Президент тапсырмасы орындала бастады

Көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаев Астанада өткен ОКҚ баспасөз мәслихатында жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында қабылданып жатқан шаралармен таныстырды. Атап өту керек, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде жол қауіпсіздігі мен Қазақстанның  автокөлік жолының сапасын қатаң сынға алғаны белгілі.   Мереке Пішембаевтың айтуынша, ең алдымен, қозғалысы қарқынды автожол учаскелері қолға алынған. 2020 жылға дейін шамамен 4 мыңдай шақырым тас жолды 1-ші техникалық санатқа, республикалық маңыздағы 7,2 мың шақырым тас жолды - 2-ші техникалық санатқа ауыстыру жоспарлануда. Осыған орай, «Астана-Щучинск» учаскесін мысалға келтіруге болады: бұл жол учаскесі 6 және 4 жолақты жол санатына ауыстырылғаннан кейін жолдардағы апат оқиғалары үш есеге, ал кісі өлімі –22 есеге қысқарып отыр. М.Пішембаевтың айтуынша, қазіргі таңда ведомство апатты оқиғалар кезіндегі арнайы қызметті шұғыл шақыру жүйесін енгізу жұмысын жүргізіп жатыр. 

БИЛІК 30 қазан 2013 г. 1 407 0