Облыс әкімі Қ.Ысқақов облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Кездесуде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары туралы айтып, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен мен тұрғын үй құрылысы бағытындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жыл қорытындысымен, жалпы экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік 8 облыстың қатарында.
Аймақ басшысын Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде 2019 жылы облыс экономикасына 400 млрд.теңгеден астам инвестиция салынғандығын айтты. Бұл 2018 жылға қарағанда 17,4 пайызға артық. Қызылорда облысы инвестициялар өсімінің қарқыны бойынша жоғары өсу динамикасы бар үздік 4 өңірдің қатарында. 2019 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге ие болды. Атап айтқанда, 25 әлеуметтік нысанның құрылысы, оның 12-сінің құрылысы өткен жылы аяқталса, қалған 13-і биыл іске асады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі Қ.Ысқақов Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп беру барысында мұнай өндірудегі шығын салдарын жою мақсатында шикізаттық емес секторды әсіресе экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға баса назар аударудамыз деп айтты.
" Осы жылдың көктемінде ас тұзын өңдеу және йодтау зауытын іске қосамыз. 2020 жылы жылына 4 мың тонна балық өңдейтін цехты, қуаты 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын, ірі қара мал өсіретін кешенді аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, түйе сүтінен құрғақ сүт шығаратын өндірісі мен шыны пластикалық желілік және жоғары қысымдағы сорғы-компрессорлық трубалар өндірістерінің құрылысы басталмақ. Шетелді қоса алғанда, өнімге сұраныстың өсуін ескере отырып, Арал қаласында ас тұзын шығаратын қуаты 120 мың тонна үшінші испан цехының және де еліміздегі алғашқы калцийлендірілген сода шығаратын зауыт министрліктің рұқсатымен құрылысы басталады" ,- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов
Өңірде агроөнеркәсіптік кешен өнімі әлемнің 19 еліне жіберілуде. Ал, экспортталатын өнім тізбесі соңғы жылдары 3-тен 19 түрге дейін көбейген. 2019 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт көлемі 7% өскен. Өңделген өнім үлесі экспорттың 90-нан аса пайызын құрауда.
Өткен жылы облыста 760 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру әлі де жалғасуда. Бүгінгі күні 2234 пәтерлі 48 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 18 үй (784 пәтер)жеке инвесторлар есебінен пайдалануға берілді.
Аймақ басшысы тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны көп екенін айтты. Қазіргі таңда, Қызылорда облысы бойынша тұрғын үйге мұқтаж 30118 азамат (Қызылорда қаласы бойынша – 25395 азамат) тұрғын үй алу кезектілігіне тіркелген. Сондықтан осы мәселені шешу бағытында қарқынды жұмысты жалғастырылатынын айтты.
Кездесу барысында өңір басшысы "Байқоңыр" еркін экономикалық аймағын құру, "Қорқыт Ата" әуежайында халықаралық талаптарға сай жолаушылар терминалын салу, 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік Әлеуметтік жол картасы мәселелеріне де тоқталды.
Қоғамдық кеңес мүшелері де ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Аймақ басшысының атқарып жатқан жұмыстарына оң бағаларын беріп, өңірдің дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге атсалысатындықтарын білдірді.