СУ ҚОРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Кеше Елбасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішевті қабылдады.

И.Әбішев Мемлекет басшысына су шаруашылығын дамытудың негізгі мәселелері мен республиканың су қорын тиімді пайдалану және қорғау жұмыстары жөнінде баяндады.

Қазақстан Президенті елімізде сумен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті екенін атап өтті.

– Елімізде жалпы су тапшылығы мәселесі бар. Жаңа бөгеттер құрылысын салу қажеттілігін анықтап, жерасты суларын пайдалану, жайылымдарды суландыру жөнінде зерттеулер жүргізу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде су шаруашылығын дамыту үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.

– Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөнінде ауқымды шаралар қабылдануда. Мемлекеттен бөлінген қомақты қаражаттың арқасында Аралдың солтүстік бөлігі Арал қаласына жақындады. Осының бәрі жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға оң ықпалын тигізді, балық аулауға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Қызылорда облысының су ресурстарына деген зәрулігін өтеу үшін Көксарай су қоймасы салынды. Ол өңірді жылдағы су басу қаупінен құтқарды. Мақтаарал ауданындағы гидромелиорация жұмыстарына да едәуір қаражат жұмсалды, - деді Қазақстан Президенті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы пайдаланылмаған суармалы жерлерді айналымға енгізу, көрші елдермен трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану тұрғысынан өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне де айрықша назар аударды.

И.Әбішев сумен қамтамасыз ету мәселелерінің біртіндеп шешілуін ауыл тұрғындары оң бағалап отырғанын айтты. Ол сондай-ақ қазіргі кезде Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, елдің барлық су көздерін түгендеу жүріп жатқанын атап өтті.

Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 

 

Үкімет

 

ЕЛ ҮКІМЕТІ ЭЫҰ МЕМЛЕКЕТТЕРІМЕН ӘРІПТЕСТІККЕ ДАЙЫН

 

Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлімдеді.

Жалпы отырыста депутат Гүлмира Исімбаева елімізде қабылданып жатқан шараларға қарамастан Дүниежүзілік банктің жариялаған дәстүрлі мәліметтері бойынша Қазақстанның бизнесті жүргізу деңгейі төмендегенін атап өтті. «Мәліметтер бойынша біздің еліміз 189 мемлекеттің арасында 77-орын алып отыр. Былтыр елуінші орында тұрған едік. Бұл қалай?» - деп сұрады депутат Г.Исімбаева.

Өз кезегінде Премьер Кәрім Мәсімов Елбасы Үкімет алдына өте ауқымды міндеттер жүктегенін, бизнесті жүргізу бойынша Қазақстанда айтарлықтай шаралар атқарыла беретінін атап өтті. «Осыған байланысты біздің Үкімет ішінде арнайы комиссия құрылып, оны Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев басқаратын болды. Біз ай сайын, кейде одан да жиірек Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, позициямызды жақсарту үшін не істеу керектігін ақылдасып отырамыз», - деді К. Мәсімов.

Үкімет басшысының айтуынша, алда қабылданатын шаралар еліміздің бизнесті жүргізу позициясын жақсартуға өз септігін тигізбек. Ең алдымен Елбасы тапсырмасы қадағалауда болады. Бұл, біріншіден, контрциклді бюджеттік саясатты жүзеге асыру. Ал талқыланып жатқан үшжылдық бюджет контрциклді бюджет сая­сатын жүзеге асыруға бағытталады. Әлемде экономикалық ахуал күрделі болған жағдайда, Үкімет экономикалық белсенділікті ынталандыра түсуі керек.

Екіншіден, экономикада құрылымдық өзгерістер жасау. «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, біз дамыған 30 елдің қатарына енуіміз керек. Бұл елдер негізінен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін мемлекеттерден тұрады. Осыған орай, аталған Ұйым арасында елдік келісімге қол қоюға үміттіміз. Қазақстан Үкіметі құрылымдық реформаларды жүзеге асыру нәтижесінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымының елдерімен ынтымақтастықты арттыру үшін барлық жағдай жасайды. Бұл әлемнің көптеген елдерінде экономикалық даму күрделі жағдайда тұрған қазіргі уақытта аса маңызды, - деді К.Мәсімов.
БИЛІК 20 қараша 2014 г. 1 442 0