ЕҢБЕК – ӘЛЕМНІҢ ӘМІРШІСІ

ЕҢБЕК – ӘЛЕМНІҢ ӘМІРШІСІЕлбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылғы қарашадағы Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек Күні болып бекітілді. 
Оның негізгі мақсаты Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы» идеясы шеңберінде өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау, жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту және еңбек адамын құрметтеу болып табылады. Аталған мереке биыл аймағымызда алғаш рет кең көлемде мерекеленуде.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп көнекөздеріміз айтып өткендей, еңкейіп тірлік істегенді Жер-ана да құрқол қалдырмаған. Бар несібесін жерден терген бабаларымыз ата кәсіптің қыр-сырын меңгеруге талпынған. Табиғат тамыршысындай ауа райы құбылысын дөп басып танып,  жұмыс ыңғайын да соған бағыттап отыратын бабалар қасиеті күні бүгінге дейін өз мәнін жоймай келеді. Өйткені, әлемнің әміршісі – еңбек. «Еңбек қылмай ер оңбас, бірлік қылмай ел оңбас» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Сыр елінің тарихында аға буын өкілдері қазақы рухты жоғалтпай, халықты еңбекке біркісідей жұмылдыра білген. Ауызбіршіліктің, тынымсыз еңбектің арқасында аймақтан 102 Социалистік Еңбек ері шыққан. Олардың есімдері облыс тарихында алтын әріптермен жазулы. Олардың өмірі мен еңбек жолдары жас ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге.
Шиелі ауданының өзінен қырықтан астам Еңбек ері шықса, Н. Ілиясов ауылының өзінде үш еңбек батыры бар. Сондай-ақ, Қармақшы ауданы да еңбек  батырларымен мақтана алады. Атап айтқанда, дала академигі атанған Ыбырай Жақаев, ер азаматтармен бірдей иық тірестіре еңбек етіп, мемлекет байлығын еселеп өсірген Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Жадыра Таспанбетова, Закира Ержанова секілді ақ жаулықты аналарымыз ел мақтанышы. ХХІ ғасыр, озық технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатсақ та осы еңбеккерлеріміздің ел үшін, келешек ұрпақ үшін еткен еңбектері өз мәнін жоймақ емес. Еңбек ерлерінің сол ерліктері бүгінгі жеткіншектер үшін аңызға айналғандай. Десек те, жоғарыда есімдері аталған еңбек ерлерінің ізін жалғаушы ұрпақтың шығуы шын мәнінде үлкен қуаныш.
Яғни, дала төсін дүбірлеткен Ыбырай атамыз бастаған еңбек ерлерінің заңды жалғасы Абзал Ералиевтей Еңбек ері бүкіл тәуелсіз Қазақстанның төл мақтанышы. «Азығымен жер мүсінді, еңбегімен ер мүсінді» деген бабалар сөзі осы Абзал Жұмашұлына арнап айтылғандай. Туған ауылын түлетіп, оның көркеюі, әлеуетінің артуы жолында аянбай еңбек еткен азаматтың ісі кім-кімді де сүйсінтеді.
Өңірімізде отбасылық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, жоғары кәсіби мамандар әзірлеуге үлкен үлкен үлес қосып отырған еңбек әулеттері қаншама?! Жуырда ғана өткен еңбек сабақтастығы форумына осындай 12 отбасы қатысты.  Олардың бірі дәрігерлер әулеті болса, енді бірі ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Сонымен бірге мұғалімдер, теміржолшылар отбасылары бар. Салтанатты шарада облыс әкімі бұл отбасыларына алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Міне, еңбек адамды ер атандырады деген осы.
Тәуелсіз еліміздің даму жолы – бүгін әлем таныған қуатты, сапалы тұрмысты, саяси-әлеуметтік тұрақтылығы берік мемлекеттің жолы.  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: – Қазақстан қазіргі заманғы мемлекет, Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуы тиіс,– деп атап айтқан болатын. Ал, басты мақсат – 2050 жыл қарсаңында жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру.  Ендеше, еңбек күні мерекесі – Елбасымыз айқындап берген осынау ұлы мақсатқа қол жеткізу жолдарының алтын арқауы, қозғаушы күші болмақ. Бұл – жалпыға ортақ мереке. Таңның атысы, күннің батысы тырбанып еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосатын  қарапайым еңбек адамы қандай құрметке де лайық.
 
Айнұр БАТТАЛОВА.
БИЛІК 27 қыркүйек 2014 г. 5 707 0