауіп төндіреді.

Сыбайлас жемқорлық қоғамның мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіреді, елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани өрлеуіне айтарлықтай кедергі келтіре отырып, мемлекеттік биліктің тиімділігін төмендетеді.

Партия көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев­тың «Нұр Отанның» XV съезіндегі «саяси көшбасшылықтың түбегейлі мәселесі – біздің сыбайлас жемқорлықпен ымыраға келмейтін стратегиямыз» деген тұжырымы қоғамның қазіргі үмітіне толық сай келіп отыр.

«Нұр Отан» партиясы елдің келешегі мен азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, қоғам мен мемлекеттің күшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымыраға көнбейтін іс-қимылға, оның пайда болу себептерін жоюға жұмылдырады.

Партияның саяси Доктринасында бекітілген – Адам, Бостандық, Заңның үстемдігі, Әділеттілік, Ынты­мақшылдық, Болашаққа ұмтылыс, Отбасы мен дәстүр сынды әмбебап құндылықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрестің идеялық негізін құрайды.

Бағдарлама қоғам мен мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күш-қуатын жұмылдыруға бағытталған саяси құжат болып табылады. Партия Бағдарламасы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мемлекеттік стратегия­сының идеологиялық негізін қалайды.

 

1.ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙҒА ТАЛДАУ

 

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері сыбайлас жемқорлықпен күрес республикамыздың мемлекеттік саясатының басты басымдығының бірі болып келеді. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде ең алғаш «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (1998 жыл) және «Мемлекеттік қызмет туралы» (1999 жыл) заңдарды қабылдап, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы мемлекеттік орган құрды. Мемлекеттік аппараттың, мемлекеттік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен айқындығы жүйелі түрде артып келеді, бизнеске әкімшілік салмақ салу түбегейлі азайтылды, жемқорлыққа қарсы заңнама жетілдіріліп, қоғамдық бақылаудың аясы кеңеюде.

«Нұр Отан» партиясы өзінің құрылған кезінен бастап қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген жиреніш сезімін табанды түрде қалыптастыра отырып, онымен мақсатты күрес жүргізіп келеді. Партияның Сайлауалды тұғырнамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға арнаулы бөлім бар.

«Нұр Отан» 2008 жылы қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі партиялық бағдарламаны белсенді жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық инфрақұрылымын құрудың, тұлғаларды лауазымына қарамастан жауапқа тартудың, жем­қорлыққа қатысты түйткілді мәселелерді ашық талқылаудың негізгі міндеттері өз шешімін тапты.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес аясында оның өңірлердегі филиал­дарының арқасында барлық деңгейдегі депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тың қатысуымен жемқорлық дерті дендеген салалардың қоғамдық бақылаумен қамтылу өрісі айтарлықтай кеңейе түсті.

Азаматтардың сеніміне ие болған Қоғамдық қабылдаулар кері байланыстың тиімді жолына және тұрғындардың құқықтарын қорғаудың пәрменді құралына айналды.

Партия тапсырысымен жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар бойынша жағымды өзгеріс байқалады. Мысалы, соңғы 4 жылда сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігіне оң баға беретін қазақстандықтардың саны екі есеге жуық өсті (2011 жылы – 24%, 2014 – 45%).

Алайда, қабылданған шараларға қарамастан елдегі жемқорлық деңгейінің жоғарылығы күрделі мәселе күйінде қалып отыр. 2014-2015 жылдарға арналған Бәсекеге қабілеттіліктің Жаһандық Индексінің мәліметіне сәйкес Қазақстанда бизнес жүргізудегі бірінші кезектегі проблема сыбайлас жемқорлық болып табылады (16,7 балл), бейресми төлемдер мен парақорлықтың жайылғандығы жағынан да ахуал нашарлады (2014 жылы – 144 елдің ішінде 80-орында, 2013 жылы – 65-орында). Transparensy International көрсеткіші бойынша сыбайлас жемқорлықты түйсіну жағынан Қазақстан 2013 жылы 177 елдің арасынан 140-орын алды (2012 жылы – 133).

Әлеуметтік сауалнамалардың дерегіне сүйенсек, сұралғандардың 42%-ы сыбайлас жемқорлық кеңінен тараған деп есептейді, ал 33%-ы онымен тікелей ұшырасқан. Сауал салынғандардың үштен бірі үшін лауазымды тұлғаның сондай жағдай туғызуы пара берудегі негізгі себеп болған.

«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы ауқымды міндеттерді және Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу мақсатын жүзеге асыру жағдайында елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігінің сапасын арттыру қажет.

Осыған орай, мемлекеттің ғана емес, қоғамның тарапынан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға байланыс­ты жүйелі және ұзақ мерзімге арналған шаралар қажет. Бұл мақсатты іске асыру үшін партияның 2015-2025 жылдарға арналған Бағдарламасы әзірленді.

 

ІІ. БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

 

Бағдарламаның мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне атымен төзбеушілік ахуалын қалыптастыра отырып, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту.

Аталған мақсатқа жету келесі мәселелердің шешілуін талап етеді:

– жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетті, білім мен тәрбиені қалыптастыру;

– сыбайлас жемқорлықтың пайда болу алғышарттарын азайту;

– мемлекеттік органдар қызметі, квазимемлекеттік сектор мен монополия субъектілеріне партиялық және қоғамдық бақылауды күшейту;

– жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттілігін кеңейту;

– сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру.

 

ІІІ. БАҒДАРЛАМА ҚАҒИДАТТАРЫ

 

Партияның саяси Доктринасында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу – баршаның және әр адамның міндеті. Сыбайлас жемқорлық біздің мемлекеттілігіміз бен демократиямызды жегідей жейді. Сондықтан да, біз сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің және қоғамда оның кез келген көрінісіне ымырасыздық ахуалын қалыптастырудың жүйелік жағдайын жасаймыз» деп белгіленген.

Осыған байланысты, бағдарлама бес іргелі қағидатқа негізделіп құрылған:

Жүйелілік қағидаты. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл тек жекелеген деректерді анықтауға саймауы тиіс. Жекелеген сыбайлас жемқорларды қудалау, соның ішінде «атышулы істер» арқылы олардың ізіне түсу тұрақты нәтижелер бере алмайды. Ендігі жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениет пен тәлім қалыптастыруға, қоғамдық бақылауды күшейтуге және аталған құбылысты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға басты екпін түсетін болады.

Баршаның заң мен сот алдындағы теңдігі қағидаты. Ел Конституциясы баршаның заң мен сот алдындағы теңдігіне кепілдік береді. Бұл заңға баршаның теңдей бағынуынан және оны бұзғаны үшін жауапкершілікті теңдей көтеруінен көрінуі тиіс. Сыбайлас жемқорлық үшін жазалау әлеуметтік, мүліктік және лауазымдық дәрежесіне қарамастан бұлтартпай орындалуы тиіс. Заңды бұлжытпай орындау биліктің барлық деңгейлеріндегі жемқорлықты болғызбаудың кепілі болып табылады.

Айқындық, ашықтық және мемлекеттің қоғамға есептілік қағидаты. Конституция мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға беретін халық деп бекітеді. Әр азамат заң бойынша тыйым салынбаған кез келген жолдар арқылы еркін ақпарат алуға қақылы, ал мемлекеттік органдар оған еркін қолжетімділікті қамтамасыз етіп, ондай ақпараттарды беруге міндетті.

Сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижелілігі мемлекеттің азаматтардың заңды мүддесіне қызмет етуге бағдарлана білуімен тікелей байланысты. Мемлекеттік басқару органдарының жұмысы қоғамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс.

Мемлекет пен қоғамның серіктестігі қағидаты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қоғамның белсене қатысуынсыз, жемқорлыққа қарсы жаппай қозғалыссыз нәтижелі түрде жүзеге аса алмайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты іс-қимыл жауапкершілігі мемлекетке ғана емес, қоғам мен әрбір азаматқа да жүктеледі. Мемлекет пен қоғамның өзара сенімі мен ынтымағы ғана жемқорлыққа ойдағыдай қарсы тұруға жол ашады.

Сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік қалыптастыруда қоғамды жұмылдыру қағидаты. «Нұр Отан» партиясы халықтың басым бөлігінің мүддесін білдіретін елдегі жетекші саяси күш ретінде, жемқорлыққа атымен төзбеушілік ахуалын қалыптастыруда қазақстандық қоғамды біріктіретін басты күш болып табылады.

 

ІV. CЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ

 

4.1. Cыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетті, білім мен тәрбиені қалыптастыру

 

Сыбайлас жемқорлық көрініс­тері­не немқұрайды қарау өткір қоғамдық мәселе болып отыр. Жемқорлық – қоғамдық санада руханилықтан гөрі, материалдық игіліктердің басымдық алғанын көр­се­тетін құндылықтар дағдарысы. Азамат­тардың кейбір бөлігінің ұғымында сыбайлас жемқорлық үйреншікті іске, ал біреулер үшін зәру мәселелерді заңды айналып өтіп шешудің тәсіліне айналды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жұртшылық көп жағдайда жүйесіз, нәтижесі төмен атүсті жұмыс ретінде көреді. Тұрғындардың пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттің міндеті. Осындай көзқарас, қоғамда тамыр жайған сенімсіздік пен таптаурын ұғымдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды айтарлықтай әлсіретеді.

Сонымен бірге, азаматтардың бо­йын­да сыбайлас жемқорлыққа қар­сы тұрарлық мәдениет, сыбайлас жем­қорлықты жуытпайтын тұрақты иммунитет, оны жариялы түрде айыптау болмайынша, қалаған нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әрбір қазақстандық, әр отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүкіл қоғамның, әр азаматтың ісі екендігін түсінуі тиіс.

Сондықтан, бала күннен бастап Отанға деген сүйіспеншілікке, адамдарды және дәстүрлерді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға, көргенділік пен адалдыққа тәрбиелеу керек. Бұл сезімдер біздің халқымыздың қанында ежелден бар.

Осынау құндылықтар өмірлерінде нақты бағдар болатын қазақстандықтар ұрпағын тәрбиелеу қажет.

Сондықтан да, нақ осы тәрбие мен білім үдерісі адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетін қалыптастыруының негізі болып табылады. Бұл жердегі негізгі орын отбасына және білім беру саласына тиесілі. Әрбір ата-ана, әрбір ұстаз балалар үшін лайықты үлгі болуға, нағыз қастерлі қасиеттерді таңдауға көмектесуі тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен тәрбиелеу үлгісі «Заң», «Әділдік», «Теңқұқықтық» сияқты іргелі түсініктердің төңірегінде қалыптасуы тиіс. Жемқорлыққа қарсы тұрарлық тәлім білім берудің барлық деңгейінде қалыптастырылуы қажет.

Осы үлгіні қалыптастыру үшін педагогика, психология, юриспруденция, саясаттану, экономика, мәдениеттану, сондай-ақ, әлеуметтану саласындағы үздік мамандарды тарту қажет.

Тек таза және адал еңбек қана өскелең ұрпақ үшін табыстылықтың, жоғары жетістіктердің, білім мен материалдық игіліктің басты өлшеміне айналуы тиіс.

Өскелең ұрпақ тәрбиесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда түбегейлі маңызды рөл атқарады. Тек ерте жастан бастап мінез-құлықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратындай етіп қалыптау осы әлеуметтік кесапатты жоюға мүмкіндік береді. Сондықтан, жастар ұйымдары сыбайлас жемқорлыққа атымен төзбеушілікті насихаттауда ерекше орын алатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда барлық жастар бірлестіктері мен үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін жұмылдыратын партияның «Жас Отан» жастар қанаты осы істің алдыңғы шебінде жүруі тиіс.

Партия мыналарға қол жеткізуге ниетті:

– отбасында және қоғамда қанағат­шылдықтың (сұраныста ұстамдылық пен қарапайымдылық, басы артық нәрседен бас тарта білетін парасат пен табандылық), жан байлығын дүние-мүліктен жоғары қоюдың дәстүрлі халықтық қасиеттерін дәріптеу;

– халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін түбегейлі арттыру, қоғамдағы құқықтық нигилизмді жою;

– «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өсіп-өркендеуші ел» партиялық идео­логиялық жобасын ілгерiлету;

– Қазақстанның Азаматтық Альянсымен және басқа да қоғамдық бір­лес­тіктермен бірге, сыбайлас жемқор­лық­қа атымен төзбеушілік ахуалын қалыптастыру мен оған қарсы тұру үшін нақты іс-қимыл жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге байланысты азаматтық баста­маларға көмектесу;

– Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және өзін-өзі реттейтін басқа да ұйымдармен бірге, корпоративтік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдау;

– 2016 жылдан бастап білім берудің барлық деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәлім қалыптастыру бойынша тақырыптарды мазмұнның 15%-нан кем емес мөлшерінде «Құқық негіздері» оқу пәнін енгізу;

– 2015 жылдан бастап жыл сайын кешенді әлеуметтік зерттеулер негізінде жоғары оқу орындарының сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша жария рейтингін түзу;

– онлайн-портал құру, жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру арқылы ЖОО жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету;

– адал еңбектің ардақтылығын және еңбеккер әулеттерді жаппай насихаттау;

– сыбайлас жемқорлыққа жирене қарауды, оның ішінде БАҚ-тарда арнайы жобалар жасау есебінен кеңінен насихаттау.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетті және тәлімді қалыптастырудың нәтижесі мынандай болмақ:

– сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекетке төнетін қатер екенін азаматтардың сезінуі;

– жемқорларға деген теріс көзқарас қалыптастыру және жемқорлыққа жақын­дықты аластату;

– пара беруді өз мәселелерін шешудің әдісі деп қарайтын халықтың үлесін түбегейлі азайту;

– халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін 2025 жылға қарай 60%-ға дейін көтеру.

 

4.2. Cыбайлас жемқорлықтың пайда болуының алғышарттарын азайту

 

Бағдарламаның қағидатты маңызды қадамы – басты назарды сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге емес, жемқорлықты туындататын себептер мен жағдайларды жоюға аудару.

Сондықтан партия жүйелі негізде бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға, мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттейтін ұйымдар мен бәсекелі ортаға беруге, мемлекеттік қызметтер көрсетудің автоматтандырылуы мен айқындылығына, оларды көкейкестілендіруге, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор жұмысының тиімділігін арттыруға қол жеткізуге ұмтылатын болады.

 

4.2.1. Бизнеске жасалатын әкімшілік кедергілерді азайту

 

Партия өзінің Парламент Мәжілісіндегі фракциясы арқылы бизнеске жасалатын әкімшілік кедергілерді түбегейлі азайту бойынша заңдар топтамасын қабылдауға күш салатын болады, оның ішінде төмендегілер қарастырылады:

– 2015 жылдан бастап шағын және орта бизнеске жасалатын барлық жоспарлы тексеруді алып тастау, сондай-ақ, жоспардан тыс бақылау қажеттілігін объективті көрсететін кәсіпкерлік саласындағы тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйесін енгізу;

– 2015 жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жою ресімдерін жеңілдету;

– 2016 жылдан бастап хабардар ету тәртібіне және өзін-өзі реттеуге көшіру жолымен берілетін рұқсаттар санын 50%-ға қысқарту;

– мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке араласуын заңнамалық жолмен қысқарту.

Үкіметтік емес ұйымдарды, сараптамалық қауымдастықты іске тарта отырып, партия сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын қарама-қайшылықтарды, олқылықтарды, шарпысуларды аластау бойынша заңнамаға жүйелі негізде талдау жүргізетін болады.

Атқарылған жұмыстың нәтижесі Қазақстанның 2025 жылы «Бейресми төлемдер мен паралар деңгейі» көрсеткіші бойынша Бәсекеге қабілет­тіліктің Жаһандық Индексіндегі және Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» рейтингіндегі жемқорлық деңгейі ең төмен елдердің алғашқы 30-дығына енуі болмақ.

 

4.2.2. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыру

 

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, халықтың билікке сенімі көбіне тұрмыстық жемқорлықтың деңгейімен анықталады. Бұл – азаматтар мен бизнестің мемлекеттік қызметті тұтыну кезінде күнделікті ұшырасып жүрген жағдайы.

Осыған орай, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жүйелі түрде арттыру үшін партия келесі шараларды қабылдауға қол жеткізетін болады:

– 2015 жылдан бастап барлық рұқсаттарды электронды түрде беруді қамтамасыз етуге;

– 2016 жылға қарай әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді 100% электронды пішімге көшіруге;

– 2020 жылы мемлекеттік қызметтің кем дегенде 80%-ын, 2025 жылы 100%-ын электронды түрде көрсетуге;

– 2025 жылы мемлекеттік қызметтердің кем дегенде жартысын «бір терезе» қағидатымен (ХҚО-лар арқылы) көрсетуге;

Қабылданған шаралардың нәтижесі 2025 жылы Қазақстанның «Әдеп және сыбайлас жемқорлық» көрсеткіші бойынша Жаһандық бәсекеге Қабілеттілік Индексі елдерінің алғашқы 30-дығына енуі болады.

4.2.3. Мемлекеттік қызметтің жүйесін, квазимемлекеттік секторды жетілдіру

 

Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда сыбайлас жемқорлықтың профилактикасы мақсатында партия мынандай шаралар қажет деп санайды:

– мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендіру үдерісінде айна-қатесіз ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз ету;

– мінсіз беделге ие партия мүшелерін мем­лекеттік аппараттағы жауапты қыз­мет­терге ұсыну үшін кадрлық резерв жасақтау;

– нәтижелі жұмысы үшін моральдық және материалдық ынталандыру жүйе­сін дамыта отырып, мемлекеттік қыз­мет­­шілердің, бюджет саласы қызмет­керлерінің жалақысын көтеруді қамтамасыз ету;

– Парламенттегі фракция арқылы қабылдануы қамтамасыз етілетін заңдарда мыналарды көздеу:

• «Б» корпусындағы әкімшілік мем­лекеттік лауазымдарды атқаратын басшыларды ротациялауды енгізу;

• конкурстық ресімдерді қолданусыз және бір көзден тәсілімен мемлекеттік сатып алулар кезінде тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер тізбесін қысқарту;

• квазимемлекеттік секторда қар­жыны тиімді жұмсау үшін сатып алу және бақылау үдерістерін реттеу. Бүгінде аталған секторда жыл сайын триллиондаған теңгеге сатып алулар жасалады, ол мемлекеттік сатып алулар көлемінен әлденеше есе артық.

Атқарылған жұмыстың нәтижелері мыналар болады:

– азаматтардың мемлекеттік басқару органдарына әлеуметтік сауалнамалар арқылы бағаланатын сенімін арттыру;

– «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға түзетулер енгізу;

– жаңа редакциядағы «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңды қабылдау;

– 2025 жылы Қазақстанның «Мемлекет қаржысын заңсыз пайдалану» көрсеткіші бойынша Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі елдердің алғашқы 30-дығына кіруі.

 

4.3. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың және монополия субъектілерінің қызметіне партиялық және қоғамдық бақылауды күшейту

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жо­ғарыдан жүргізіліп жатқан шаралар қоғамның қолдауынсыз тек ішінара нәтижелерге ғана жеткізбек. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды бағыты тиімді партиялық және қоғамдық бақылау болып табылады. Бұл үшін партия барлық әлеуетін, бірінші кезекте, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес пен Партиялық бақылау комитетін пайдаланады.

 

4.3.1. Мемлекеттік органдар, квази­мемлекеттік сектор мен монополия субъектілерінің қоғам алдындағы ашықтығын, айқындылығын және есептілігін арттыру

 

Партия мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдында «мемлекеттің қоғамға қызмет етуі» қағидатымен ашықтығын, айқындылығын және есептілігін арттыруға дәйекті түрде қол жеткізуге ұмтылады.

Сондықтан да партия мыналарды қамтамасыз ету қажет деп санайды:

– Парламент және мәслихаттар депу­таттарының – партия мүшелерінің мүм­кіндіктерін пайдаланып, сонымен қа­тар бұл жұмысқа азаматтық қоғам өкіл­дері мен сарапшыларды тарта отырып, бюджеттің және квазимемлекеттік сектордың әр теңгесінің жұмсалуының айқын болуы;

– мемлекеттік органдардың жыл сайынғы стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалық құжаттарды іске асыру шеңберінде жоспарланған көрсеткішіне қол жеткізуі жөніндегі есебінің жариялануы;

– жемқорлық құқық бұзушылықтарға қоғам назарын аударту, сыбайлас жем­қор­лықтың нақты деректерін әшке­релеу бойынша, ең алдымен, партияның өз медиа-ресурстарын пайдалана отырып, бел­сенді түрде журналистік зерттеулер жүргізу;

– мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігіне тұрақты түрде мониторингті жүзеге асыру;

– Парламент Мәжілісіндегі Фракция арқылы келесі бағыттағы заңдарды қабылдау:

• қоғамдық бақылау үдерістерін реттеу, азаматтардың оны жүзеге асыруына кепілдік беру. Заң мемлекеттік органдарға тәуелсіз бақылау жасаудың осы заманғы және тиімді құралдарын енгізеді, сондай-ақ азаматтарды аталған субъектілердің ше­шім қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кеңінен тартуға мүмкіндік береді;

• азаматтардың мемлекеттік орган­дар мен квазимемлекеттік сектор ақпа­ра­тына, сондай-ақ табиғи монополия субъек­тілерінің және реттеуші нарықтағы басымдықтарға, оның ішінде тарифті қалып­тастыру мен инвестициялық бағдар­ла­маларды орындау қызметтеріне қолжетімділігі;

• мемлекеттік қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің міндетті декларация тапсыруын және кірісі мен шығысы туралы ақпараттың еркін қолжетімді орналастырылуын енгізу. Мұндай ашықтықтыққа бірінші кезекте партия мүшелері үлгі болады.

Атқарылған жұмыстың нәтижесі мыналар болады:

– қоғамдық бақылау туралы заң қабылдау;

– ақпаратқа қолжетімділік туралы заң қабылдау;

– жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын жалпыға ортақ декларациялау туралы заң қабылдау;

– 2015 жылы партия мүшесінің этикалық стандартын қабылдау;

– 2025 жылға қарай Қазақстанның «Қабылданатын шешімдердің айқын­ды­лығы» бойынша Жаһандық бәсекеге Қабілеттілік Индексі елдерінің алғашқы 30-дығына енуі.

 

4.3.2. Құқық қорғау және сот органдары қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету

 

Азаматтардың биліктің мемлекеттік институттарына деген сеніміне ықпал ететін өзекті фактор құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің жұмысы болып табылады. «Нұр Отан» партиясы осы құрылымдар жұмысының барынша мөлдірлігін, оның ішінде:

– сот залдарын 2020 жылға қарай аудио, бейнежазба жүйелерімен толық жарақтандыру;

– үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, барлық сот процесіне қатысушылар мен кәсіби заңгерлердің арасында өткізілетін, алынған нәтижелердің жариялылығын және 2016 жылға қарай соттар мен судьялар рейтингін жасауды қарастыратын мерзімдік әлеуметтік зерттеулермен барлық соттарды пара-пар қамту;

– 2015 жылдан бастап азаматтық қоғам институттарының, оның ішінде құқық қорғау органдарының қоғамдық кеңестері өкілдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта өткізілетін іс-шараларға міндетті түрде қатысуы қажет деп есептейді.

Атқарылған жұмыстың нәтижесі мыналар болады:

– азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі 2020 жылға қарай 60%-ға өседі;

– құқық қорғау органдары ұсынатын мемлекеттік қызмет көрсету сапасының халықты қанағаттандыруының өсуі 2020 жылға қарай 70%-ға дейін жетеді;

– мемлекеттік қызметшінің Ар-ож­дан кодексіне ұқсас құқық қорғау органы қызметкерінің Ар-ождан кодек­сін мемлекеттік қызмет істері және жем­қорлыққа қарсы іс-әрекет жөнін­дегі уәкілетті органның оның құқық бұзу­шылығы туралы істі қарауымен қабылдау.

 

4.4. Жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттіктерін кеңейту

 

Азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысу мүмкіндігі жемқорлықпен табысты күрес­тің маңызды көрінісі болып табылады.

«Нұр Отан» партиясы жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттіктерін кеңейтуде, өз елді мекенін дамытуда жергілікті қоғамдастықтың мүдделілігі мен жауапкершілігін қолдайды.

Азаматтар жергілікті инфрақұры­лымды көркейту, дамыту, тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету сапасын арттыру, қоғамдық тәртіпті күшейту мәселелерінен шет қалмауы тиіс.

Тұрғындардың мониторингке және өзін-өзі басқарудағы бюджеттік бағдарламалар бойынша жұмсалатын қаржыны ғана емес, нақты бір мекеннің проблемаларын шешуге бағытталған бүтіндей барлық бюджеттік шығындардың пайдалануын бақылауға қатысуына мүмкіндік беру қажет.

Осыған байланысты партия мыналардың заңнамамен бекітілуіне қол жеткізетін болады:

– 2020 жылға дейін ауылдық деңгейде, ал 2025 жылға дейін – аудандық маңызы бар қалалардың және қалалардағы аудандардың деңгейінде бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылау және мониторингі жөніндегі азаматтардың құқықтары;

– жергілікті қоғамдастықтың ауыл әкімін мерзімінен бұрын орнынан алу ресімдеріне бастама көтеру жөніндегі өкілеттіктері;

– 2020 жылға дейін меншікті кіріс көздерін қалыптастыруда жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттіктерін кеңейту;

– жергілікті өзін-өзі басқару органдары жұмысының айқындығы мен ашықтығы.

Атқарылған жұмыстың нәтижесі жергілікті өзін-өзі басқару өкілет­тіктерін кеңейтуді қарастыратын заңды қабылдау болады.

 

4.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру

 

Ұсынылған шараларды іске асыру сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамасының барлығын айтарлықтай жетілдіруді талап етеді.

Осыған байланысты партия Парламент Мәжілісіндегі фракция арқылы мыналарға қол жеткізетін болады:

– сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған жаңа заңды қабылдау, осы заңда оның алдын алу басымдыққа ие болады. 1998 жылғы Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» қолданыстағы Заңы көп жағдайда уақыт ағымындағы өзгерістерге сай келмейді, тұжырымдамасы жағынан ескірген және партияның осы заманғы бағдарламалық мақсаттарына сай емес. Жаңа заң сыбайлас жемқорлықтың барлық деңгейінде онымен тиімді күрес жүргізуді арттыруға, жемқорлықтың пайда болуы мен тамырын жаюына мүмкіндік туғызатын жағдайды азайтуға, сондай-ақ қоғамда жемқорлыққа атымен төзбеушілікті қалыптастыруға;

– Қазақстанның беделді халықаралық ұйымдарға кіруіне және жемқорлыққа қарсы іс-әрекет саласындағы көпшілікке танылған халықаралық конвенцияларға қосылуына мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңыз­ды профилактикалық шарасы нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуелсіз ғылыми сараптама жүргізу болып табылады. Мұның бәрі Қазақстан заңдарының халықаралық стандарттарға сай келуіне, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы ең озық әлемдік тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді, жалпы алғанда, біздің еліміздің инвестициялық тартымдылығын арт­тыруға ықпал етеді.

Атқарылған жұмыстың нәтижесі мыналар болады:

– «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылдау;

– Сыбайлас жемқорлық үшін қыл­мыстық жауапкершілік туралы және Сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы конвенцияларға қосылу;

– Сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша елдер тобына (GRECO) кіру.

 

V. ПАРТИЯ ОРГАНДАРЫНЫҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ АТҚАРАТЫН МІНДЕТТЕРІ

 

Көптеген қазақстандықтардың зор сеніміне ие болған «Нұр Отан» партиясы қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күреске жұмылдыруға міндетті.

Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін «Нұр Отан», бастауыш партия ұйымдарының, өңірлік филиалдардың, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің, медиа-ресурстардың, талдау орталықтарының, Партиялық бақылау комитетінің, қоғам­дық кеңестердің, партия тәлімгерлерінің, мәслихат депутаттарының, Парламент Мәжілісіндегі фракцияның жұмысын қоса алғанда, барлық ресурстарын іске қосады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениет пен мінез-құлық қалыптастыруға барлық бастауыш партия ұйымдары тартылады. Бастауыш ұйымдар жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлық қатерін, оған қарсы іс-қимыл тәсілдерін түсіндіру бойынша тікелей іс-шаралар өткізіп, білім беру мекемелерімен белсенді жұмыс жүргізетін болады. Партия жанынан құрылған мәдениетті дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» Қоғамдық кеңесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетті қалыптастыруда, тәрбиелеуде және білім беруде маңызды орын тиеді. Партиялық менеджмент мектебінің негізінде білім беру мекемелерінің дәріскерлері үшін тренингтер ұйымдастырылады.

Ғылыми-сараптамалық жұмысты ұйым­дастыру, әлеуметтік өлшеулерді жүргізу партияның Қоғамдық саясат инс­титутына жүктелген.

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері тұрғындардың сыбайлас жем­қор­лықты түйсінуі мен билікке деген сенімі мониторингінің маңызды пар­тиялық құралы болып табылады. 2013 жыл мен 2014 жылдың алты айының ішінде оларға миллионнан аса азамат хабарласты. Өтініштерге жүргізілген талдау сыбайлас жемқорлық пен азаматтардың құқықтарын бұзудың алғышарттарын анық­тауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс сапасын арттырудың тиімді құралы «Электронды партия» болып табылады. Ол халықпен кері байланыс­ты нығайтады, азаматтардың, оның ішінде сыбайлас жемқорлықпен байланысты арыздары мен шағымдарын жедел, электрон­ды пішімде қарастыруға мүмкіндік береді.

Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» Фракциясы мен мәслихат депутаттары – партия мүшелері бюджет қаржысын жұмсау мен атқарушы органдардың мемлекеттік бағдарламаны іске асыруына қоғамдық және партиялық бақылауды ұйымдастырады.

Қоғамдық бақылаудың елеулі құралы – жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес пен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік, аумақтық қоғамдық кеңестер.

Партиялық бақылау комитетінің Жарғы мен партия тәртібін бұзғандардан партия қатарын тазарту жұмысы белсенді жүргізілуде. 2014 жылғы бірінші жартыжылдық ішінде ғана партиядан шамамен 25 мың мүше, оның ішінен 200 адам сыбайлас жемқорлық белгілері бойынша шығарылды. Партия тексерулері тәуекелдер жүйесі негізінде жүргізіледі.

Тәуелсіз журналистік тексерулер жүргізу арқылы партиялық және қоғамдық бақылауды күшейту Нұр-Медиа холдингінің басты міндеттерінің біріне айналады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру партия жанындағы Құқықтық кеңес арқылы ұсыныстарды дайындау жолымен жүргізілетін болады.

Мәжілістегі фракция қажетті заң­дар­ды қабылдау арқылы заң шығару үдері­сіндегі партияның идеологиясын іл­герілетеді.

 

VІ.БАҒДАРЛАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУ ТЕТІКТЕРІ МЕН МОНИТОРИНГІ

 

Бағдарлама екі кезең бойынша жүзеге асырылатын болады:

1. Бірінші кезең: 2015 – 2020 жылдар;

2. Екінші кезең: 2021 – 2025 жылдар.

Әр кезеңді іске асыру тиімділігі үшін бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған, шаралар кешені мен нақты индикаторлары бар Жол картасы әзірленеді. Жол картасын партияның Саяси кеңесінің Бюросы бекітеді.

Жол картасының әр кезеңі үшін жыл сайынғы қадамдық іс-шаралар жоспары жасалады.

Партия азаматтық қоғам институттарымен және сарапшылармен бірге жыл сайын бағдарламаны іске асыру мониторингін, сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін түйсінуін және онымен күрестегі қабылданған шаралардың тиімділігін көрсететін әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеулер жүргізетін болады.

Бағдарлама мониторингінің нәти­жесі бойынша партия Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалу барысы жайында партия Төрағасына жыл сайынғы баяндаманы дайындайды.

Баяндамада елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейін түйсіну қарқыны туралы ақпарат болады, бағдарламада жоспарланған іс-шаралардың іске асуы мен ұсынылған индикаторларға қол жеткізуге объективті баға беріледі.

Баяндаманы дайындау аясында партия қоғамның сыбайлас жемқорлықты түйсінудің жыл сайынғы Ұлттық индексін қалыптастыру үшін қажетті әдістемелік арқауды әзірлейді.

Баяндаманың мазмұны мен сыбайлас жемқорлықты түйсінудің Ұлттық индексі жыл сайын БАҚ-тарда жарияланатын болады.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Партия Доктринасында «Нұр Отанның» билік жүргізуші саяси күш ретіндегі ел келешегі мен азаматтардың лайықты өміріне қол жеткізудегі тарихи жауапкершілігі жария етілген.

Партияның миссиясын іске асыруға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі іс-қимыл оның саяси көшбасшылығын таныта

БИЛІК 22 қараша 2014 г. 2 518 0