« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әлемдік экономика осыдан бірнеше жыл бұрын мықтап сүрінген еді. Жаһандық қаржы экономикалық дағдарыс созылмалы сырқатқа душар болды. Әлемдегі жағдай күрделі, геосаяси дағдарыспен жетекші мемлекеттердің санкциялық саясаты әлемдік экономиканың онсыз да тұйыққа тірелген жағдайын біршама құлдыратып жіберді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа дәстүрлі Жолдауын жария етті. Ол әлемдегі жағдайға сауатты талдау жасады. Алдағы жылдардың басты бағыттарын, негізгі міндеттерін айқындады. Ол Қазақстанның "Нұрлы жол” жаңа экономикалық саясаты болып табылады. Президент Жолдауы бізге белгісіз себептермен орын алып отырған сыртқы нарықтағы жағдайдың әсерін мейлінше азайтуға бағытталып отыр. Елбасы экономикалық саясатта бекемді, сенімді ұстанымда болды. Осыған дейін шикізат экспортынан түскен табыстар ұлттық қорға жинақталған еді. Енді, міне, Елбасының сол кезде айтқанындай, қысылғанда бұл ақшаны оңтайлы мақсатқа жұмсаудың сәті келді.
Әрине, бұның барынша елеп-екшеуден өткен сындарлы бағдарлама екенінде еш күмән жоқ. Себебі қаржы дағдарысы жағдайында ақшаны ең керек деген жеріне үнемді жұмсау барынша маңызды болып табылады. Көліктік логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту, энергетикалық инфрақұрылымдарды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерін жаңғырту, тұрғын үй құрылысын жандандыру – міне, осы өзекті мәселе Қазақстанның алдағы бес жыл ішінде атқаратын ауқымды жұмыстарының бірі болып табылады. Жолдауда атап көрсетілгендей, осының барлығы елдің басым бағыты ретінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуды көздейді. Кезінде Елбасының өзі атап көрсеткеніндей, Қазақстанның мемлекеттік моделі әлеуметтік бағдарланған нарықтық қатынастардың әлемде теңдесі жоқ тамаша үлгісі болып табылады.
Өткен ХХ ғасыр саяси қақтығыстарға, әлемді билеуге ұмтылған екі қарама-қайшы жүйенің бітіспейтін күресіне толы болды. Әлем жұртшылығы адамзат баласына өлшеусіз қайғы-қасірет әкелген екі дүниежүзілік соғысты бастан өткерді. Ғасыр басындағы революциялық төңкеріске әкеліп соқтырған қазан төңкерісі, одан кейін тап күресінің шиеленісуінен болған бірнеше миллиондаған адамдардың өмірін қиған трагедиялық оқиғаларды аға ұрпақ өкілдері әлі жадынан шығара қойған жоқ.
ХХІ ғасырдың басы әлемдік ауқымдағы соғыс қасіретінен айналып өткенімен, бүгінгі қауіп-қатерлердің мазмұны мен сипаты басқа бағытта өрбиді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың соңында халыққа арнаған Жолдауында егжей-тегжейлі талдап көрсеткен болатын. Қазақстан Президенті өз Жолдауында ХХІ ғасырдың сын-қатерлері ретінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі, судың тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы туралы мәселелерді қамтыған болатын.
Планетадағы халық санының өсуі және осыған орай тағамға, сонымен бірге табиғи ресурстарды тұтынуға деген қажеттіліктің өсуі жаһандық проблемалардың туындауына әкеп соғады. Қазір жер шарында су ресурстарының тапшылығы қатты сезіледі. Соңғы 60 жылдың ішінде жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есеге өскен. Yстіміздегі ғасырдың ортасына қарай суды көптеген елдер сырттан тасымалдайтын болады. Бұл мәселені кезінде Елбасы қауіп-қатерлердің ішінде айрықша атап көрсеткен болатын.
Қазір су барынша шектеулі қор болып саналады. Бұл, айналып келгенде, геосаясаттың аса маңызды факторларының бірі. Ол көп ұзамай планетадағы текетірес пен кикілжіңнің жаңа ошағына айналып кетуі де ықтимал. Өмірлік бай тәжірибе, ұдайы ізденістің жемісі болар, Елбасы табиғи ресурстардың осынау маңызды қорын тиімді пайдалану жөнінде әрдайым айтып келеді. Сол себептен суды тиімді пайдалану, оның ысырабына жол бермеу «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға байланысты қабылданған іс-шаралар шеңберінде де жүзеге асырылатынын айрықша атап өткіміз келеді.
Елбасының айрықша атап жүргеніндей, шектеулі табиғи ресурстарды үнемді пайдаланудың қатарында энергия көздерінің айтылуы тегін емес. Сарапшылардың пікірінше, 2050 жылға дейін энергетика саласында революциялық серпілістер бола қоймайды. Әлем біртіндеп мұнай мен газды импорттаудан эволюциялық жол арқылы арыла бастайды. Осының өзі қазіргі әлемде қалыптасқан үйреншікті тәртіптің мазмұнына өзгеріс әкелуі әбден мүмкін. Егер қазірден бастап мұнай экспорттаушы елдер өзінің перспективалары туралы мықтап ойланбаса, олар алдағы уақытта қолайсыз жағдайларға тап болады. Сарапшылар осы елдердің қатарында Сауд Арабиясын, Ресейді, АҚШ-ты, Иранды, Қытайды, Канаданы, Біріккен Араб Әмірлігін, Мексиканы, Кувейтті, Иракты, Бразилияны, Нигерияны, Венесуэланы, Еуропа Одағын, Норвегияны, Алжирді, Анголаны, Қазақстанды, Катарды, Ұлыбританияны, Әзірбайжанды атайды.
Сонымен бірге сарапшылар бұрынғы Кеңес одағының мемлекеттері қатарында Қазақстанның энергетикалық мүмкіндіктерінің әлеуеті зор екенін атап көрсетеді. Дегенмен, Президент балама қуат көздеріне үміт артып, «Қазақстан-2050» стратегиясында атом энергиясын дамытудың, сонымен бірге энергияның жаңғыртылатын көздерін өркендету міндетін алға қойып отыр.
Елбасы бүгінгі әлем әлі толық арыла қоймаған қаржылық дағдарыстың басты сипатын халықаралық қаржы жүйелерінің жетілмегендігінен болып отырғанын бірнеше мәрте атап көрсеткен болатын. Бүгінгі таңда Қазақстан дағдарыстан шығудың қиын сүрлеуін игере отырып, Мемлекет басшысының дәйекті саясатының арқасында дамудың сара жолына түсті. Бұл ең алдымен рыноктық қатынастарды қолдан басқару үлгісімен ұштастырудың нәтижесінде мүмкін болды. Еліміз бұрынғы жүйеден қалған әкімшілік басқару жүйесінен толықтай арылды.
Айтпақшы, сол дағдарыстың алғашқы кезеңінде Елбасы 2008 жылдың өзінде-ақ «Российская газетада» «Дағдарыстан шығудың кілті» атты мақаласын жариялады. Қалыптасқан жағдайға талдау жасады. Сөйтіп, өзінің әрдайым уақытпен бірге үндесіп отыратын прагматикалық көзқарасын білдірді.
Қазір өндіру мен тұтыну көлемі арасындағы алшақтық, қаржы айналымына бақылаудың бетімен жіберілуі «Әлемнің әміршісі – еңбек» дейтін өміршең ұлы қағидаға құлай берілетіндердің өзін күмәнді ойдың жетегімен алып барады. Бұл бәзбіреулерді бас ауыртып, балтырын сыздатпай-ақ ақша табуға итермелейді.
Елбасы сол жылдары әлемде орын алып отырған күрделі ахуалды сарапқа сала отырып, барлығына жан-жақты талдау жасады. Осы жолы Мемлекет басшысы өзінің дәйекті тұжырымдарға бекем екенін тағы да дәлелдеді. Сайып келгенде, бұл елдің мүддесі үшін мүмкін болатын келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған нақты міндеттер болып табылады. Дәйектілік дегеннен шығады, Елбасы 2011 жылғы Жолдауында еңбек өнімділігі, оны көтеру жолдары туралы нақты міндеттер жүктеген болатын. Сайып келгенде, еңбек өнімділігі кешегі посткеңестік жүйеде болған мемлекеттердің барлығына тән күрделі мәселе. Кеңестік жүйеден қалған масылдық психология, құрал-жабдықтардың ескіруі, тағысын-тағылар – еңбек өнімділігін тежейтін негізгі факторлардың бірі болып келді.
Мақала жарияланғаннан кейін Мемлекет басшысы елді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселесіне арналған кеңес өткізді. Елбасы экономикадағы өсім жағдайын айта келе, өз мақаласында атап көрсетілген Қазақстанды жаңғыртудың 20 қадамына қатысты ойларын тағы да сабақтады.
Мемлекет басшысы жуырда Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақырылымы үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде еліміздің «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру кезеңіне аяқ басқанын атап көрсетті. Бұл Стратегияның алға қойған негізгі мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру. Осы орайда Президент әлеуметтік проблемалар көптеген дамыған елдерде шиеленісіп кеткенін, жұмыссыздықтың өсуі, халықтың табысының төмендеуі, әлеуметтік дамудың үйлесімсіздігі мен кереғарлығы – әлемнің көптеген елдеріндегі нақты жағдайлардан көрініс беріп отырғанын мәлімдеді. Ал, Қазақстандағы ахуал олардың көпшілігінде болып жатқан жайттарға қарағанда артықшылығымен ерекшеленеді.
Президент бүгінгі таңда «ЭКСПО-2017» аясында өтетін шараларға айрықша мән беруде. Бұл туралы кешегі жолдауда нақты міндеттер шеңбері айқындалды. Энергия жинақтаудың жаңа мәдениетін, экономика тәрізді күнделікті өмірде де жаппай қалыптастыру мақсатында Президент Жарлығымен «Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама бойынша Қазақстан 2020 жылға дейін энергия үнемдеуді жыл сайын 2,5 пайыз, ал 2020 жылдан кейін 3,5 пайыз көлемінде қамтамасыз етуі қажет. Бұл отандық кәсіпорындардың энерготиімділігінің қажетті деңгейіне жетуіне мүмкіндік беріп, «жасыл экономика» аясындағы міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді.
Соңғы 15 жылдың ішінде Қазақстан экономикасы 1997 жылғы 1,7 трлн. теңгеден 2011 жылы 28 трлн. теңгеге дейін өсті. Сөйтіп, еліміздің ішкі жалпы өнімі 16 есеге артты. 1999 жылдан бастап ішкі жалпы өнімнің өсімі жыл сайын 7,6 пайызға өсіп, ол алдыңғы қатарлы дамыған елдердің көрсеткішінен асып түсті. Сонымен қатар жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 7 есе өсті. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде тікелей тартылған шетел инвестицияларының жан басына шаққандағы көлемі бойынша көшбасшы болды. Біз сыртқы тауар айналымының 12 есе, өнеркәсіп өнімінің 20 есе өсімін қамтамасыз еттік. Қазір елімізде серпінді индустриалдық даму бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда.
Қазақстанда қолжетімді және сапалы білім беру бағытындағы реформалар дәйекті жүргізілуде. «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде балғындардың 65,4 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етуге жол ашылды. 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы қабылданған болатын. Нәтижесінде 8 мыңнан астам талантты жас осы бағдарлама бойынша әлемнің үздік университеттерінде білім алды. Астанада халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу университеті құрылды.
Президенттің пікірінше, қазір әртүрлі халықтар мен елдердің даму мүмкіндіктеріне жағдай жасау бүгінгі дағдарыстардан арылудың негізгі бағыты болып саналады. Сонымен бірге жаппай қырып-жоятын қаруларды ауыздықтау әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты тетігі.
2013 жылы «Дағдарыстан кейінгі әлем» атты халықаралық зерттеу қоры өзінің жүргізген жұмыс нәтижелеріне сүйене отырып әлем елдерінің бүгінгі жағдайына, ондағы қалыптасқан ахуалды жақсартуға жеке лидерлердің қосатын үлесіне қатысты пікірін білдіреді.
Бұл қор Мәскеу қаласында 2009 жылы құрылған болатын. Аталған қор сол уақыттан бері дағдарыс шылауына оранған әлем экономикасының проблемаларына жан-жақты талдау жүргізіп келеді. Сонымен бірге ол дағдарыстың алдағы уақытта қандай сипатқа ие болатынын, жаһандағы елдердің жағдайына оның қаншалықты әсер ететінін баян етеді.
Қордың зерттеу жұмыстарына мұнан да маңызды әлемдік проблемалар өзек болып отыр. Атап айтқанда, 2050 жылы ғаламдық деңгейдегі басты проблема не болады? Бүгінгі әлем кезігіп отырған өзекті проблемалардың шешімі қандай? Әлбетте, бұл сауалдардың жауабы күрделі, ол жан-жақты зерттеуді, әрбір жағдаятты барынша сүзгіден өткізуді талап етеді.
Таңғаларлығы сол, осы қордың зерттеу жұмыстарының нәтижелері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылдың соңында жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған қағидалармен үйлесім тауып отыр.
Сарапшылардың үштен екіге жуығы жаһанның тап бүгінгі жағдайына «ықпал ету аумағын қайта бөліске салу», «дендей түскен дағдарыс» немесе «дүниені дүрліктірген дүрбелең» деген атаулармен анықтама береді. Сауалға қатысушылардың үштен бірі әлемнің қазіргі ахуалын ықпал ету аумағын қайта бөліске салу сипатында атап көрсетеді. Бұл жерде олар ең алдымен жаһанның экономикалық орталығы Батыстан Азияға қарай ойысып бара жатқанын, осыған сәйкес дамушы елдердің ықпалы арта бастайтынын атап көрсетеді.
Бүгінгі әлемді жаңаша сипатта дамытуға жеке тұлғалардың қосатын үлесі қандай? Соңғы отыз жылға жуық уақыт ішінде әлемнің әртүрлі елдері мен аймақтарында дәйекті саясат жүргізген саяси тұлғалар өркениетті жолмен дамуға өз үлестерін қосатыны қазірдің өзінде айқындалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тұлғалар қатарында Германияның қазіргі Премьер-министрі Ангела Меркель, Қытайдың бұрынғы басшысы Ху Цзиньтао, Ресей президенті Владимир Путин, кеше ғана дүниеден өткен Венесуэла президенті Уго Чавес және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімдері аталады.
Жаңа Жолдауда атап көрсетілген экономикалық саясат шетелдік белгілі саясаткерлер тарапынан да пікірлер туғызуда. Еуропадағы белгілі саясаткер А.Квасьневский күні кеше ғана "Қазақстан әлемдегі көптеген адамдар үшін енді терра инкогнита (белгісіз жер) болып табылмайтын ел, керісінше, аймақтық және жаһандық деңгейдегі маңызды ірі ойыншы болып саналады. Қазақстанның белсенді ұстанымы мен атсалысуы нәтижесінде біз қауіпсіздіктің көкейтесті мәселелерін, оның ішінде Украинадағы жағдайға байланысты Ресей мен Батыс арасындағы күрделі қатынастарды шеше аламыз деп үміт артамыз” деді.
Әлемдік қауымдастық ХХІ ғасырдың басында осындай проблемаларға тап болды. Бұл, сөз жоқ, Елбасының әлемдегі әрбір тосын құбылыстарды бағамдап, байыптап, дұрыс шешім қабылдай білетін көрегендік қадамдарының жемісі екенін атап өтпеске болмайды. Бүгінгі Қазақстан кеңестік дәуірден кейінгі кезеңдегі еуразиялық интеграцияның басты қатысушысы болып табылады. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері үшін жаңа серпінді дамудың басты локомотивіне айналады. Бұл Президенттің жаңа уақыт туғызған бастамалардың көшбасшысы ретіндегі прагматикалық, дәуір тынысын дөп басқан ізгілікті шешімдерінің нәтижесі болып табылады.
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |