Тұрақты бақылау - көп түйіннің шешімі

Бүгін  облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен аппарат мәжілісі  өткізілді. Маңызды жиында өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Алдымен, аймақ басшысы бірқатар кадрлық өзгерістің орын алғанын айтып,  жаңадан тағайындалған орынбасарлары – Серік Жүсіпұлы Сүлейменов пен Серік Әбжәліұлы Ахметті таныстырды. 

Мұнан соң ауыл шаруа­шылығы, жер қатынастары, индустриалды-инновациялық даму, кәсіпкерлік және ту­ризм­­ді дамыту салаларына жа­­уапты облыс әкімінің орын­­басары Бахыт Жаханов Мем­лекет басшысының жұ­мыс­сыз жастарға арналған «Жұ­мыспен қамтудың жол кар­тасы» бағдарламасы жайлы тарқатып айтты. Аталған бағдарлама 2020-2021 жылдар аралығында жүзеге аспақ. Оның әсіресе жұмыссыз жас­тарға берері көп. Мемлекет оларға тиісті жалақы төлей оты­рып, су тасқынына қарсы іс-қимылдарға, көктемгі егін­ге, құрылысқа және басқа да жұмыстарға тартуды жос­пар­лап отыр. Біздің облыста бұл шараларға 37 млрд теңге қа­ралды. Қомақты қаржының кө­мегімен 276 жоба іске асып, со­ның негізінде 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашы­лады деп күтілуде. Бұ­дан бөлек, тұрғын үй, мектеп, ауылдық клубтар мен спорт­­тық алаң секілді ондаған нысанның құрылысына қар­қын беріледі. Сонымен қатар екі елді мекенді газдандыру ісіне, көпір құрылысы, тозығы жет­кен жолдарды жөндеу жұ­мыс­­тарына да назар аударылады. 

Жиында аймақтағы қауіпті індетпен күресте нақты қан­дай шаралар қолға алын­ға­ны жөнінде облыстық жұ­­мылдыру дайындығы бас­­­қар­масының басшысы Қайрат­бек Сәрсенбаев баяндады. Қайратбек Әубәкірұлы қазір облыстық жедел штаб­тың жұмысы жүйелі жолға қойылғанын, қажетті сала мамандарының барлығы тартылып, тиісті құралдардың алын­ғанын айтты. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде тәулігіне 24 сағат 400-100 байланыс нөмірінде «Call Centre» жұмыс істейтінін, бүгінгі күнге дейін тұрғындар оған 800-ге жуық сұрақпен хабар­ласқанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, басқарма басшы­сы залалсыздандыру жұ­мыс­тарына баса мән беріліп жатқанын алға тартты. Дегенмен, Шиелі ауда­нында осы істі тиісті дең­гейде ұйымдастыру керек, се­бе­­бі ау­данда соңғы уақытта жұқ­­палы індет көптеп тір­келуде. 

Жалпы, өңірде сани­тария­лық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты бірқатар шектеу шаралары енгізілген. Тек талапқа бас ию керек. Қа­жетті жұмыстар қолға алынып жатыр. Мәселен, облыстық жұмылдыру дайындығы бас­­қар­­масымен 40 мыңға жуық бетперде, 250 литр анти­септикалық құрал мен 100 келі деохлор алынған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаржысы есебінен 1500 литр антисептик пен 350-ге жуық төсек жабдықтары да сатып алынды. Тосқауыл бекеттері де қатаң тәртіптегі жұмысты жалғастыруда. Алайда, жауапты мамандар осы бекеттерде тепловизордың жетіс­пеушілігі барын жасырмайды. Ал, оған қол жеткізу үшін жергілікті қазынадан тиісті қаржы бөлінуі тиіс. 

Отырыста қала және аудан әкімдері селекторлық байланыс арқылы қосылып, ахуалмен бөлісті. Жиын соңында аймақ басшысы жауапты сала басшыларына жұмысты одан әрі күшейтуді тапсырып, сын сағатта ахуалдың тұрақ­тылығын сақтауды жүктеді.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

БИЛІК 06 сәуір 2020 г. 713 0