ЖАҢА ӘСКЕРИ ҚАЛАШЫҚ

Елбасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жаңа үлгідегі әскери қалашығының ашылуына қатысты.

Қалашықты ашу барысында Мемлекет басшысы Ұлттық ұланның жедел бригадасының жеке құрамына айбын мен даңқтың символы – Жауынгерлік туды тапсырды.

Елбасы офицерлер мен әскери қызметшілер үшін бүгін ерекше күн екенін, өйткені елордада ТМД-да баламасы жоқ әскери қалашық салынғанын айтты.

– Мұнда әскери қызметшілердің отбасымен тұруына, қызмет атқаруына, әскери дайындығын шыңдауға барлық жағдай жасалған. Осының бәрі мемлекеттің қамқорлығын көрсетеді. Сіздердің міндеттеріңіз – елдегі татулық пен тыныштықты сақтау, Қазақстан азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, қылмыспен күрес жүргізу. Республиканың Қарулы Күштерінің бір бөлігі болғандықтан, сіздер сондай-ақ тәуелсіз елді қорғауға, шекарасының бүтіндігін қамтамасыз етуге дайын болуға тиіссіздер. Мемлекеттің қамқорлығына сіздер лайықты ерен еңбекпен және жоғары машықпен жауап беретіндеріңізге сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әскери қызметшілер мен офицерлерді әскери қалашықтың ашылуымен тағы да құттықтап, оларға табыс пен мықты денсаулық тіледі.

Сонымен қатар, әскери қалашықты аралап көру барысында Мемлекет басшысына айрықша айырым белгісі – «Бедерлі берет» және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының төсбелгісі тапсырылды.
БИЛІК 15 қараша 2014 г. 1 332 0