МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ҚАРЖЫ БӨЛУ АРТАДЫ

Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингінде Елбасы тапсырмаларының орындалуы туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице министрі Мүслім Өмірияев журналистерді салада атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Үстіміздегі жылдың 11 қазанында өткен кеңейтілген Үкімет отырысында Мемлекет басшысы министрліктің тұрақтандыру қоры, ет экспорты бағыты бойынша атқарып жатқан жұмыстарын сынға алған болатын. Президент саладағы шикізатты қайта өңдеуші кәсіпорындардың өндірістік қуаттын арттыру бойынша да нақты тапсырма жүктеген еді. 
Осыған байланысты журналистерге берген сұхбатында вице-министр тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде кейбір өңірлерде Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енбеген өнімдер сатып алынғанын жеткізді.  
Дегенмен де тұрақтандыру қорлары қызметін талдау қорытындысы біршама оң нәтиже көрсетіп отыр. Аймақтардың басым бөлігінде  бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендегені байқалды.
Сондықтан да қазір азық-түлік өнімдерінің тұрақтандыру қорларын қалыптастыру мен пайдалану тәртібін жетілдіру жоспарлануда.
Отандық ет өнімінің көлемін ұлғайту және өзіндік құнын төмендету мақсатында қазіргі уақытта ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы жүзеге асуда. Бағдарлама бордақылау алаңдарын қажетті бордақылау контингентімен қамтамасыз ету үшін тауарлық табынды қалыптастыруды көздейді. Былтырдан бастап жүзеге асырыла бастаған бағдарлама алғашқы нәтижелері жаман емес. 
2012 жылдан бастап селекциялық және тұқымдық жұмыстарды жүргізуге аналық мал басын субсидиялау механизмі енгізілді. Бұл ішкі нарықта бұрын сойысқа кеткен  ірі қараның аналығына деген сұраныстың өсуіне алып келіп, нарықта етке өткізілуі тиісті мал басының тапшылығы байқалды. Десекте, көрсетілген уақытта фермерлік шаруашылықтарда ІҚМ аналық мал басы 25%-ға ұлғайтылды. 
Бұдан басқа, «Агробизнес-2020» бағдарламасында қаржының қолжетімділігін арттыру, жаңа техника мен жабдықтарды сатып алуға инвестициялық субсидиялар беру, займдарды кепілдендіру жолдарымен өнімнің өзіндік құнын азайту шаралары көзделген. 
Мұнымен, мал шаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 2014 жылдан бастап 35% -ға көбейтілмек.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын қолдау және өндірістік қуаттылықтың жүктелуін арттыру үшін «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында саланы техникалық және технологиялық жарақтандыру, қаржылық ресурстардың қолжетімділігін арттыру, аграрлық бизнесті жүргізуге жағдай жасауға бағытталған шаралар кешені көзделген.
Қайта өңдеу саласын дамыту аясында арнайы жоспар әзірленді. Оның мақсаты қайта өңдеу кәсіпорындарын модернизациялау мен қайта құру, сүт пен ет дайындау орындарын құру. Мұның нәтижесінде қайта өңдеу кәсіпорындардың  қуаттылығын жүктеуге, тиісінше,  азық-түлік өнімдерінің өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.  
Сонымен қатар, қайта өңдеуші кәсіпорындардың шикізат сатып алуға кеткен шығындарының бір бөлігін бюджет есебінен өтеудің жобасы қолға алынды.. Бұл шара қант қызылшасы мен сүт өнімдерін өңдеу бағытын қамтиды. Осы мақсатқа 52,5 млрд.теңге көзделіп отыр.
Жалпы 2020 жылға дейін саланы дамытуға 140 млрд.теңге бөлу көзделіп отыр.  Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі қайта өңдеу саласын дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс шаралар кешенін әзірлеп, Үкіметтін қарауына енгізді.

БИЛІК 01 қараша 2013 г. 1 583 0